23.05.2025, 9:45
Оқылды: 267

Алма неге қатты қымбаттады?

Бірер аптадан бері Орал қаласында алма бағасы күрт қымбаттады. Жалпы шаһарымызда жеміс-жидектің бағасы арзан емес. Солардың ішіндегі ең арзаны алма болғандықтан, сауда жасағанда тұрғындардың алманы көбірек тұтынатынын байқап жүрдік.

DSC02250

Әлеуметтік желілерде де қала тұрғындары алма бағасы тым қымбат екенін айтып, наразылық танытуда. Осыған орай «Алма бағасы неліктен шарықтап кетті?» деген сұрақпен біз қаламыздағы біраз сауда нүктелерін аралап қайттық.  Байқағанымыз, орталық базарда алманың келісі   800-850 теңгеден, «Анвар» супермаркетінде  – 890, «Алтын алма» базарында – 1000-1200  теңге.  Сатушылар бағаның өсуін рубльдің қымбаттауымен байланыстырады. Орталық  базарды аралап жүріп, қала тұрғыны Алтынгүл Маткаримованы әңгімеге тарттық.

– Жеміс-жидектің бағасы жалпы қымбат. Ең арзаны алма еді. Оның да бағасы өсіп кетті. Үйдің қасындағы шағын дүкендерде тіпті шарықтап тұр. Сондықтан екі күн сайын ерінбей базарға келіп, жемістер мен қызанақ, қияр алып кетемін. Немерелерім дәрумен жесін деймін. Базарды аралап жүріп, көтерме сауда жасайтын жерлерден алманың келісі 600 теңгеден  сатылып жатқанын көрдім. Біз секілді ақшасын үнемдеп жұмсайтындарға бұл да тиімді. Бірақ халықтың көбі жұмыста. Базар аралап жүретін уақыттары бола бермейді. Сондықтан бағаның реттелгенін қалаймыз,  – дейді  қала  тұрғыны.

Жеміс-жидек саудасымен айналысатын Рахимли Сұлтан алма бағасының қымбаттағаны өздеріне де қиындық тудырып жатқанын  айтты.

– Қыс бойы келісі 500-600 теңге болған алманың бағасы 800-850-ге дейін көтерілді. Өйткені рубльдің бағасы өсті. Әрі Польшада алма жинау кезеңі аяқталып жатыр. Бұның бәрі бағаға әсер етуде. Бұрын біз 20-25 қорап алма алып, сататын едік. Қазір 5-6 қорап аламыз, оның өзі өтпейді. Қарапайым халық он теңгені де санайды.

Сондықтан бағаның қымбаттағаны бізге де оңай болмай тұр, – дейді Рахимли   Сұлтан. Біз алма бағасының неліктен күрт қымбаттағанын білмек ниетпен бірнеше тиісті мекемеге хабарласқанымызбен мардымды жауап ала алмадық. Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова 2023 жылдан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының  тізбесі (бұдан әрі-ӘМАТ) бекітілгенін  атап өтті.

– Тізбеге тауарлардың 19 атауы кіреді. Бұл тізбеге  алма кірмейді, көкөніс өнімдерінен ӘМАТ тізбесіне картоп, сәбіз, пияз, ақ түсті қырыққабат кіреді. ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы»  заңының (бұдан әрі-Заң) 7-бабына сәйкес уәкілетті құрылым әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары (ӘМАТ) бағасына мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ аталмыш заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес көтерме саудамен ұсынған бағаға сатушы он бес пайыздан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгілейді.  Егер саудагер сатып тұрған өнімінің бағасын 15%-дан асырып қымбаттатып сатса, яғни әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қымбатқа сату деректері  анықталса, кәсіпкерлік субъектілері ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 204-4-бабы бойынша жауапқа тартылады. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде (21.05.2025 жылға) бағаны шекті деңгейден асырған 106 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік  жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 41 субъектінің  картопқа сауда үстемесін арттырып сатқаны анықталды.  Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жоғары бағамен сату дерегі анықталған жағдайда тұтынушылар  Сарайшық 44/2 мекенжайы бойынша өтінішпен жүгіне алады.  Өтінішке тауарды сатып алу туралы чекті көрсете отырып, тауардың  бағасын, фотофиксациясын қоса беру қажет,  –  дейді департамент  басшысы   Эльмира  Нұрқызы.

Сонымен  әр  отбасы  жиі  тұтынатын дәруменге  бай  алма  бағасын  реттеу  қай  мекеменің  құзырында  екенін  біле  алмадық...

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале