28.02.2023, 16:00
Оқылды: 40

Әлихан Смайылов су тасқыны жағдайы күрделенген кезде жасалатын іс-қимылдардың нақты алгоритмін пысықтауды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығы мәселелері қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.

A6CC3F8E-8999-43E9-8A12-88ECD92855E4

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оңтүстік аймақтарда белсенді қар еру басталуына санаулы күн қалғанын айтты. Сол себепті қазір барлық күш-жігер алдын алу шаралары мен су тасқынына дайындыққа бағытталған.

Жалпы осы жылдың екі айында 15 шақырым уақытша бөген салынды, 24 шақырымға жуығы жөнделді, 16 шақырымнан астам жаңа бөген, сондай-ақ елді мекендердің айналасында 41 шақырым білік тұрғызылды. Одан бөлек 5 мың шақырымға жуық каналдар мен арықтар, автомобиль жолдары және теміржолдар астында 8,5 мыңнан астам су өткізу құрылысы тазартылды.

14_21

Су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуы кезінде су басу аймағында 255 елді мекен болуы мүмкін. Оған қоса су тасқыны төтенше жағдайларының ықтимал жағымсыз салдарының алдын алу және оларды азайту мақсатында Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің облыстық кіші жүйелерінің бөлімшелері жоғары дайындық режиміне ауыстырылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова көктемге арналған жаңартылған деректер туралы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жолдарды, көпірлерді және су өткізу құрылыстарын судың көтерілуіне дайындау туралы хабардар етті.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірлердегі қазіргі ахуал мен су тасқыны кезеңіне дайындық туралы баяндады.

Баяндамашылардың сөзін тыңдай отырып, Премьер-Министр болжамдарға сүйенсек, биыл қардың көп болуына және жер бетінің қатып қалуына байланысты су тасу қаупі жоғары екенін айтты.

12_31

«Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн. текше метрден астам қар шығарылды, алайда бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет», - деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде күрделі жағдай қалыптасуына су бұру арналарының, арықтардың, қорғаныш жер үйінділерінің болмауы себеп болған. Салдарынан Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы дренаждық жүйелердің жауын-шашынның көп мөлшеріне қуаты жетпеді. Одан бөлек Атырауда қар күрт еріп, көшелерді су басып қалды.

«Арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын», - деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы «Қазгидрометтің» болжамында айтылғандай, наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде, бұған дайын болу керектігін айтты.

Премьер-Министр «Көктем-2023» республикалық оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды, жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, хабарландыру жүйелерінің дайындығын тексеруді тапсырды.

«Қосымша күштер мен құралдар орналасатын жерлерді, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін және ауыл шаруашылығы жануарларын көшіру үшін қауіпсіз учаскелерді анықтау қажет», — деді Премьер-Министр.

Одан бөлек, Премьер-Министрдің айтуынша, коммуналдық, жеке меншік және иесі жоқ гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жөніндегі шаралар әзірлеп, су қоймаларын толтыру көлемін қайта қарау керек және қажет болса, оларды алдын ала қауіпсіз босату жөнінде шаралар қабылдану керек.

«Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша республикалық деңгейде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жетекшілік ететін үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия жағдайды бақылауда ұстап, су тасу жағдайларында жедел әрекет етуге дайын болуы тиіс», - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале