28.10.2024, 12:15
Оқылды: 195

Алмаз ауылында волейболдан турнир өтті

Шыңғырлау ауданына қарасты Алмаз ауылы мектебінің әр жылғы түлектері ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жылына бірнеше рет волейбол турнирін өткізуді дәстүрге айналдырды.

b7961c24-4f18-4a26-a9d7-ba484fb9f8d8

Жуырда 1982 жылы туған алмаздық қыз-жігіттер өздерімен бірге оқыған қимас достары болған Жастілек Жанғазиев пен Қайрат Аргеновті еске алу турнирін ұйымдастырды. Жарысқа ауыл мектебінен әр жылдары түлеп ұшқан сыныптастардан құралған командалар мен  Жастілек Ерназарұлы мен Қайрат Тұрғанбайұлының аналары мен туыстары қатысты.

– Ауыл мектебінен түлеп ұшқан жастар еліміздің әр аймағында жүрсе де туған жерін ұмытпай, қолдарынан келген көмегін көрсетеді. Сыныптастар болып, турнир ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – бала кезден бірге өскен достарымызды еске алу және ауыл балаларын салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақыру, - деді жарыс барысында ауыл әкімі Самат Бақтыгереев.

f1b02aa5-744e-4f3b-9ade-bcdcff71624a

Одан соң Жастілек Жанғазиев пен Қайрат Аргеновтің аналары сөз алып, балаларын ұмытпай, туған жерінде еске алу тунирін өткізіп жатқан 1982 жылы туған азамат-азаматшаларға ризашылығын білдірді.

Ауыл төсін думанға бөлеп, волейбол мерекесін сыйлаған турнир көрермен көңілінен шықты. Әр доп, әр сет тартысқа толы болды.

Жарыста өз топтарында үздік шыққан 1982, 1987, 1988 және 1989 жылы туған жігіттер жігіттер турнир жүлдесін сарапқа салуға мүмкіндік алды. Қорытындысында 1989 жылы туған жігіттер командасы үшінші, 1988 жылғылардың командасы екінші орын иеленсе, шебер ойын өрнегін көрсете білген 1987 жылғылардан құралға команда бас жүлдені қанжығасына басты.

Сонымен қатар жарыс барысында командасын алға сүйреп, үздік ойын өрнегін көрсете білеген волейболшылар да марапатталды. Қалың көрерменнің көңілінен шығар ойын көрсеткен Бейбіт Жазықбаев «Үздік шабуылшы», Арман Оразғалиев «Үздік байланыстырушы», Нұрлан Бақтыгереев «Үздік қорғаушы», Руслан Жадилов «Үздік жас ойыншы», Әділхан Тоқбаев «Үздік ардагер ойыншы» аталымына ие болса, жарыстың «Үздік ойыншысы» атағы Қайыржан Айтқалиев иеленді.

Одан бөлек қара қылды қақ жарып, төрелік еткен Мейрамхан Амантурлин мен Ғабит Кенжеғали «Үздік төреші» атанды.

Жеңімпаз бен жүлдегерлер және түрлі аталымда үздік деп танылғандарға бағалы сыйлақтар табысталды.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале