
Шымкент шаһарында көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында өтетін ел чемпионатына Батыс өңірінің намысын қорғайтын үздіктер анықталды.
Күні кеше Оралда өткен облыстық “Winners Cup” турнирі жас спортшылар үшін үлкен сын әрі мүмкіндік алаңы болды. Додаға облыстың және көршілес Атырау өңірінің дарынды гимнасттары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Әсемдік пен шеберлік тоғысқан бұл жарыста 2011–2013 және 2014–2016 жылдары туған жас гимнасттар арасынан суырылып шыққан үздіктер ел чемпионатына жолдама иеленді.
Енді Шымқалада өтетін ел біріншілігіне облыс үмітін арқалап, көрерменді талантымен тәнті ететін спортшылар кімдер? Соған тоқталсақ. Оралдағы жарыста жеңіске жеткен Виктория Яковлева, Диана Жасталапқызы, Ника Базыма, Самира Сейдахмет, Ясмина Кинжигалиева және Дария Делекешева сынды гимнасттар ел чемпионатынан жолдама жеңіп алды.
Қазіргі таңда арулар жауапты додаға қызу дайындық үстінде. Әр қозғалыс, әр қимыл талай еңбектің жемісі. Алда ел біріншілігінің биік тұғыры тұр.
Жас гимнасттарға сәттілік тілейміз! Олар облыс намысын абыроймен қорғап, өңір мерейін үстем етеді деген сенім мол.
Айта кетейік, ел біріншілігі сәуірдің 20-26 күндері өтеді.
Түгелбай Бисенов,
"Жайық Пресс"