Биыл 6 айда еліміздің аумағында 4 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелді. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов айтты, деп жазды ҚазАқпарат.
«Бірінші жартыжылдықта 4 079 қылмыстық есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Есірткі сатудың 1 048 фактісінің жолын кестік. Бұл өткен жылға қарағанда үш есе көп. Сондай-ақ есірткі заттарын аса ірі көлемде сақтаудың 254 фактісінің жолы кесілді. 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілеріне және мүшелеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды. Есірткіні Интернет арқылы сату фактілері бойынша 371 қылмыс тіркелді. Есірткіні жарнамалау және насихаттау фактілері бойынша 46 сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісі қозғалды», — деді ол ведомствода өткен брифингте.
Оның дерегінше, 31 есірткі зертханасы жойылды. Олардың 17-сі синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан. Есірткі өндірушілерден 186 келіге жуық тұтынуға дайын синтетикалық есірткі және 2 тоннадан астам прекурсор тәркіленді.
«Тәркіленетін синтетикалық есірткі мөлшерінің жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өткім келеді. Тек бірінші жартыжылдықта 355 келіден астам осындай психикалық белсенді заттардың немесе 700 мыңнан астам бір реттік дозаның қала көшелеріне өтіп кетуіне жол берілмеді. Бұл мәселенің күрделілігін түсіну үшін айта кетейін, осы есірткінің 1 граммын сатқаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Барлығы 17,5 тонна есірткі, оның ішінде 3,2 тонна марихуана және 426 келі гашиш тәркіленді», — деді Бақытжан Әмірханов.