Орал қаласындағы «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрында режиссер Самал Әбуов жазушы, драматург Дулат Исабековтың аудармасы бойынша «Алладиннің сиқырлы шамы» ертегісін сахналап, көрермендерге тарту етті. Өткен жылы құрылған қоғамдық театрдың бұл екінші премьерасы. Биыл С.Әбуов наурыз мерекесінің қарсаңында аталған балалар мен жасөспірімдер театрында Айжан Атымтаеваның «Кім патша?» музыкалық ертегісі бойынша қойылым шығарған болатын.
Балғын актерлардың екінші премьерасын тамашалауға жиналған ата-аналар мен балалар өздерінің сүйікті кейіпкерлерімен кездесіп, мәре-сәре болып қалды. Қойылымның қызықты оқиғасы өз алдына, ондағы әсем де әсерлі әуен, әдемі би көрермендердің көңілін баурап алды. Сахнада өнер көрсеткен Әлижан Тұрғали, Нұрсұлтан Қуанышкереев, Нұрболат Баян, Әмина Ізімғалиева, Айнара Бекқалиева, Эльнара Сейітжан, Ерен Сардар, Ғабдысиық Саят, Арсен Нұфтығалиев, Дильназ Жүсіпкереева, Қожағұл Дәурен сынды балауса актерлардың ойындары жұртшылықты жайбарақат қалдырмады. Отбасылық үлгідегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйлерінің тәрбиеленушілері жаңа премьераның қадірлі қонағы болды. Қойылымды, сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев тамашалап, театр ұжымының өнеріне ризашылықтарын білдірді. Жас балғындарға Орал қаласының әкімі атынан ықылас гүлі табыс етілді.
Нұрым Нұрманов,
zhaikpress.kz