Кеше Орал қаласындағы Салтанат сарайында III қайырымдылық гранд балы өтті. Айта кетейік, белгілі медиа менеджер, «Qayir » қоғамдық қорының директоры Алпамыс Шаримов ұйымдастырған шараның биылғы тақырыбы «Love fot all» - «Бар махаббатпен» деп аталады. Ал кештің басты кейіпкерлері – атыраулық Марлен мен Әнел.
Ауыр науқасқа шалдығып, бірнеше жыл ауруханадан шықпаған құлсарылық 23 жастағы Әнел Мұратова мен оның сүйіктісі Марлен Нұрғасеновтың таңғажайып махаббат хикаясы баршаға аян. Жеті жыл бойы Әнелдің қасынан бір елі ажырамай, ол үшін бәрін құрбан еткен Марленнің ісі – нағыз ерлік.
Он бес рет ота жасатқан Әнелдің денсаулығы қазір біртіндеп түзеліп келеді. Ең шешуші ота туралы ол былай дейді: «Ота үстеліне тек 30 пайыз ғана кепілдікпен жаттым. Бәрі қатты қорықты. Анам: «мүмкін, ойланарсың, жасатпассың, қорқып тұрмын» деп жыласа, Марлен: «жоқ, ота жасалады, мен сенемін, бәрі жақсы болады» деді. Мен де отаға кіретінімді айттым. Өлімді күтіп отырғанша, амал жасап өлгенім артық деп шештім. Нағыз өліп кетіп жатсам, әйтеуір, амал қылды деп айтады ғой. Әрине, қорқыныш болды. Отаны 3-4 сағаттан артық созуға болмайтын, себебі мен наркозды көтере алмас едім. Кейін маған ота 6,5 сағатқа созылғанын айтты. Біздің сүйікті хирург шығып, бірден Марленді іздеп тауып: «Әнел бәрін жеңіп шықты, тірі қалды» депті. Басқа ешкімге қарамай, өз кабинетін барып, қолдарын екі жаққа созып, креслосына жата кетіпті. Шаршап шыққан ғой... Бәрі қуанып, жылап-сықтап, әбігерге түскен екен. Бір апта реанимацияда жатып, кейін палатаға шығып, біртіндеп әл жинадым. Оңалған соң дәрігерім ұшақпен Атырауға оралуыма рұқсатын берді. Ұшақтың ішінде оттегі болады ғой. Аман-есен ұшып келдік. Қазір бастысы – менің сүйіктім қасымда. Адам қандай жағдай болмасын, берілмеуі керек, төрт аяқтап болса да өмір сүруге талпыну керектігін маған Марлен үйретті. Себебі Алла дұғаңды қабыл етеді».
Қайырымдылық шарасына сонымен қатар композитор Ренат Гайсин, актер Асылхан Төлепов, «Казахи» КТК ойыншысы Гүлнәр Силбаева, белгілі тележүргізушілер - Ләйла Сұлтанқызы мен Нұрбигүл Егізова, эстрада жұлдыздары - Гүлнұр Оразымбетова , Кәмшат Жолдыбаева, Ерке Есмахан, журналист Жанар Байсемізова , «Евровидение-2011» байқауының жеңімпазы Эльдар Гасымов, визажист Сәнді Бексырға, «Batyssound production» студиясының директоры Ерлан Бекчурин, «Бастау» тобы және танымал әнші, «I am a singer» байқауының жүлдегері Димаш Құдайберген сияқты халық сүйіктілері қатысты.
Қонақтарға қош келдің айтқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов аталған кештің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндес екенін жеткізді.
- Биылғы іс-шара өте ерекше. Қайырымдылық кешін Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырып отырмыз. Осы тұста жүрегі кең Алпамыс Шаримов бауырыма ерекше ризашылығымды білдіремін. Шара аясында өнер жұлдыздары, дебютанттар көптеген игі істер атқарды. Мәселен, Димаш Құдайберген қамкөңіл қариялардың көңілін ауласа, Асылхан Төлепов ардагерлерге қол ұшын созды. Ал өңірдің белсенді жастары 100 отбасына нақты көмек көрсетті. Қоғамның бізге, қолдауымызға зәру мүшелері бір сәт жадырап қалды. Шынымен, көңіл қуантатын іс. Бұл – рухани жаңғыру, модернизация. Бұл – біздің күшіміз, бірлігіміз. Бар әлемге таныта алатын құдірет. Мереке құтты болсын, - деді А.Сейдірұлы.
Балдың көркі мен сәні болған дебютанттар бидің алты түрін мың бұрала биледі. Айта кету керек, қатысушылардың арасында көпбалалы аналар, әскери қызметкерлер мен есту-сөйлеу қабілеті бұзылған жастар бар. Іріктеуден өткен 100 жасты (50 жұп) бір ай бойы хореограф-балетмейстер Қарлығаш Қадырбекова дайындады. Сонымен қатар оларға Астана операсының бас балетмейстері Досжан Табылды шеберлік сағатын өткізді.
Кеш барысында танымал журналист, көптің көңілінен шыққан «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсемізова қатысушыларға ризашылығын білдірді.
- Мен өмірде кездейсоқ жағдай болмайды деген пікірдемін. Осындай әдемі кеште бас қосуымыз да Алланың үйлесімді жоспары болса керек. Астана, Алматы қалаларында әртүрлі мазмұндағы қайырымдылық кештері өтіп жатады. Енді еліміздің батысында да ұйымдастырылуы мақтанарлық дүние. Өзім Орал қаласына екінші рет келуім. Алғаш жаз айында болып, жасыл қалаға ғашық болып кеттім. Бұл сахнада, сіздердің алдарыңызда басқа да мықты жандар тұруға лайықты. Менің ойымша, «Рухани жаңғыру» - дер кезінде қолға алынған бағдарлама. Өйткені, біз осыған дейін сыртқы саясат, экономикаға маңыз беріп келдік. Ендігі кезекте рухани өсетін, бір-бірімізге көмек қолын созатын шаққа жеттік. Бүгінгі кеш – соның көрінісі. Бұндай мазмұндағы жақсылықтар жалғасын тапсын! - деді ол.
- «Осынша адамды жинауға себепкер болу – оңай дүние емес. Әр адамның көңіл-күйін ойлайсың. Маған «Қайырымдылық балы неге Алматыда өтпейді?» деген мазмұндағы хаттар келеді. Бір ғана себебі бар – мен осы өңірде дүниеге келдім, өстім, өндім. Ауасын жұттым. Жақсы қасиеттерді жидым. Ендігі кезек – менікі. Кішкентай болса да септгім тисе деймін. Оған халқым түсіністікпен қарайды деп сенемін. Бүгін сүйікті әншісінің артынан Қытай, Америка, Ресей елінен қонақтар бар. Оларға ерекше рахмет айтамын. Өнер адамдарының арасында «Алпамыс, мен қайырымдылық кешінен қалыс қалып қоймайын» дегендер болды. Мейірімді жүректеріңізден айналдым. Бұл бір менің атқарған жұмысым емес, осындағы әрбіріңіздің қолдауыңызбен жасалған дүние», -дейді қайырымдылық балын ұйымдастырған Алпамыс Шаримов, - Шара аясында дебютанттарымыз бір ай бойы қайырымдылық шараларын ұйымдастарды. Дебютанттар сіздер үшін тырысты. Олардың арасында мүмкіндігі шектелген жандар да бар. Бірақ сіз оларды байқамадыңыз. Менің мақсатым да осы болатын. Бәріміз денсаулығымызға, байлығымызға, мансабымызға қарамай, қайырымдылық жасай аламыз. Меценаттарға да алғыс айтқым келеді. Біз күліп-ойнап кеткен жоқпыз. Бұйырса, Дәурен деген 9 жасар баланы Израилге жіберуге қаржы жинап жатырмыз. Түскен қаражат өзге де дертті жандардың еміне жұмсалады. Оның ішінде кештің басты кейіпкері Әнел де бар.
Қайырымдылық кешінің ханзадасы болып Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті Мақсат Әбуов, ханшайымы М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Камилла Халелова атанды. Ал облыс әкімі Алтай Көлгінов осындай ауқымды мәдени шараларды өткізуге арналған орталық салынатынын жеткізді.
Шара соңында халықтың сүйіктісі Димаш Құдайберген тыңдармандарына әннен шашу шашты.
Айдана Хамидуллина,
zhaikpress.kz