– Әліби Науханұлы, мерейлі 55 жасыңыз құтты болсын! Ауылдан түлеп ұшқан ғалым, білдей ғылыми-білім кешенінің басшысы бала кезде ғылым жолына түсуді мұрат тұтты ма екен?
– Рақмет. Қасиетті Тайпақ жерінде туып, ер жеттім, қызықты, бақытты балалық шағым ерке Жайықтың жағасында өтті. 1982 жылы Базартөбе ауылындағы орта мектепті аяқтап, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім. Оқып жүріп, екі жыл Отан алдындағы борышымды өтедім. Тайпақ өңірі небір даналар мен даралардың мекені ғой, мүмкін, соның әсері болар, ғылымды қаладым. Ғалым болып қалыптасуым отбасымнан басталып, мектеп қабырғасындағы білікті де білімді ұстаздарымның ақыл-кеңесімен шыңдалып, жоғары оқу орнында өз жалғасын тапты. Алғашқы пәндік сынақтар, кейіннен студенттердің республикалық пәндік олимпиадалардағы жеңістер мені аспиратураға алып келді. Өзімізді санамағанда, Санкт-Петербург мемлекеттік аграрлық университетінің, К. Тимирязов атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының диссертациялық кеңестерінің алдынан өтуге тура келді. Ал талпыныс, үздіксіз ғылыми ізденістер кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғауға мүмкіндік берді. Ғылым табандылықты, төзімділікті, үлкен еңбекті талап етеді.
– Халқымызда «Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі» деп тегін айтылмаса керек. Өткен ғасырдың 90-жылдары еліміздің тұңғыш Президенті Тайпақ жұртшылығымен алғашқы кездесуде аудан ақсақалдары атынан елге сыйлы, қадірлі Наухан аға бата бергенін тайпақтықтар әлі күнге жыр қылып айтады. Әкеңізден алған тәлім-тәрбие хақында айта кетсеңіз?
– Адалдық, еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділік қасиеттерін әкемнен үйрендім. Әкем жарынан, біз анамыздан ерте қалдық.
Отбасындағы балапандардың қанаттануына әжем мен әкемнің тәрбиесі ерен болды. Атам Баяқ Тайпақ ауданындағы Құрайлысай елді мекенінде 8-ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі елдегі қиыншылықтарға қарамастан, мүмкіндігінше халықтың жағдайын жасап, көптің батасын алған адам. Әріптесім, марқұм Қайыр Бектұрғанов ағамыздың бір әңгімесінде атамыздың адамдардың аштықтан қатты қиналған сәттерінде ірі қара малды ауруға шығарып, етін көпшілікке таратқандығын, осының нәтижесінде ауылдастарының бала-шағаларын ашаршылықтан аман алып қалғандығын зор ризашылықпен айтқан еді... Ал ол заманда бір уыс бидай адамның тағдырын шешетін еді. Әкем жасынан ерте есейді, ұстаздық жолды қалады, білім саласында және партия жүйесінде табысты еңбек етті. Оны жерлестері «Тайпақтың Левитаны» деп мақтан тұтатын. «Тарихты тұлғалар жасайды» демекші, 1992 жылы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Татарстан Республикасының Президенті Минтимер Шаймиев, Башқұртстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы Мұртаза Рахимов, еліміздің Премьер-министрі Сергей Терещенко және облыс әкімі Нәжімеден Есқалиев қатысқан Тайпақ еліндегі алғашқы кездесуде аудан ақсақалдары атынан бата беруді әкеме тапсырады. Ол ата дәстүрмен мәртебелі меймандарға батаны былай деп берген: «Бір кездері Нұралы хан Сырым бабамызға «Батыр, сәлемдеспейсің, тасып жүрсің-ау» дегенде, Сырым батыр: «Жоқ, ханым, тасып жүрген жоқпын, мына қара қазақтың басын қоса алмай сасып жүрмін» деген екен. Қымбатты Нұреке, қандас туыстар! Қазіргідей мынау қилы кезеңде егеменді елдерді басқарып келесіздер.
Кезеңнің қиын екендігін білеміз,
Қиын болса да өздеріңізге сенеміз!
Ел бастаған бағыттарыңыз оң болсын,
Денсаулықтарыңыз зор болсын,
Алдарыңыз әрқашанда айдын даңғыл жол болсын,
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан халықтарыңыз болсын,
Әлем таныған абыройлы даңқтарыңыз болсын!
Әрқашан да бейбітшілік, тыныштық заман болсын,
Өздеріңдей ел бастаған азаматтар аман болсын!
Аршынды болсын табыстарың,
Алмастай болсын намыстарың!
Адалдық болсын, қандас бауырлар, жолдасың,
Ата-баба аруақтары сіздерді әрқашан да қолдасын! Әумин!»
Ол кезде әкем небәрі 60 жаста болатын. Әкем ұрпағының, жерлестерінің есінде білімді ұстаз, ақыл мен парасат иесі, кең жүректі адам ретінде қалды. Бала кезден әкеме еліктеп өстім.
– Әліби Науханұлы, сіз басшылыққа келгелі «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде қандай өзгерістер болды?
– «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені өңірдегі алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі және өңірдің индустриялық-инновациялық дамуына, өндіріске жаңа технологиялар мен жобаларды енгізуге қабілетті мамандар даярлау бағытында ел игілігіне жұмыс жасайды. Әріптестеріммен бірлесе отырып, 2018 жылы университеттің институционалдық аккредитация мен аттестациядан сәтті өтуі жолында тер төге еңбектендік.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының Инженерлік ғылым академиясының академигі Ақсерік Әйтімовтің басшылығымен «Батыс Қазақстан облысындағы жел қуатын пайдалану барысындағы мәселелер мен жаңғыртылатын қуат көздері» атты ғылыми жоба «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде көпшіліктің көңілінен шықты. Кейін бұл жұмыс әлемнің ғалым инженерлері конгресінде өз жалғасын тапты. 2018 жылы ғылыми жұмысымыз 21 мемлекеттен 700 инновациялық жоба қатысқан XXI Мәскеу халықаралық өнертапқыштар мен инновациялық технологиялар «Архимед – 2018» көрмесінде бас жүлдеге ие болып, үш алтын және екі күміс медальдармен марапатталды. Әрине, бұл – профессор-оқытушы құрамы мен студенттердің ғылыми ізденістеріне берілген жоғары баға. 2019-2020 оқу жылында «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің жанынан талапқа сай жабдықталған орта білім беретін IT мектебі ашылып, 132 оқушы қабылданды. БҚО әкімдігімен арадағы меморандумға сәйкес өңірімізде алғаш рет REACT бағдарламалау мектебі ашылды. Көпшілікке қолжетімді болу үшін бағдарлама IOS және Android жүйелеріне жүктелді. Қазіргі таңда 70 тыңдаушыға онлайн форматта белді сала мамандары дәріс беруде. Болашақта түлектерге Ресей, Беларусь, Сингапур, Оңтүстік Корея ақпараттық нарығына шығуға мүмкіндік беріледі. Былтыр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының рейтингі бойынша Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйелер университеті білім, ғылым жүйесіндегі және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісінде еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өз жетістіктерімен 13-орынға ие болды.
Өткен жылы «Инженерлік ғылым, жастар және ғарыш – Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық байланыстардың инновациялық дамуының негізгі факторы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Нобель сыйлығына үміткер академик Сухейль Фарах, Ресей инженерлік ғылым академиясы төрағасының орынбасары, академик В. Никулин, Ресей ғылым академиясының вице-президенті, академик Ю. Бурматнов, Ресей ғарышкерлер федерациясы президентінің кеңесшісі П. Гудим және басқаларының қатысуы ғылыми ортаға үлкен серпіліс әкелді. Биылғы ресейлік ғылыми мекемелердің халықаралық байланыстардың даму деңгейі бойынша бағалау көрсеткіштеріне сәйкес білім ордасы Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасынан үшінші орын алды.
– Қазіргі коронавирус пандемиясы қоғамдағы ІТ мамандарын даярлайтын университеттің түлектеріне сұранысты күшейткендей ме? Жалпы, «ҚазИИТУ» түлектерінің еңбек нарығынан өз орындарын табуы қиынға түспей ме?
– Өткен жылы тәуелсіз бағалау жүргізген ұлттық кәсіпкерлер палатасының қорытындысына сәйкес, түлектердің орташа жұмысқа орналасу көрсеткіштері университет бойынша 70%-дан жоғары, ал «Аутоматтандыру және басқару» – 78, «Ақпараттық жүйе» 90%-ды құрады.
– Бүгінде елімізде ғылымға жалпы ішкі өнімнің 0,13 пайызы шамасында қаржы бөлінеді, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 1-3 пайыз шамасында. Жастарға, олардың ғылымға деген құлшынысына көңіліңіз тола ма?
– Мамырдың 27-сінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезекті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жаңа ахуал білім мен ғылым жүйесін түбегейлі реформалаудың қажеттілігін айта келе, 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өсетінін айтты. Сонымен бірге жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдардан өтуін қамтамасыз ету жүктелінді. Ал біз ондай өзгерістерге әлі дайын емеспіз. Егемендікті алғаннан бері қаншама жаңа технологияны алуға, шет мемлекеттерден мамандар даярлауға қаражат бөлінді. Осы мүмкіндіктерді біз дұрыс пайдалана алдық па? Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды даярлығы жоғары, талантты жастарымызға жеткізуіміз керек. Жастарымызды ғылымға тарту, даярлау және іріктеу жұмыстарын мектеп қабырғасынан бастаған жөн деп санаймын. Өткен жылдың 5 сәуірінде «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің демеушілігімен жалпы қоры 1 000 000 теңге тұратын «STARTUP KAZIITU2019» инновациялық жобалар сайысы оқушылар мен студенттер арасында ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары Ұлттық инженерлік ғылым академиясының жастар қанатына қабылданды. Оларға ғылыми-әдістемелік тұрғыдан көмек көрсету мақсатында «Виртуалды білім беру», ситуациялық-талдау, коворкинг, роботтық техника, нейроинтерфейс технология орталықтары және салалық ғылыми-зерттеу зертханалары жұмыс жасауда. Бір ескеретін жайт, нарық жағдайындағы зерттеулердің нәтижелері, ғалымдардың болашағы, ғылыми жаңалықтың экономикалық тиімділігімен, қаржылай көрсеткіштермен немесе қоғамдағы маңызымен анықталады. Талантты ғалымдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында есепті мерзім ішінде 37 пәтерлік жас ғалымдар кампусы қолданысқа берілді.
– Әліби Науханұлы, шалғайдағы бір ауылда сізге еліктеп ғалым болғысы келетін қарадомалақ балаға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Армансыз адам болмайды, сондықтан мақсаттар қойып, қиялға берілмей, өз-өзін жетілдіріп, ой және дене еңбегімен айналысқан жөн. Кітап – ең жақын ақылшы, досқа айналуы қажет. Біз жаңа инновациялық технологиялар мен ақпараттандыру ғасырында өмір сүрудеміз. Барлық жетістікті ақылға салып, қажетті дәрежеде тиімді пайдалануымыз керек.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов айтқандай, «Білімді болу үшін – оқу, бай болу үшін – кәсіп, мықты болу үшін – бірлік керек», оған қоса баршамызға денсаулық керек дер едім. Әр ұрпақтың заманына сай өзіндік қиындықтары болатындығын тарих көрсетіп отыр. Себебі бүгінгі қалыптасқан ахуал, әлемді шарпыған жұқпалы дерт адамзат баласының өміріне үлкен өзгерістер әкелуде. Барымызды бағалайтын уақыт жетті. Бізде барлық мүмкіндік бар. Тек бірлесіп, қоғам игілігіне адал қызмет ету арқылы қиындықтарды жеңеміз деп ойлаймын.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz