12.09.2024, 15:15
Оқылды: 138

Алпамыс Көшкінбаев: «Жарқын істеріміз жалғаса береді»

Жақында Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Жаңабайұлымен кездесудің сәті түсті. Зейнетке шығып, қызметтен қалғаныма біраз жыл болсa да, бойға сіңген журналистік дағды ғой, әңгіме барысында көкейдегі көп сұраққа жауап іздеп отырдым. Әкімдік қызметке келгеніне бір жыл болған екен. Адамды, оның бойындағы қабілетті тануға аз да, көп уақыт деуге де келмес. Десе де, біраз нәрсені аңғаруға жететін уақыт қой. Байқағаным, жүргізілген жұмыстар да жетерлік, алдағы жоспарлары да ауқымды.

0FE08A69-AEC3-4D32-98E7-C4E3A6D0AFF3

– Алпамыс Жаңабайұлы, Жаңақала ауданы басшыдан бақыты бар ел саналады. Сатқали Сапаров, Әділғазы Нұрғалиев, Төлеген Мерғалиев сияқты ел жайына жетік, шаруа жайын білетін, көптің көңілінен шыққан басшылар басқарды. Осындай ағалардың ісін жалғастыруға жібергенде көңіліңізде «Қалай болар екен?» деген толқу болды ма?

– Әрине, болды. Соларды көрген жерлестерім менен сол деңгейдегі жұмысты күтеді. Жүрексіндім. Ақылгөй Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ...» демеді ме?! Сыннан қорықсам, қиындықтан қорықсам, жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүрсем, қандай азамат болғаным? Көптің сенімі мен сыны басшылық ісіндегі кемдігімді толтырар деп ойладым.

– Басшы мен халық – егіз ұғым. Бірісіз бірі болмайды. Жемісті жұмыс болуы үшін басшы көптің сеніміне кіріп, көңілінен шығуы керек. Ол үлкен жауапкершілікті, табандылықты, қажырлылықты керек етеді.

– Бір жыл ішінде көп іс атқардым, көптің көңілінен шығып, сеніміне кірдім деуге болмас. Менің мақсатым – ауданның экономикасын көтеріп, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту. Оның бәрі халықпен атқарылады. Адамдарды ортақ іске жұмылдыру, ертеңге деген сенімдерін арттыру, бірлікті, ынтымақты, адалдықты, қайырымдылықты, еңбекқорлықты қалыпты жағдайға айналдыру, сол арқылы тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайта түсуге үлес қосу – басты міндетіміз. Мұны жас ұрпағымыз ұғынып өсуі керек. Халық басшысына, басшы халқына сенсе ғана ісіміз нәтижелі болады. Сол сенімді қалыптастыру үшін алғашқы күннен-ақ халықпен арада еш кедергісіз байланыс жасауға тырысып келемін. Әр ісімде жариялылық болуын қалаймын. Басшы халықтан үлкен емес. Кішілік те, кісілік те жасауға тиіспін. Осы мақсатта барлық мекеме ұжымдарында, ауылдық округтерде, қоғамдық ұйымдарда болып, пікірлерін тыңдадым, іс жоспарымды баян еттім. Берген уәдеңді орындап, бір сөзді болу – керек қасиет. Оны естен шығарғым келмейді. Қысқартып айтқанда, көп іс атқардым деуге келмес, десе де жоспарлы жұмыстар жүріп жатыр. Іс-шаралар жоспарына енген алдағы атқарылар жұмыстарымыз да ауқымды. Қолымнан келсе, ел сеніміне селкеу түсіргім келмейді. Ісімізге баға беретін – халық, төреші – уақыт.

– Ауданымыздың негізгі өндірісі – мал шаруашылығы екені анық. Оның бүгінгі жағдайынан қысқаша хабардар етсеңіз?

– Күні бүгін ауданда 62 700 ірі қара, 132 842 қой мен ешкі, 34 400 жылқы, 632 түйе малы өсірілуде. Биылғы жартыжылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4034,8 млн теңгені құрап отыр. Аудан бойынша 93 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Асыл тұқымды мал үлесі ірі қарада – 24,5 пайыз, қойда – 12,5 пайыз, жылқыда – 4,2 пайыз. Биылғы жылдың алты айында аудан шаруа қожалықтарына 511,3 млн теңге субсидия төленді. Оның мал шаруашылығы саласына төленгені   – 454,3 млн теңге. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 57,0 млн теңге субсидия төленді. Үстіміздегі жылдың алты айында аудан бойынша 22 трактор, 31 ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Бұған қосымша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 140,4 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Жалпы ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 267,4 млн теңгені құрайды.

– Президент Жолдауында ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын жетілдіруге баса назар аударды. Ауыл-аймақтарды дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдауға «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажеттігін айтты. Бұл жұмыс қалай іске асуда?

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылы 87 өтінім тапсырылып, қаралды. Соның ішінде 46 жоба бойынша 290,8 млн теңге қаржы аударылып, жүзеге асты. Осы бағдарлама биыл да жалғасын тауып, «Ақжайық» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі акционерлік қоғамы басқармасына 39 жоба тапсырылды. Бұл жобалардың жалпы құны 320,7 млн теңгені құрайды. Оның ішінде сүтті бағыттағы ірі қара малын алуға 7 жоба, ірі қара малын бордақылауға
4 жоба, ұсақ мал алуға 10 жоба, құс өсіруге 3 жоба, өсімдік шаруашылығына 1 жоба, бизнес саласына 8 жоба, аралас 3 жоба (көлік жуу бекеті, мал сою цехы, мал бордақылау алаңдары) бар.

Қазіргі уақытта бұл жобалардың 30-ы қанағаттандырылып, алтауы қаралуда. Үш жоба бойынша (шағын бизнес ашу) несие берілді. Сонымен қатар үш ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне  70,5 млн теңге мөлшерінде несие беру туралы жобалар «Aqjaiyq» АШӨК АҚ басқармасына тапсырылып, екеуі қанағаттандырылса, біреуі қаралуда. Бұған қосымша жалпы құны 130,О млн теңге болатын 11 жоба бойынша жылжымайтын мүлікке бағалау жұмыстары жасалды. Оның жетеуі – МІҚ малын бордақылау, үшеуі – ҰМҚ малын, біреуі – құс өсіру жобалары.Шағын және орта бизнес тұрақты дамып келеді. Биылғы бірінші маусымдағы жағдай бойынша ауданымызда 1736 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері әрекет етеді.

2024 жылдың қаңтарындағы ақпаратқа сәйкес бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны  2166 адамды құрайды. Оның ішінде шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғаларда 141 адам, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғаларда 106 адам, жеке кәсіпкерлікте 786 адам, шаруа қожалықтарында 1133 адам жұмыспен қамтылған.

Осы жылы кәсіпкерлік саласында 390 млн теңгеге сегіз жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде екі азық-түлік дүкені, екі супермаркет, бір минимаркет, бір кафе, бір аутокешен және бір техникалық қызмет көрсету бекеті пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 430,0 млн теңгеге 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Өткен жылы алынған несие көлемі 487,2 млн теңге, оның 179,2 млн теңгесі «Жаңақала-Несие» НС арқылы болса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 308,0 млн теңге алынды. Биылғы жылы осы бағытта несие беру қыркүйек айына жоспарланып отыр.

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы қалай жүруде?

– Бұл бағдарлама шеңберінде қазіргі уақытта төрт жоба жүзеге асырылуда. Оның біріншісі, Қырқопа ауылында келісімшарт құны 433,0  млн теңге болатын 150 орындық мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. «Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылының 1-мамыр, Құрманғазы, Астана, К. Меңдәлиев, Х. Доспанова және №17 көшелерінің жалпы ұзындығы төрт шақырымды құрайтын аутомобиль жолдарын күрделі жөндеу» жобасы аясында жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары аяқталды. Енді Құрманғазы, 1-мамыр, Астана, А. Жантурин, Х. Доспанова, И. Меңдіханов, Бабажанов көшелеріне қатқыл табанды жол салу жұмыстары жүргізілетін болады. Жоба құны – 584,2 млн теңге, мердігері – «Ануш-Құрылыс» ЖШС.

Одан кейін «Мәстексай ауылының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу» жобасы аясында Мәстексай ауылының 1,9 шақырым ауылішілік аутомобиль жолына қатқыл табанды жол салу жұмыстары атқарылады. Мердігері – «Ануш-Құрылыс» ЖШС, жоба құны – 160,5 млн теңге. Сол сияқты Қырқопа ауылындағы Карманов жалпы орта білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өтуде. Оның жоба құны – 760,1 млн теңге.

Бұл жобалардың сыртында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту үшін 2024 жылы Жаңақала ауданына «Самұрық Қазына» арқылы 62 үйге 774,8 млн теңге, БҚО құрылыс басқармасы арқылы 5 үйге 89,1 млн теңге қаржы бөлінді. Осыған қосымша биылғы жылға 12 үйге бюджеттік өтінім жолданып, жұмыстар жүргізілуде. Бір ескеретін жағдай – бұл салынатын үйлердің барлығы да жас отбасыларды ауылға тұрақтандыру мақсатында ауылдық округтердің елді мекендеріне салынады. Сондай-ақ «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша Бірлік ауылының жеті шақырым (жалпы 14 шақырым) кірме жолына қатқыл табанды жол төсеу жұмыстары атқарылатын болады. Келісімшарт құны – 1,5 млрд теңге. Аталған жолдың төрт шақырымына асфальт жабыны төселді. Мердігері – «ТОБИ» ЖШС.

Жаңақала ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеу жұмыстарына қажетті материалдар толық көлемде тасымалданды. Жоба құны – 131,7 млн теңге.

Сонымен қатар аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Жаңақала ауылы Қ. Жантілеуов көшесінің аутомобиль жолдарының асфальт-бетонды жабындарын орнату жұмыстары атқарылды. Жоба құны – 25,0 млн теңге.

Қызылоба, Пятимар, Бірлік, Көпжасар, Қырқопа және Жаңақала ауылдарының ауылішілік жолдарын асфальттау жұмыстары да атқарылатын болады. Бұл жобаларға республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі күтілуде. Бұл жұмыстармен бірге облыстық маңызы бар Чапаев – Жаңақала – Сайқын аутомобиль жолының 130-191 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жұмыстарға биылғы жылға 4,5 млрд теңге бөлінді. Жоба бойынша жөндеуді 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Абаттандыру жұмыстары да қалыс қалып жатқан жоқ. Аудан орталығында 42 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде екі көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылған. 2021 жылы ЛПУ қалашығындағы 16 көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру үшін екі жоба жасақталған. Қазіргі уақытта бір жобаға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы аудан бюджетінен 41 млн  теңге бөлініп, аудан орталығында балалар ойын алаңы, стрит-воркаут алаңы және Сарыкөл ауылында шағын футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді.

– Денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және жастармен жұмысты дамыту да жалғасып жатқан болар?

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданымызда 2027 жылға дейін ауылдық елді мекендерде жоспарға сәйкес тоғыз медициналық санитарлық көмек көрсету нысандарын салу көзделген болатын. Өткен жылы бір медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Және бір дәрігерлік амбулатория, үш медициналық пункт күрделі жөндеуден өтті. Екі нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы Қырқопа ауы лында жаңа фелдьшерлік-акушерлік пункт және Бірлік ауылдық округінде жаңа дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Қазіргі кезде Үшкемпір, Сарыкөл, Жуалыой, Аққұс және Мұқыр ауылдарының медициналық пункттерінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2023 жылы төрт жаңа «Жедел жәрдем» көлігі алынып, олар Жаңақазан, Көпжасар, Бірлік және аудан орталығындағы медициналық мекемелерге берілді. Үстіміздегі жылы да жаңа төрт «Жедел жәрдем» көлігін алып, қалған ауылдық округтерге беру  көзделіп  отыр. Ауданда 22 кітапхана, 13 мәдени демалыс ұйымдары, бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Президент тапсырмасына сәйкес, саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында биылғы жылы Жаңақазан ауылында спорт кешенінің құрылысы басталды. Жоба құны – 280 млн теңге.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2024 жылы республикалық бюджеттен (33 маманға) 299,1 млн теңге трансферт қаржы бөлінді. Бюджеттік кредит кезегінде 22 маман тұр. Қазіргі таңда «Отбасы банк» АҚ-мен келісімшарт жасалды. Республикалық бюджеттен қаржыландыруға байланысты шілде айынан бастап кредит  беру көзделуде. Біржолғы берілетін көтерме жәрдемақы бойынша жергілікті бюджеттен биылғы жылға 100 маманға 36,1 млн теңге бөлініп, күні бүгін 50 маманға 18,4 млн теңге төленді.

– Аудан басшысы ретінде басты міндетіңізге нені атар едіңіз? 

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында барлық деңгейдегі басшыларға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құруды» міндеттеді. Ол үшін халықтың белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруымыз керек. Алдағы мақсатымыз айқын, міндетіміз белгілі. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Келелі істер көппен бітеді. «Жаңа Қазақстан» құрудағы жарқын істеріміз жалғаса береді...

Алпамыс Жаңабайұлымен сұхбат барысында оның іске деген ынтасын, еліне деген жанашырлығын, Президент тапсырмасын орындаудағы табандылығын, азаматтық, отаншылдық рухын, жастық жігерін аңғарғандай болдым. Мұндай түсініктегі кадрларымызды көп болып қолдағанымыз абзал. Ел сенімін ақтар іскер де салиқалы басшы осылай ширайды.

Өмірзақ Ақбасов

Қазақстанның құрметті журналисі

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале