5.06.2018, 22:32
Оқылды: 45

Алтай Көлгінов: ««Ақжайық» футбол клубына қаражат бөліп отырғанымызбен, алдағы уақытта сол қаржыны спорт инфрақұрылымына арнасақ дейміз»

AQJAIYQ телеарнасында тікелей эфирде өткен «Әкім сағатында» «Ақжайық» футбол клубына қатысты көрермен сұрағына жауап берген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов осылай деді.   


-«Ақжайық» футбол клубы – республикадағы бюджеті ең аз клуб. Айлықтарын да мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттен береміз. Жігіттерге рақмет айту керек – жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жақын арада мықты командаларды жеңгенін көрдіңіздер. Олардың ынтасы, клубының намысы. Алдағы уақытта бюджетке қарап отырмай, инвестиция болу керек. «Ақжайық» клубы Үкіметтің қаулысымен жекешелендіру тізіміне енген мекеме. Сондықтан алдағы уақытта жақсы инвестор болса дейміз. Қазір қаражат бөліп отырғанымызбен, алдағы уақытта сол қаржыны спорт инфрақұрылымына арнасақ дейміз. Әсіресе жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жағдай жасағымыз келеді. Жастар спортпен жүйелі айналысса, чемпиондар шығады. Инфрақұрылымды, аулаларды, мектептердің спорт жабдықтарын дамыту қажет. Өткен жылы 50 аулада спорт алаңқайларын салсақ, биыл 30 алаңды абаттандырып отырмыз. Мұның бәрі бұқаралық спортты дамытудың жүйелі жұмысы.

«Ақжайық» стадионы қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Қазір «П.Атоян атындағы стадионда ойнап жүр, ол да ескірген стадион. Ақсайда жақсы стадион салынды. Ол жерде біздің «Ақжайық» екі-үш ойын өткізіп, жақсы нәтиже көрсетті. Көрермен сауалында айтқанындай, бюджеті өзге клубтардан екі есе аз болса да алтыншы орыннан тұрақты көрініп отыр.

Қыста «Жастар» стадионын қалпына келтірдік. Қыста допты хоккей ойнайды. Олар біздің өте мықты команда. Республиканың құрама командасында 70 пайызы біздің жігіттер ойнауда. Финляндия, Норвегияны ұтты. Бірінші-екінші орында Швеция мен Ресей, солармен ойнап жүр. Ары қарай қолдап, күшейтсек дейміз.

Шорт-тректен де жақсы нәтижелеріміз бар. Теннис корты салынды, енді мықтылар шығады. Инфрақұрылымды дамытса, спорт та дамиды. Чемпион Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығын бекер ашқан жоқпыз. Ол үлкен жарыстарының арасында шеберлік дәрістерін өткізіп тұрады. Жас боксшылар чемпионға қарап өседі, мектеп қалысады. Спортқа инвесторлар тартуымыз қажет,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

Фото Александр Куприенко

Айбатыр Нұраш

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале