4.07.2023, 12:30
Оқылды: 65

Аман-есен жүре берші, ескі дос!

 

Маған қазір мектепте бірге оқыған балалар мен қыздардың бәрі қымбат болып көрінеді. Мектеп бітіргенімізге алпыс алты жыл болыпты. Саусақпен санарлықтай адам қалыппыз. Бәріміз де сексеннен асқан шал-кемпірлер  қатарындамыз.

Құтт_Қатима_Калимулда

Сыныптастардың арасында маған етене жақын болғандар Натол Дүйсеғалиев пен Қалимолда Зинуллин еді. Натолым бұл дүниеден ерте көшті. Қалақаң екеуміз Алла тағаланың арқасында әлі жер басып жүрміз. Кейбір дос-жолдастар туралы қал-қадерімше баспасөз бетінде жазып едім. Қалыс қалып қойғаны Қалимолда досым екен. «Сабақты ине сәтімен» дейді. Сәті  енді  түсіп  отыр.

Жақсының жақсылығын айту парыз болса, Қалақаңның жақсылығына қатар өскен құрбыларының бәрі куә болары анық. Өзім де бұл кісінің жақсылығын көп көрдім. 10-сыныпта оқып жүргенде аздаған тентектігім үшін мені интернат жатағынан шығарып жіберді. Басқа барар жер болмады. Қалимолда тәрбиешілермен келісіп, мені қасына алды. Екеуміз бір кереуетке қыс бойы жатып шықтық. Екеуміз де сабақты өте жақсы оқыдық. Бірімізден біріміз қалыспауға тырыстық. Арамызда нағыз бәсекелестік болды. Қолымыз босағанда далаға шығып, махаббат туралы сыр шертеміз. Мен өзіммен бірге оқитын Полина деген қызды ұнатып, бірақ ыңғайыма көндіре алмай қиналып жүрдім. Арамызда хат таситын бірге өскен, бірге оқитын, осы кезге дейін сыйласып, араласып келе жатқан, қазір салиқалы бәйбіше болған сол кездегі Ұмсынғаным деген қыз және Полина екеумізді жақындастырмақ болып, бар өнерін салып жүрген Қалимолда досым болды.

Солардың көмегімен Полина екеуміз отбасын құрып, міне, 60 жыл бойы бірімізге біріміз сүйеу болып өмір сүріп келеміз. Мен үш жыл бойы әскерде болғанда Қалақаң Полинаға шаң жуытпай, қамқорлық жасап жүрді. «Бала, қиқаңдама!» деп мені де ешқайда бұрылтпады. Қай нәрсе де сияқты достық деген – қайшылықты құбылыс. Қалақаң екеуміздің де ұсақ-түйекке бола ренжісіп, теріс айналып жүрген кездеріміз де болды. Бақыт Сақуов және Натол сияқты достарымыз дәнекер болып, бізді қайта табыстырып жүрді.

Шопенгауэр деген кемеңгер неміс философы айтады: «Адам – өз мінезінің құлы» деп. Мінез деген сол адамның өзі ғой. Мінезден құралақан адам, орысша айтқанда, ни рыба, ни мясо. Ондай адаммен тіл табысу қиын. Қалақаңның мінезі де құбылмалы, қайшылыққа толы, бірде көл, бірде шөл болып шыға келетін еді. Арагідік түсініспей қалатынымыз да содан болар. Қалақаң туралы айтамын деп өзімді қабаттастыра беріппін ғой. Қалақаң – көп оқитын, көп нәрседен хабары мол адам. Өмір бойы газет-жорналдар алдырып, әдебиетке, өнерге қатысты мақалаларды жібермей оқиды. Көптен бері «Қазақ әдебиеті» газетімен сырласып отырады. Жады да мықты. Көптеген ақынның өлеңдерін жатқа біледі. Ретімен, жөнімен  айтып  жүреді.

Гераклит деген грек философы айтады: «Мен өмір бойы өзімді іздеп жүрмін» деп. Қалақаңның соңғы кезде іздеп тапқан өнері – садақаларда, ас бергенде өмірден өткен адамдарға Құран бағыштап, дұға оқитыны. Оқып ізденудің арқасында діннің мәнін жете түсінетін болды. Көптеген Құран сүрелерін жаттап алып, түсіндіріп айтып отырады. Қалақаңның тағы бір өнері – батагөйлік.

Бұл жағынан ол алдына жан салмайды деуге болады.

Қалақаң – ортаның адамы. Отырыстарда оны тыңдау, әзілдесіп сөйлесу бір ғанибет. Досы болсын, қасы болсын ойындағысын тіке айтады және тауып айтады. Көбімізді талай-талай тығырыққа тіреген кездері болды. Кез келген адаммен тіл табыса береді. Ол үшін лауазымды әкім де бір, ауылдағы көрші қарт та бір. Бәріне бірдей қарайды. Мәймөңкелеу дегенді бұл кісі білмейді.  Бүгінде Қалақаң 87-ге аяқ басса да, Құдайға шүкір, әлі тың. Ол өне бо-йы салауатты өмір сүріп келеді. Шарап, құмар ойын дегенді суқаны сүймейді.

Кезінде жүгірумен де айналысқан. Қазір таза ауа жұтып, серуендеуді қалт жібермейді. Қалақаңның тасасында қалып, көп еленбей келе жатқан ақылды да сабырлы Қатима деген Құдай қосқан (өзі «әкем қосқан» дейді) жары бар. Қалимолданың осы кезге дейін шалқып-тасып өмір сүріп жүргені бір жағынан Қатимаға байланысты. Екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары мен немерелері қатарының алды болып өсіп-жетіліп, әр салада еңбек етіп жүр. Кейбіреулеріне мен сабақ бердім.

Жұбан ақынның Софья жеңгемізге арнап айтқан мына сөзінің менің Қалимолда досымның жұбайы Қатимаға да қатысы бар-ау деп ойлаймын:

Дүниеде  өзің  екен   деген  мықтым,

Ықпасам  махаббаттан    неден  ықтым.

Не ғалым, не қайраткер  болмасаң  да,

Әйелдің даналығын сенен ұқтым – деген. Өзім де кейде мектепте жүріп табысқан, кейін жұбайым болған кемпіріме риза болған кезде осы шумақ өлеңді айтып жүремін. Қалақаңның еңбек жолы да өнегелі, абыройлы болды. Жаңақала ауданының құрметті азаматы деген атақты жай бере салмаған шығар. «Жаңақала» кеңшарында бас зоотехник, экономист болып қызмет істеді. Сөзімнің соңында Қалақаңа ыңқыл-сыңқылы азайып, алдымызда шат көңілмен жүре берсе екен деп тілеймін.

Тілекжан Рысқалиев,

профессор,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале