5.06.2023, 16:45
Оқылды: 57

Алмаз түлектерінің игі ісі

Соңғы жылдары өңірімізде мектеп түлектерінің туған ауылына, алтын ұя мектебіне түрлі тарту жасауы дәстүрге айналды. Тіпті кей аудандарда мектеп бітірген түлектердің көмегімен саябақтар бой көтеріп жатыр. Бір түлектер ауыл балғындарын қажетті құрал-жабдықпен қамтыса, енді біреулері спортқа керекті тауарларды тарту етеді.

IMG_20230605_162359
Елде басталған игі істен Шыңғырлау ауданына қарасты Алмаз ауылы мектебінің түлектері де шет қалмады. Биыл білім ошағынан түлеп ұшқанына 20 жыл болған ауыл мектебінің 2003 жылғы түлектері жерлестеріне ерекше тарту жасады.
Қомақты қаражат жиып, мектеп ауласына көпбейінді спорт алаңын тұрғызған 1986 жылы туған ауыл азаматтарының ісі көпке үлгі. Көп жылдан бері тұралап қалған мектеп ауласындағы ескі алаңды сүріп, мектеп ұжымымен бірлесіп орнына жаңасын тұрғызған. Түлектердің жақсылығы ауылдастарын сүйсіндіріп отыр.
Жазда волейбол, баскетбол ойнауға бейімделген алаңды қыс мезгілінде сырғанақ жасап, хоккей алаңы ретінде де пайдалануға болады. Бүгінде айналасын қоршап берген мектеп түлектері жуырда салтанатты ашылуын да өткізді.

Ауыл мектебінің директоры Рустам Тасбулатовтың айтуынша, соңғы жылдары ауылына көмек қолын созсам деген түлектер саны артыпты. 1961 жылы Алмаз топырағында дүние есігін ашқан ауыл азматтары мектеп жанындағы балабақшаға жаңа үлгідегі электрплита алып берсе, 1988 жылы мектепті аяқтаған түлектер балабақша ішін толықтай безендіруге атсалысқан.
-Жалпы ауыл ойда-қырда жүрген ауыл азаматтарының қолдауын сезіп отырмыз. 1966 жылы туған мектептің 1983 жылғы түлектері алма бағын отырғызып, оны толықтай суару жүйесімен қамтамасыз етті. 1993 жылы түлеп ұшқан 1976 жылғы азаматтар мен азаматшалар мұғалімдер бөлмесін безендіріп, қуанышқа бөледі, - дейді білім ұясының директоры Рустам Тасбулатов.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале