16 желтоқсан – Тәуелсіздік жолында құрбан болғандарды еске алу, тағзым ету күні қарсаңында Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жерлестерімізді қабылдап, құрылғанына көп болмаған облыстық желтоқсаншылар ұйымын мазалаған сұрақтары жайында сұрап білді. Кездесуге алаңға барып, кейін қудалауға ұшыраған көтеріліс қатысушылары мен куәгерлері қатысты.
Еркін сипатта ұйымдастырылған жиында қала әкімі осы кезге дейін еліміздің жеткен жетістігі жайында сөз қозғап, Алматы алаңына шығып, Кеңес үкіметінің озбырлық саясатына қарсылық білдірген жастардың ерлік ісі ұрпаққа үлгі екенін ерекше атап өтті.
– Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдымызға ел болғанға дейін қазақ халқы талай тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерді. Ұлттық санамыз қалыптасып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен шақта Кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан Желтоқсан көтерілісінің батырлары мәңгі есімізде қалады. Бүгінде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ерлігімен ел аузында қалған жандардың арасында біздің де біраз жерлесіміз бар. Өз елінде, жүріп, теперіш көрген халық атынан сөз сөйлеп, теңдікті талап еткен желтоқсаншылар еліміздің еңсесін тіктеп, аяққа тұруына да өз үлесін қосты. 86-ның қысында мұз жастанып, толарсақтан саз кешкен жастар бүгінде ел ағасы жасына жетті. Көбі түрлі салада қызмет атқарып, өңіріміздің экономикасы мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосты. Сондықтан көтеріліс қатысушыларының ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болып қала береді, – деді Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов.
Одан кейін көтеріліс қатысушысы, белгілі ғалым Мұрат Сабыр сөз алып, 1986 жылы Алматыда болған қырғын кеңес үкіметінің іргесін шайқап, халықтар түрмесіне айналған империяның күйреуіне алып келгенін айтты. Сонымен қатар Мұрат Бөкенбайұлы Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының ұлттық санасының пісіп жетілгенінің көрінісі екенін де ерекше атап өтті.
– Әлі күнге дейін Алматыда болған жағдайға саяси баға берілген жоқ. Сол кезде алаңға шығып, өзінің азаматтық позициясын білдірген жастардың кейбірі ақталмады. Тіпті құжаттарын таба алмай жүргендер де бар. Облыста құрылған желтоқсаншылар ұйымы өздерімен бірге болған достарын ақтап, кейбірінің құжатын реттеуге жәрдемдескісі келеді, – деді көтеріліс қатысушысы Күнзила Мақсотова.
Теңдік сұраған жастарды жаншып басып, артынан қудалауға ұшыратқан көтеріліс 1986 жылы біте қоймағанын, оқу мен жұмыстан шығарылғаны былай тұрсын, кей азаматтар мен азаматшалардың ата-аналары мен тума-туыстары да тергеуге іліккені кездесу барысында сөз болды. Сонымен қатар желтоқсаншылар мәртебесі бекітіліп, аздаған болса да, жеңілдік қарастырылса деген ұсыныс айтылды.
Жиын соңында тәуелсіздіктің бастауында болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қатысушыларына ризашылығын білдірген шаһар басшысы Миржан Сатқанов әр ұсыныс қолдау табатынын айтты.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz