Облыстық тарихи-өлкетану музейінде бірді-екілі болған шығарсыз. Сол кезде музейдегі алмұрт пішінді домбыраларды көрдіңіз бе? Осы орайда ерекше пішінді домбыралардың жәдігер ретінде музейге тапсырылу тарихына тоқталайын.
Музей қорындағы алмұрт пішінді домбыраның біреуін күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуов тапсырған. Ол жастайынан өнерге құштар болған. Бес жасынан бастап домбыра тартқан. Оның өнерге деген сүйіспеншілігі анасынан дарыса керек. Себебі өнер иесі қолжазбаларында анасының домбыра құлағында ойнағанын келтірген. Қалидың жасөспірім шағында «домбырашы бала» деген де лақап аты болыпты. Ол аталмыш жәдігерді облыстық өлкетану музейіне 1976 жылы тапсырған. 16 пернелі, ерекше пішінді домбыра Камар Хасимов атты шебердің туындысы екен.
Музей қорындағы алмұрт пішінді келесі домбыраның иесі – жазушы, «Ақ Жайық» трилогиясының ауторы Хамза Есенжанов. Оның 19 пернелі домбырасын ұлы Әлихан Хамзаұлы музейге 2008 жылы тапсырған. Алмұрт пішінді домбыраны жазушыға академик Қажым Жұмалиев сыйлаған екен. Сондай-ақ музей қорында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған марқұм Ботагөз Баймұқанованың және дәстүрлі әнші, термеші Қаламқас Орашеваның тұтынған домбырасы да сақтаулы. Өнер иелерінің саусағының ізі қалған музыкалық аспаптар музей қорындағы құнды, баға жетпес жәдігерлердің бірі болып табылады.
185 жылдық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында жалпы 115000-нан астам жәдігер сақтаулы тұр.
Айжамал Әбдірахманова,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-қор бөлімінің меңгерушісі