Теректі ауданының Долин ауылдық округіне қарасты жерде «Алтын ханшайым» кесенесінің құрылысы басталды. Ауданға жасаған сапары барысында облыс басшысы Алтай Көлгінов кесененің құрылысымен танысты.
Кесене «Подстепный – Федоров – РФ» тасжолынан оң жаққа қарай 250 метр жерде орналасатын болады. Ат басын арнайы бұрған Алтай Сейдірұлы кесене қабырғасының астыңғы бөлігіне бір шелек лай (цемент ерітінді) құйып, бұл нысанның ел-жұрт зер салып, көз тоқтатып қарайтын, туристер үшін тың дүние болатынын айтты. Өйткені, жол бойында биіктеу төбенің үстіне салынып жатқан кесененің іргетасының өзі алыстан «мен мұндалап» тұр. Биіктігі жеті, ені төрт метр болатын кесене 20 сотық жерді алмақ.
– Облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы Теректі ауданы аумағындағы Долин ауылының Тақсай қорған кешеніне жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Алтын ханшайым» табылған еді. Ағаш бөренемен жабылған жерлеу орнынан аса қымбат әшекей бұйымдарына көмкерілген әйел адамның мүрдесі шықты. Басында шошақ төбелі алтын бас киім болған. Жерленген орнынан сексеннен аса алтын бұйым табылды. Бұл ескерткіштің түпнұсқасы қазір Ұлттық музейде сақтаулы тұр. Бұл біздің ел үшін тарихи тұрғыдан құнды, маңызды жаңалық екені даусыз. Бұл жәдігерді қалпына келтіру ісімен қазақстандық ғалым-реставратор Қырым Алтынбек бастаған мамандар айналысқан болатын. Мамандардың айтуынша, ол біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырлардағы археологиялық ескерткіштер санатына жатады. Бүгінде Тақсай қорған кешеніне шамамен 2,5 мың жыл болған.
Кесененің құрылыс жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында меценаттар есебінен жүргізілуде. «Заңғар» жеке кәсіпкерлігі қолға алған бұл жобаның жалпы құны 8 млн. теңге. Кесене құрылысын бір ай ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Теректі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов.
Тақсай қорған кешені Қазақстанның Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жариялаған киелі орындар тізіміне кіретін 100 нысанның қатарына кіргені белгілі.
Ясипа РАБАЕВА,
Теректі ауданы