Елімізде алимент төлемей жүрген борышкерлердің қарызы бүгінде 7 млрд теңгеге жеткен. Құқық қорғау органдары 1 618 борышкерді іздестіруде. Олардың бір бөлігі жұмыссыз болғанымен, кейбірі табысын жасырып, төлем жасаудан жалтарып отыр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі алимент өндіру жолдары, борышкерге қолданылатын шаралар мен алимент көлемі жайлы тоқталып өтпек.
Сурет: shutterstock.com
Алимент төлемеудің негізгі зардабын ең алдымен балалар тартады. Бұл мәселені шешу үшін Әділет министрлігі мен прокуратура алимент өндіру ісіне ерекше көңіл бөліп жатыр. Мәселен, прокурорлық шаралардың нәтижесінде 1 472 балаға 121,8 млн теңге алимент өндірілген.
Борышкерлерге қандай жаза қарастырылған?
Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Эльнура Кішкенебаеваның айтуынша, алимент төлемегендерге бірқатар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Егер борышкер үш айдан аса уақыт алимент төлемесе, оның шоттары бұғатталады, елден шығуына тыйым салынады, жүргізуші куәлігінен айырылады және нотариаттық іс-әрекеттер жасау мүмкіндігі шектеледі. Егер барлық шараларға қарамастан алимент төлеуден жалтаруды жалғастырса, ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Жаза ретінде 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе түрмеге қамау қарастырылған,– дейді заңгер.
Алимент мөлшері қалай есептеледі?
Заң бойынша ай сайын төленетін алимент мөлшері мынадай:
* 1 балаға – табыстың 1/4 бөлігі (25%)
* 2 балаға – табыстың 1/3 бөлігі (33%)
* 3 және одан көп балаға – табыстың 1/2 бөлігі (50%)
Бұл сандар стандартты болғанымен, сот тараптардың материалдық жағдайын ескеріп, бұл мөлшерді өзгертуі мүмкін. Егер алимент төлеуші ауыр науқас болса немесе мүгедектігі бар баласы болса, төлем мөлшері азайтылуы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда қосымша шығындар есептеліп, алимент көлемі ұлғайтылуы мүмкін, – дейді адвокат.
Алиментті қалай өндіруге болады?
Алимент өндіру үшін алдымен сотқа талап арыз беру керек. Егер сот бұйрығы шыққаннан кейін борышкер төлем жасамаса, сот орындаушылары қаржы шоттарын бұғаттап, оның мүлкіне тыйым сала алады. Кейбір борышкерлер өз табысын жасырып, ресми түрде ең төменгі жалақы алатынын көрсетеді. Мұндай жағдайда арызданушы сот орындаушысына борышкердің басқа табысы бар екенін дәлелдеуі қажет. Зейнетақы аударымдары арқылы оның нақты табысын анықтауға болады, – дейді заңгер.
Ата-ана құқығынан айырылу алимент төлеу міндетінен босатпайды
Кейбір азаматтар заңды айналып өтуге тырысып, алимент төлемеудің жолдарын іздейді. Алайда, заңгердің айтуынша, алименттен жалтарудың ешқандай заңды әдісі жоқ.
Алимент төлеу – ата-ананың міндеті. Тіпті, ата-аналық құқығынан айырылған адам да алимент төлеуге міндетті. Себебі ата-аналық құқық – бұл балаға тәрбие беруге мүмкіндік беретін құқық, ал алимент төлеу – міндет. Егер сот шешімі шыққаннан кейін үш жыл ішінде борышкер төлем жасамаса, қарызды өндіріп алу мүмкін емес. Сондықтан алимент алу үшін уақыт жоғалтпай, сотқа ертерек жүгінген жөн,– дейді адвокат.
Алимент төлемеу үшін табысын жасырғандарға қандай шаралар қолданылады?
Кейбір борышкерлер табысын әдейі жасырып, ең төменгі жалақыны көрсетеді.
Мұндай жағдайда арызданушы сот орындаушысына зейнетақы аударымдарын тексеруді талап ете алады. Егер қосымша табыс анықталса, алимент мөлшерін көбейтуге болады. Егер борышкер сот шешімін орындамаса, оның мүлкіне тыйым салынып, іс прокуратураға жіберіледі. Сот орындаушылары барлық шараларды жасап, алимент өндірілгенге дейін борышкердің қаржылық мүмкіндіктерін шектейді. Алимент жалақы берілгеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде аударылуы тиіс. Егер борышкер 3 айдан астам төлем жасамаса, сот орындаушы мүлкіне тыйым салып, қылмыстық іс қозғауға өтініш бере алады,- деді адвокат.
Алимент бойынша сот шешімі қалай орындалады?
Сот шешімін орындау үшін борышкердің жұмыс орнынан алиментті ұстап қалу міндеттеледі. Ол үшін үш құжаттың бірі жеткілікті:
1. Нотариалды расталған келісім;
2. Сот бұйрығы;
3. Атқару парағы.
Алименттен қашқандарға қолданылатын шаралар
Егер борышкер алимент төлеуден жалтарса, оған бірқатар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған:
* Банктік шоттары бұғатталады;
* Қазақстаннан шығуға тыйым салынады;
* Жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылады;
* Нотариаттық әрекеттер жасау мүмкіндігі шектеледі.
Алимент жалақы берілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде аударылуы керек. Бұл процесті сот орындаушылары бақылауда ұстайды. Егер борышкер төлем жасамаса, сот орындаушысы мүлкін тәркілеу немесе қылмыстық іс қозғау бойынша шаралар қабылдайды,– дейді Эльнура Кішкенебаева.
Егер борышкер үш айдан астам уақыт алимент төлемесе, ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес:
* 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту,
* екі жылға дейін бас бостандығын шектеу,
* екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған.
Алимент мәселесі – еліміздегі өзекті тақырыптардың бірі. Қарыз көлемі жылдан жылға өсіп, төлемнен жалтарушылар саны азаймай тұр. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін борышкерлерге қатысты жазаны күшейтіп, қатаң шараларды қолға алып отыр. Дегенмен, заңгерлердің айтуынша, алимент өндіру процесінде азаматтардың құқықтық сауаттылығы да маңызды рөл атқарады. Егер борышкер өз міндетін орындамаса, арызданушы заң шеңберінде барлық мүмкіндікті пайдаланып, өз құқығын қорғауы қажет.