Алматының орталығында қару ұстаған екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары қарулы 38 және 35 жастағы ер адамды ұстады.
Олардың қару-жарақ дүкендерін тонауға қатысқаны белгілі болды.
« Күдіктілерді Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Райымбек даңғылы мен Байзақов көшесінің қиылысында ұстады. Олардан қару-жарақ дүкенінен тәртіпсіздік кезінде ұрланған «SM12 steyr mannlicher austria» маркалы екі аңшы мылтығын тәркіледі. Белгілі болғандай, 38 жастағы М.есімді азамат және 35 жастағы Р.есімді азамат Алматы облысынан келген»,-деп хабарлады полициядан.
Қару мен оқ-дәрілерді ұрлау фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тергелуде.
Қару тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды.