Алматылық полицейлер дәретханада қалдырылған жаңа туған нәрестені құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнде қаланың Түрксіб ауданында жаңа туған нәрестені құтқаруға арналған арнайы іс-шара өтті. Түрксіб аудандық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Нұржан Шатуновтың айтуынша, сағат екіде кәмелетке толмаған қыздың түсік тастағандығы туралы хабар берілген. Оның қаладағы ауруханалардың біріне жатқызылғаны белгілі болды.
«Дәрігерлермен сөйлескеннен кейін оқиға орнына барып, тексеруді жөн көрдім. Басыма «бала қайда?» деген сұрақ келді. Қыздың анасынан оқиғаға дейін оның сырттағы дәретханада біраз уақыт болғанын білдім. Дәретхана ішінен қан іздерін тауып, ішінде жатқан баланы көрдім. Ол тыныс алып жатты. Осы кезде жедел тергеу тобы келді, оның құрамында криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ғазиз Хамасқалиев болды. Дәретхананың еденінен тақтайларды тез алып тастадық. Әріптесім Ғазиз төменге түсіп, баланы қызметтік көйлегіне орап, абайлап шығарып алды», - деді Нұржан Шатунов.
Ал, 17 жасар қыздың анасы оның жүкті болғанын білмегенін айтқан. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Түрксіб аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінде тергеу амалдары басталды.
«Қазір баланың жағдайын біліп қайттық. Ол дәрігерлердің бақылауында, жансақтау бөлімінде жатыр. Өз бетінше демалып жатыр – бұл жаңалыққа баланы құтқаруға қатысқан барлық әріптестерім қатты қуанды. Демек, бала өмір сүреді. Ол туғаннан өз өмірі үшін күресті. Оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Бақытты болып өсе берсін. Мен үш ұлдың әкесімін. Сондықтан, бұл оқиға мені бейжай қалдырмады. Біз өз әріптестерімізбен бірге құтқарылған нәрестенің тағдырын міндетті түрде қадағалаймыз және мүмкіндігінше оған қатысымыз да болады», - деді Нұржан Шатунов.