Атақты альпинист, әлемдегі 14 биік шыңға шыққан Мақсұт Жұмаев 18 мамырда таңғы 8:27-де әлемнің ең биік шыңы - Эвересті екінші рет бағындырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спортшы өзінің ерлігін Астананың 20 жылдығы мен өз оқу орнының 30 жылдығына арнады.
Айта кету керек, Мақсұт Жұмаев Эверест шыңын 2007 жылы бағындырған болатын. Алайда, ол солтүстіктегі маршрутпен жүріп өткен. Осы жолы спортшы шыңға ең қиын маршрут - таудың оң қапталымен жүріп отырып жетті.
Қазір ол таудан түсіп келе жатыр.
AlmaU оқу орнының экспедициясы Мақсұт пен оның тобын күтіп алу үшін Непалға ұшып кетті.
Белгілі қазақ альпинисі Мақсұт Жұмаев Қазақстан мен Қырғызстандағы барлық шыңдарды бағындырды. ТМД аумағында табаны тимеген тау жоқ. Әлемде биіктігі 8 000 метрден асатын не бары 14 тау болса, соның 14-іне де шыққан.
Мақсұттың есімі айтулы биіктерге шыққан ең жас және оларды ең қысқа мерзімде бағындырған альпинист ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуі тиіс.
zhaikpress.kz