Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға қару таратқандар ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласы полиция департаменті жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қару-жарақ дүкенінен қару ұрлап алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастағандарды ұстағанын хабарлады.
"Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар қаладағы базарлардың бірінің аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта айыпталушылар қамауда отыр. Олардың жеке басын басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғына міндетті түрде тексеретін боламыз", – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Айта кетейік, бүлікшілерге қару таратып жатқан сәтті куәгерлер видеоға түсіріп алған. Кейіннен бұл видео әлеуметтік желілер мен телеарналар арқылы көпшілікке таралды.
"Біз қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасадық. Бізді осылай жасауға бір топ адам мәжбүр етті. Сосын автоматтарымен сілкіп тұрып біз ұрлаған қару-жарақтың жартысын өздеріне алып алды. Мен ақ түсті Lexus көлігін жүргіздім, - деді бірінші күдікті.
Олар противогаз киген, автоматпен, пышақпен қаруланған адамдар. Олар бізге қаруды тез алып шығып, барып таратуды бұйырды. Біз барлығын қорыққандықтан, қысым көрсеткендіктен істедік. Автомат асынған адамдардан қалай қорықпайсың?, – деді екінші күдікті.
Біз қаланы көлікпен араладық, қару-жарақ дүкеніне бардық, ол кезде оны тонап жатты. Біздің көлікке қару тиеп, алаңға алып баруды бұйырды", – деді үшінші күдікті.
Полиция бұл топтың үйлестірушісінің жеке басын және ұсталғандардың әрекетінің шынайы себебін анықтауға кірісті.
Еліміздің Қылмыстық кодексінің бірден бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіледі.