24.03.2022, 9:00
Оқылды: 46

«Алтыннан да қымбаттау алтын iнiм»

Қазақтың Қадыры атанған Қадыр Мырза Әлі Ақ Жайықтың ол да бір азаматы – Мақсот Бергенге осылай деген екен. Бүгінде жетпістің бесеуіне толғалы отырған сол Мәкең – Мақсот ағамызды отыз жылдан астам уақыттан бері білемін. Үлкен-кішіні жатырқамайтын, ешкімнің алдында бүгежектемейтін, аңқылдай сөйлеп, жарқылдай күлетін, еркін жүретін жан екеніне көзім жетті. Лауазымды жұмысы, қоғамдық ортада  салмағы, облысымызға жететін абыройы мен атағы болса да, біреулер құсап ыңырана амандасып, ырғала баспайды. Керісінше, жан-жағын жамырата сөйлетіп, жарқырата күлдіріп, қауқылдай сөйлеп, қарқылдай күліп, айналасындағыларға шырай тарататын бір жылылық, ерке еркіндік, қазақи қарапайымдылық еседі де тұрады тұла бойынан.

51C52D05-B96D-46E2-A91F-A2DE7F1B59F7

Бала күнінен пысық, өткір, көпшіл болыпты. Күндердің күнінде екеуара әжің-гүжің әңгіме тиегін ағытқанда былай деп еді. «Қолды аяққа тұрмайтын, кім не айтар екен деп елеңдеп тұратын бала болдым. Тілалғыш едім. Жұмсағанға жүгіре жөнелетінмін. Мал қайырып келу, ат әкеле қою, бір нәрсені апарып тастау, әкеліп беру сияқтыларға жұмсағанда екі айтқызбайтынмын. Кейінгі өмірімнің оң қалыптасып, сәтті ғұмыр кешіп келе жатқаным жастайымнан алып-ұшып тұратын елгезек мінезімнің, ізгі ниетімнің арқасы-ау деп отырамын. Балдәурен шағымда да, одан кейін де адамдарға жасаған үлкенді-кішілі жақсылықтарым үшін алғыс пен бата алудан кенде болғаным жоқ». Бүгінде де сол – қиналғанға қайырылғысы келіп, алып-ұшып тұратын, сол аңқылдап сөйлеп, жарқылдап күлетін қалпынан айнымаған. Ананың сүтімен дарыған тәрбиесі, қанымен сіңген қасиеті. Марқұм Серікқали Шарабасов ағамыз «Кісіжанды, ұлтжанды бауырым» деп қараптан-қарап айтпаған ғой.

Мәкең Сырым топырағындағы Ақыраптың Жайылма деген жерінде дүниеге келген. Ауылдың әйелдері арасында сыртқы сымбатымен, ажарлы бейнесімен ғана емес, оларға қоса ақылымен айрықша дараланған анасы Закария дүниеге жеті перзент әкеліпті. Сүт кенжесі болғасын ба, мұны ерекше жақсы көрген. Бірақ шектен шығарып еркелетпеген, соғыстан енді-енді ес жиған, қиын кез болса да, баласының мектепте оқуына, он жылдық білім алуына барлық жағдайды жасапты. Жоғарыда айтқанымыздай, кішкентай күнінен қара бастың қамын ойлауға емес,  көпшіл болуға, айналасына қайырымды болуға тәрбиелеген. Сол анасының бас-көз болуымен еңбекке ерте араласты. Жыл сайын оқушылардың үш ай демалысы кезінде үйінде үш күн де отырып көрген жоқ. Колхоздың ыңғайы келген жұмысына тартынбай жегілді. Қандай жұмыс болса да қиналмайды, ойнап-күліп жүріп атқарады. Әзіл-қалжыңды жанындай сүйіп, қасындағыларды көңілдендіргісі келіп тұратын. Тағы бір каникулда комбайн штурвалына отырды. Мектеп оқушысына комбайнды басы бүтін беріп қою – ол кезде сирек кездесетін жағдай. Бірақ Мақсотты жыл сайын біліп-көріп жүрген бригадир мен үлкен ағалар оның еңбекқорлығын бағалағандары ғой, үлкен сенім артты. Бұл да ұятқа қалмауға тырысып, намысқа басты. Комбайнды балаша мәпеледі, моторын майлады-сайлады, босаған жерлерін бұрады-тартты, әйтеуір асты-үстіне түсті. Уақытпен санаспады, тыным таппады. Соның арқасында көп ұзамай оқушы-комбайншы бригада бойынша маңдайы жарқырап алға шықты. Сол қарқынынан егін орағы аяқталғанша танбады. Қыруар қаржы тапты. Қызықтың көкесі кейін болды. Шаруашылық жылды қорытындылап, оза шапқан ерлерін марапаттағанда олардың арасында оқушы Бергенов Мақсоттың да есімі жүр еді. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» деп аталатын мемлекеттік марапат-медаль жасөспірімнің кеудесіне тағылды. Сондағы анасының қуанғанын көрсеңіз, шіркін!

Мектепте жүргенде журналист болуды армандағаны есінде. Жоғарғы сыныптарға жеткенше осы арманның жетегінде болып, ақ қағазға арбалған кездері көп. Бірақ оларын ешкімге көрсетпейтін. Күндердің күнінде химия пәніне барлық ниетімен құлады. Басқаларға ең қиын пән болып көрінетін ол Мақсоттың ең сүйікті сабағына айналды. Бара-бара химияға биология пәні қосылды. Бұл екі пән жеткіншекті дәрігер болуға жетелеген екен. Күндердің күнінде Мақсот осы мамандыққа мықтап табан тіреді. Оқуға зерек, қоғамдық жұмыстар десе, жанып кететін жасөспірім сыныптың старостасы болды. Сабаққа әлсіз балаларды алға сүйреп, оған жақсы оқитын ұлқыздарды жұмылдырып тыным таппайтын. Бұл, сірә, жылдар өте ие болатын көшбасшылық-лидерлік қасиеттің ұшқыны Мақсоттың бойында тіпті ерте, сон-а-у бала  кезден жалтылдай бастағанын  аңғартса  керек.

Күміс қоңырауы сыңғыр қаққан, қайран, оқушылық кезең де аяқталды. Алда өзі іштей кесіп-пішіп, сосын анасының батиқасы мен рұқсатын алған Ақтөбенің медициналық институты қол бұлғап тұрды. «Босқа сандалып, бос жүріп қайтып келме!» деген анасы бұған аттанарда. Оқуға түсті! Түсіп тұрып, Алматыдағы медициналық институтқа ауысқаны – өз алдына бір хикая. Тап сол сәтте де марқұм анасы Мақсоттың бұл шешіміне қарсы болған жоқ.

*   *   *

Фармация факультетін бітіріп, Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен сол кездегі Орал облысына келді. Дәріханалар басқармасының бастығы Уәли Достаев, бөлім бастығы Оңайбек Нығышев жас маманның жұмысына төселіп кетуіне көп көмектесті. Көп ұзамай қалалық №1 дәріхананың меңгерушілігіне жұмысқа жолданды. Жұмысқа жанын сала кірісті. Ең алдымен, ұжыммен жақсы, өзара сенімді қарым-қатынас, мамыражай ахуал қалыптастырды. Мұндай еңбек қатынасы өз жемісін берді. Дәріхана үш жыл қатарынан облыстық социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Одан ол қалалық орталық дәріхана деген статусқа ие болды.

Араға екі-үш жыл түскенде Мақсот Берген бұл дәріхананы бүкіл республикаға танытты. Тіпті ұжымның жұмыс тәжірибесі еліміз бойын­ша үлгі етіліп, арнайы кітапша болып шықты. 1984 жылы Мақсот Қабышұлы еліміздегі ең байырғы оқу орны саналатын сол кезде ашылғанына ғасырға жуықтап қалған Оралдың медициналық колледжіне директор болып тағайындалды. Осы жұмысына кіріскен алғашқы айларындағы қиындықтар есінен кетпейді. Ең алдымен, мұнда жұмыс істейтіндердің түгелге жуығы орыс тілді екен. Қазақ мұғалімдердің өзі бастан-аяқ орысша сөйлейді. Сабақтың бәрі орысша. Шәкірттердің дені ауылдық жерлерден, қазақ мектебін бітіріп келгендер, орыс тілінде жауап бере алмайды. Оқытушылар бұған бастарын ауыртпайды. Тіпті сабақ білмейді деп, оқудан шығаруға бейім тұрады. Соның салдарынан сабақ үлгерімдері нашар, ол оқу көрсеткіші мен сапасын кері кетіріп тұр. Мақсот Қабышұлы өзі сабақ беретін пәндерден қазақ оқушыларына дәрісті қазақ тілінде беріп көріп еді, шәкірттер түлеп шыға келді. Үлгерімдері бір семестрде-ақ түзеліп, одан әрі жақсарып кете барды. Сөйтіп, бара-бара училищеде қазақ бөлімі ашылды.  

Мәкең аталмыш училищеге 28 жыл басшылық жасады. Осы жылдарда талай жұмыс атқарылды. Оқу орнының ғимараттарын жөндеу, жұмысқа білікті ұстаздар тарту, сабақты мемлекеттік, қазақ тілінде жүргізуге біртіндеп көшу сияқты ұшы-қиыры жоқ жұмыстарды атқаруға қаншама күш-жігерін жұмсағанын айта көрмеңіз... Үміттің шоғын үрлеген ұйқысыз түндер, мазасыз күндер өтті ғой талай. Бірақ, Құдайға шүкір, жемісті, жеңісті шақтар алда екен! Оқу орны республика бойынша алдыңғы қатарлардың бірінен табылды.

Өткен күндердің шоғын көсеп, естеліктердің қызуына жылынып  отырған Мәкең маған осы арада былай деді: – Училищенің директорлығына мені облыстың сол кездегі бірінші басшысы Мұсекең – Мұстахим Ықсанов тағайындады ғой. Ал ол кісіге мені ұсынып жүрген менің өткен жылдарымдағы ғайып ерен, қырық шілтендей қорғаушым да, қолдаушым да Бәкең – Бақтығали Ахметов ағай екен. Ол ағамыз сол кезде облыстың денсаулық сақтау саласын басқаратын. Арамыздан ерте кеткен Еркін Бөлегенов ағамыздың да (облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болған) маған зор сеніп артқанын әлі күнге ұмытпаймын. Мұны айтып отырған себебім – мынау Мақсот Берген де өзінен өзі аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ, алдыңғы толқын азаматтардың ізімен жүрді, олардың алдын көрді, ағалық алақандарының жылуын сезінді дегенім ғой... Осылай деп жазып қой!  

Мақсот Берген сонау 90жылдарда ұлт, салт-дәстүр, тіл (қазақтың деп түсініңіз) мәселесіне қарабұлт үйірілгенде қым-қуыт айтыс тартыстардың, сан сағаттарға кеңірдек жыртқан қызу жиналыстардың қақ ортасында жүрді. Қара басына қауіп төнген сәттер де көп болды. Бірақ Қабышұлын алған бетінен ештеңе қайтара алған жоқ. Азаматтың арындап асуға ұмтылған, кейде тауы шағылып, арыны басыла жаздаған сындарлы шақтарында жанжары Мерует Елеуқызы үнемі қасынан табылды.

Ер-азаматын үнемі қолдап, жігерін жанып отыратын бір әйел болса, ол осы Меруерт жеңгеміздей-ақ болар. Екеуі сонау Алматыдағы медициналық институтта бірге оқыпты. Жоғарыда айтқан Орал қаласына қатар келіп, еңбек жолдарын бастаған. Бұрыннан бірін-бірі жақсы білетін, оң қабақтары тартып жүретін  жастардың жүрегі сонау институт қабырғасында жүргенде-ақ бірге соға бастаған ғой... Содан көп ұзамай, 1971 жылы 11 желтоқсанда қол ұстасып, болашақ күндеріне бірге аттанған! Осы жерде айта кеткен жөн,  сонау жет­пісінші жылдары Орал облысында провизор мамандығы мүлдем жетіспей жатыпты. Мақсот пен Мерует сол жетпестердің орнын толтыруға келген алғашқы қарлығаштар еді. Жұмысқа бар ынталарымен кіріскен қос маман көп ұзамай қызмет бабында жоғарылай бастады. Бүгінде екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, немере-жиен, шөбере сүйген ата мен әже. Мәкең осы күндерде сол баяғы кәсібінен қол үзген жоқ,  2012 жылы «Мақсат» жеке медициналық колледжін құрды. Оқу орнының жұмысын жыл санап өрістетіп, өркендетіп келеді. Бұл оқу орны - республикадағы 90-нан астам колледждердің ішіндегі таңдаулылардың бірі. Сан жылдарға созылған алқаусыз еңбектің абыройы Мәкеңді іздеп келіп, тауып жатыр. Ол – Сырым ауданының, Орал қаласының құрметті азаматы атақтарының иесі. Осынау атақтарға дейін «КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері» марапаттарымен қатар,  бірнеше мемлекеттік медальдарға ие болған. Күні кеше «Құрмет» орденімен марапатталды. Осы өткен жылы облысымыздың ардагер қариялары Мақсот Қабышұлы Бергенді бірауыздан Батыс Қазақстан облысы ардагерлер ұйымының төрағасы етіп сайлады. Бұған Мақсот Қабышұлының облыстық кеңестің мүшесі және Төралқасына сайланғанын тағы қосыңыз. Жұмыс десе, жасындай жарқылдайтын Мәкең сол баяғы кәтепті қара нардай қалпы. Қиналмай, қияға тартып барады...

Есенжол Қыстаубаев,

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале