9.02.2023, 10:15
Оқылды: 46

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «Интеллектуалды ұлт қалыптастыруда өңірлік баспасөздің маңызы зор»

Өткен айдың соңын ала Отанымыздың бас қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Өңірлік мерзімді басылымдар форумы» атты алқалы жиын өткені аян. Алғашқы рет ұйымдастырылып, еліміздің өлке-өңірлерінен 200-ден астам делегат қатысқан аталмыш басқосуға біз де арнайы барып қайттық. 25-26 қаңтар күндері өткен форумның мұрат-мақсаты, талқыланған мәселелер, ортаға салынған ұсыныс-пікірлер хақында өз басым әлеужеліде (Facebook) жазғанмын. Бірақ кейбір жергілікті әріптестер алғаш рет ұйымдастырылған форум жайында кеңірек баяндау жөнінде қолқалағасын, үшбу тақырыпты бүгін қайтадан қаузап  отырған  жайымыз  бар.  

2023_01_25_bif_2186

Фото: ашық дереккөзден

Соңғы 15-20 жылдың бедерінде облыстық һәм аудандық газеттердің мәртебесі (статусы) өзгеріске ұшырағаны мәлім. Біраз басылым облыстық деңгейде құрылған медиахолдингтердің құрамына алынса, базбір өңірлік басылымдар, әсіресе, аудандық газеттер жекеменшік баспасөз өнімдеріне айналды. Олардың кейбірі нарықтың қатаң талабына төтеп беріп, жеке-дара саясатын да, шаруасын да жүргізуге төселсе, кейбірі әлі күнге дейін «шықпа жаным, шықпамен» күн кешіп келеді. Айтпақшы, Түркістан, Қарағанды өңірлерінің байырғы облыстық газеттерінің редакциялары әлі күнге дейін өз алдына мекеме ретінде түтін түтетіп келеді. Заңды тұлғалық мәртебесі сақталған олар «аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ». Керісінше, өздері тапқан табыс-кірісін өздерінің өндірістік-әлеуметтік мүдделеріне қажетінше жұмсап, экономикалық-қаржылық дербестіктің игілігін көріп отыр.

Әрине, күн өткен сайын цифрлық технологияның көкжиегінің кеңейе түсуі газет атаулының ақпарат тарату қызметін аяғына жем түскен аттай шоқырақтатқаны жасырын емес. Сөйте тұра, газет-журналдардың халық пен билік арасындағы дәнекерлік қызметі мен қалың бұқараға, яки қоғамдық санаға идеологиялық тұрғыдан бағыт-бағдар берер, жөн-жосық көрсетер тәлім-тәрбиелік, тағылымдық-танымдық миссиясын ешкім тартып ала алмасы анық.

– Мерзімді баспасөз өнімдері тарихымыз бен мәдениетімізді, рухани ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін негізгі ақпарат құралы екені сөзсіз. Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген даналық көзқарасы өзектілігін жоймақ емес. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, өңірлік басылымдар интеллектуалды ұлт қалыптастыру мен қазақстандық патриотизмнің жаппай сипат алуы, қоғамдық тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ өлке-өңірлердегі қордаланған мәселелерге билік назарын аудару бойынша зор мән-маңызға ие екендігін мықтап ескергеніміз жөн.Сонымен қатар отандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігі де өңірлік басылымдар басшыларының ұдайы назарында болуы тиіс.

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғаммен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, келелі міндеттер қойды. Ендеше, өңірлік газеттердің мәселелерін, нақтырақ айтар болсақ, оқырман санын арттыру арқылы мерзімді баспасөз өнімдерінің таралымын көбейту, қаржыландыру және редакциялардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту мақсатында министрлік пен жергілікті билік құрылымдары бірлесіп тиянақты жұмыс атқарғаны жөн, – деді аталмыш алқалы жиынға қатысып, өз ойын ортаға салған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлік басылымдарда жарияланған сауатты сараптама сипатындағы мақала-материалдар газет беделін көтеріп қана қоймай, көптің көкейіндегіні қозғап, күрделі шаруалардың шешілуіне ықпал ететініне, қоғам талқылауына ұсынылған журналистика саласына тікелей қатысты жаңа заң жобасының жай-жапсарына, өңірлік баспасөз өнімдерін шығару барысында цифрлық технологияның жетістіктеріне жүйелі жүгіну, газет дизайнын жетілдіру мен фотожурналистиканы өрістету, БАҚ-қа бөлінетін мемтапсырыс пен демеуқаржы (субсидия), қосымша құн салығы, газет тасымалы сықылды қадау-қадау мәселелерге кеңінен тоқталды. Түркітілдес журналистер қорының төрайымы Нәзия Жоябергенқызы кейбір журналистердің өзінің ақпарат алу құқығын пайдалану барысында жалпыға ортақ әдеп қағидаларын ескермейтінін орынды атап өтіп, аталмыш қордың журналистердің шеберлігін шыңдауға, кәсіби білім-білігін жетілдіруге үнемі мүдделі екенін тілге тиек етті. Бұған қоса ол «Газет, сайт  ашып алып, өз иелігіндегі БАҚ-ты «ақпараткиллерге» айналдырып, «тапанша» ретінде жеке мүддеге пайдалануға болмайды» деген пікірін де көптің талқысына ұсынды. Ал бірқатар спикер газет сайтын жетілдіру, цифрлық технологияның әлеуеті, журналистикадағы монетизация және балалар басылымдары үшін комекс жасау бойынша слайдтарды пайдалана отырып мол мағлұмат берді. Өңірден келген әріптестер де өз ой-пікірлерін ортаға салды. Мысалы, «Сыр-медиа» ЖШС-ның бас директоры Аманжол Оңғарбаев газет тасымалы бойынша әбден монополиске айналған «Қазпоштаның» қызметіне жүгінбей-ақ аудан-ауылдарға газет жеткізуді жүйелі жолға қойғандығын, ал «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан цифрлық технология дәуірлеп тұрған қазіргі заманда газеттерге ақпарат көзінен гөрі, идеологиялық құрал деп қарау қажет деген көзқарасын алға тартты. Сонымен қатар кейбір облыстардан келген әріптестер «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясына журналист мамандығын енгізу, медиахолдингтердің құрамындағы таралымы көп іргелі һәм қоғамдық санаға ықпалды газеттердің редакцияларының есепшотын ашу мәселелерін де көтерді. Осы тұста ерекше екпін түсіріп айтар жайт, өлке-өңірлерден келген әріптестер тарапынан «Қазпошта» АҚ-ның газет тасымалы қызметіне қатысты өкпе-реніш өте  көп  айтылды.

Екі күндік алқалы жиынды қорытындылай келе, сала министрі биылғыдай форумды мұғалімдердің тамыз мәслихаты секілді жыл сайын өткізуге пейілді екенін және форум жұмысына көшпелі сипат беруге оң қабақ танытатынын  мәлімдеді.

Сауытбек Әбдірахманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе, телеарналар рейтингтің соңына түсіп, жақсылық пен

жамандықтың аражігін айырудан қалып барады. (Арзан сенсация қууды әдетке айналдырған газеттер де баршылық. Б.Ғ.). Алыс ауылға көгілдір отынның жеткені немесе сапалы ауыз су құбырының тартылғаны, иә болмаса жаңа балабақша мен аурухананың ашылғаны туралы ақпараттың қаралымы, оқылымы төмен саналады. Ал жағымсыз жайт, адам жаны түршігетін оқиғаларды жаманатты жарнамалағандай болып жалаулата  береміз.

Иә, барлық шаруа бірдей оқсап жатқан жоқ. Сөйте тұра, халықтың өмірін жақсарту үшін, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігін жеңілдету үшін жүзеге асып жатқан жоба-жоспарлар да бар емес пе?! Бәзбіреулер байбалам салып жүргендей, біздің Отанымыз әлеуеті әлжуаз, соншалықты сорлы ел емес. Ендеше, ертеңгі күнге елдің үмітін үкілеп, сенімін нығайтатын жақсылықтарды көре білейік, көрсете білейік. Әсіресе, бұл қазіргідей сайлау қарсаңында маңызды. Себебі сайлау өтетін күн таяған сайын саяси  партиялар өз бағдарламаларын ұсынып, депутаттықтан үміткерлер алысты-жақынды, үлкенді-кішілі елді мекендерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарына ден қояды. Әрі олардың барлығы дерлік ел ішіндегі кемшіліктерге баса назар аударады. Себебі кім кемшілікті көбірек тілге тиек етсе, соның сөзі қалың бұқараға өтімдірек болатыны бесенеден белгілі жайт.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Ақпараттық-цифрлық технология кең қанат жайған сайын, «Енді газет-журналдардың керегі бар ма? Керегі болса, олардың оқылымдылығын арттырудың және мерзімді баспасөз саласын дамытудың қандай бағыт-бағдары бар?» деген сұрақ жиі көлбеңдейді. Газеттер қазіргі кезде оқырмандарын жедел ақпаратпен таңғалдыра алмайды. Өйткені бұл міндетті бүгіндері телерадиожурналистикаға қоса, әлеуметтік желі атқаруда. Демек, газеттер, соның ішінде өңірлік басылымдар да ағартушылық-танымдық мазмұндағы дүниелерді жиі жариялау арқылы бәсін биіктетіп, мәртебесін асқақтата алады. Оқу мәдениетінен көз жазған адам ойлау мәдениетінен де мақұрым қалатынын ұмытпайық.

Тағы бір айрықша назар аударар жайт, біздің дәуірімізде қазақ тілінде сауатты жазу мәдениетін сақтап отырған ана тілімізде шығатын газет-журналдар ғана. Әлеуметтік желі атаулы басқасын айтпағанда, жаппай грамматикалық-пунктуациялық тұрғыдағы сауаттылықтан  әзірше  ада...

Форум  материалдарын  дайындаған:

Бауыржан  Ғұбайдуллин,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале