"Доха қаласында өтіп жатқан Қатар экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Power International Holding төрағасы Мутаз әл Хайятпен кездесті. Тараптар медицина, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады", - деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
Power International Holding – Таяу Шығыстағы ірі конгломераттардың бірі. Оның қатысуымен футболдан Әлем чемпионаты қарсаңында Қатарда үлкен объектілер салынды. Холдингтің негізгі бағыттары құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау сынды салаларды қамтиды.
«Бұлардың барлығы Қазақстан экономикасы үшін басым секторлар болып табылады. Біздің өзара тиімді серіктестікті дамытуымыз үшін зор әлеуетіміз бар», — деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ ол Power International Holding-і Қатар мен Қазақстан арасында әріптестік байланысты орнату және дамытуда өзіндік көшбасшыға айналғанын атап өтті.
Анықтама: Power International Holding – бес негізгі секторды, атап айтқанда, құрылыс, жылжымайтын мүлікті басқару, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, ойын-сауық және қонақ үй бизнесі, сондай-ақ медицина саласын қамтитын қатарлық конгломерат. Компанияда 65 мыңнан астам адам жұмыс істейді, 1 000-ға жуық жоба жүзеге асырылған.
2022 жылдың қазанында Қатар Әмірінің Қазақстанға ресми сапары аясында холдинг Астанада құны шамамен $300 млн болатын ірі халықаралық медициналық кешен құрылысы туралы меморандумға қол қойды.