Алматыда «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының 15 жылдық мерейтойы өтті. Мерейтойға орай ұйымдастырылған «Дата журналистика және жасанды интеллект» фестивалінде қазақ журналистикасына жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияның әсері талқыланды. Шараға 60-тан астам адам қатысып, екі панельдік сессия мен алты шеберлік сағаты өтті.
«Қазақ журналистері заманауи трендтерге қаншалықты дайын?» тақырыбындағы бірінші панельдік сессияда контентті заманауи талаптарға бейімдеу жолдары талқыланды. Спикерлер қатарында IT-аналитик Тимур Бектұр, ҚазҰУ-дың ассоц-профессоры Қарлыға Мысаева, Internews Kazakhstan CAIA бағдарламасының менеджері Бэлла Қасымқызы, Factcheck.kz журналисі Жансерік Тілеухан, «Азаттық» радиосының интернет-редакторы Мақпал Мұқанқызы және «Мінбер» жобасының координаторы, стратегиялық коммуникация маманы Бақыт Аманжолқызы болды.
Екінші панельдік сессия «Мінберге 15 жыл: Қазақ журналистикасында не өзгеріс?» тақырыбында өтті. Мұнда спикерлер – «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы, медиа сарапшы Асылхан Мамашұлы, «Kursiv.media» шеф-редакторы Риза Исаева, медиатренер Жұлдыз Әбділда және ERG өкілі Жанболат Серікбай сөз алды.
Панельдік сессиялардан бөлек түрлі шеберлік сағаттары да қатысушылардың көңілінен шықты. Асхат Еркімбай жасанды интеллектіні қолдану құралдары туралы, ал Елнұр Әлімова мен Оразай Қыдырбаев өткізген шеберлік сағаттары жасанды интеллект пен этика тақырыбына арналды. Newsroom журналистерінің жұмысында жасанды интеллект қолдану тәсілдерін Тимур Бектұр, ал қысқа уақыт ішінде видео дайындау әдістерін Аян Ғиззат ұсынды.
Биыл жазда ERG компаниясының қолдауымен Қордың 15 жылдығы аясында «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарында журналистерге арнап «Дата журналистика және жасанды интеллект» шеберханасы трениңдер легін өткізген еді. Трениң аяқталған соң қатысушыларға шеберханада алған білім мен дағдыларын пайдаланып дата жоба жазып, байқауға ұсыну тапсырылды.
Фестиваль соңында дата-стори байқауының қорытындысы жарияланып, Ақтөбе мен Қостанай өңірінің журналистері, дата-стори авторлары жүлделерге ие болды. Трениңге арнайы барып қатысып, байқауға жоба ұсынған әріптесіміз Динара Насыр «Ең креативті дата стори» номинациясын иеленді.
- «Мінбер» қоры ұйымдастырған жоба Павлодар, Қостанай және Ақтөбе облыстарында сол өңірдің журналистеріне арналған іс-шара ретінде өтті. «Дата журналистика және жасанды интеллект» тақырыбы қызықтырғандықтан, арнайы Ақтөбеге барып қатыстым. Жасанды интеллект құралдарының өзі күннен-күнге дамып келеді. Тренерлерге үйреткен білімдері үшін алғыс айтамын. Жүлде алған жоба – еліміздегі ағаш отырғызу бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқандығы туралы. Бұл жобаны әріптесім Азамат Хамзамен бірге жаздық», – дейді Динара Насыр.
Айта кету керек, қордың 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Дата журналистика және жасанды интеллект» фестиваліне «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов, «Жайық Пресс» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Нұрбек Оразаев, «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Нұртай Текебаев және «Приуралье» газетінің тілшісі Темірболат Тоқмамбетов қонақ ретінде шақырылды. Қор директоры Есенгүл Кәпқызы ақпарат агенттігі ұжымына серіктестік үшін алғыс хат табыс етті.
Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,
zhaikpress.