Салтанат сарайында «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі» атты конференция өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Заман» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, РФ-ның Орал қаласындағы консулы Саид Забитов, құқық қорғау, мемлекеттік құрылым, саяси партия, ҮЕҰ, этномәдени бірлестік жетекшілері қатысты.
Конференцияны ашқан өңір басшысы жиналғандарды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Елбасымыздың тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуындағы, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды сәтті жүргізудегі, елімізде бейбітшілік пен келісімді, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
-Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен 25 жыл ішінде әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатынымызды паш еттік. Осындай игі істерде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ерен екендігі сөзсіз. Бүгінгі таңда Қазақстанды бейбіт мемлекет ретінде бүкіл әлем таниды.
Елбасының жүргізіп отырған қазақстандық даму жолы мен моделі әлем қайраткерлері тарапынан зор қызығушылық туғызып отыр. Оның жетекшілігімен еліміз ешкімге ұқсамайтын экономикалық даму жолына түсті. Даму қарқыны жағынан ХХІ ғасырдағы көш бастаушы мемлекеттердің қатарына қосылды. Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетті экономикасы орнықты елдердің қатарына қосты.
Қазіргі таңда халықаралық аренада еліміз жеткен жетістіктер аз емес. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, 2011 жылы қысқы Азия ойындары, 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы, республикамызда халықаралық «Экспо-2017» көрмесінің, ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарының өтуі және тағы да басқа жетістіктер Қазақстанның халықаралық дәрежеде мойындалғандығының белгісі.
Тұрақты ішкі саяси ахуал, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім, мемлекеттік құрылысты ұтымды жүргізу – егемен елдегі тұрақтылықтың нышаны. Еліміз және елін жарқын болашаққа жетелеген Елбасымыз аман болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!-деді өз сөзінде Алтай Сейдірұлы.
«Ұлт көшбасшысының «Қазақстандық жолы» тақырыбына баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен тұңғыш Президентіміздің басшылығымен республикамыз әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналғанын айтты. «Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген,-деді Серік Кенжебекұлы.- Татулық пен достықта тұруды ежелден серік етіп, қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат, қайтпас қанат-мұра ретінде бүгінгі ұрпаққа дейін жетті. Қазақ елінің соңғы жиырма бес жыл тұтқасын ұстап, туын көтерген тұрлаулы да тұғырлы тұлғасы – Тәуелсіздігімізді алып, егемендігімізді бекіткеннен кейінгі еліміздің дамуы, оның әлем алдындағы беделінің өсуі Елбасы бастаған қазақ халқының қажырлы еңбегі екені барлығымызға аян. Ғасырларға созылған мемлекеттіліктің даму эволюциясында ең ерекше заңды факт - ол Елбасының Қазақстанды халықаралық құқықтың субъектісі ретінде дүние жүзіне танытуы.
Тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдады. Мемлекеттің, оның басшылығының қандай саясат жүргізуіне, қандай бағыт және жол таңдағанына сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Осы орайда, Елбасы құрған - «Нұр Отан» партиясы барлық қиындық пен сынақты халықпен бірге бөлісіп, әрқашан еліміз үшін күрделі әрі өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдады және олардың орындалуына әрдайым қол жеткізіп отырды. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің жетістіктері жүздеген мың «нұротандықтардың» еңбекқорлығымен, сондай-ақ біздің партиялық бағдарламаларымызды қолдайтын, жалпыұлттық және жергілікті сайлауларда партия кандидаттарына дауыс беретін қазақстандықтардың басым көпшілігінің жоғары сенімімен тығыз байланысты».
Елбасы саясатына тарихи талдау жасаған М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев Әбілхайыр хан мен Елбасы Н.Ә.Назарбаев саясатында сабақтастық барын баяндады.
БҚО орыс мәдени орталығының төрағасы Сергей Погодин тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы Елбасының рөлі турасында сөз өрбітті. Жиын барысында сөз алған РФ-ның Орал қаласындағы консулы Саид Забитов Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан егемендігінің ширек ғасыры ішінде көптеген табысқа жеткенін мәлімдеді. Конференция барысында сондай-ақ «Заман» БҚО өндірушілер қауымдастығының төрайымы Айгүл Туркина, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4-курс студенті Әйгерім Төлен және қоғамдық ұйым өкілдері Елбасы, ел тәуелсіздігі, ел ертеңі туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Сәкен Әбілхалықов