Оған үнемі: «Сен мені ынталандыратын мотиваторымсың ғой», – деймін. Өйткені оның өмірлік ұстанымы, ерік-жігері күш беретіні рас. Ол болса, «Мені осындай жылы сөздер жігерлендіре түседі», – дейді жымиып.
Шынында да, айналасындағыларды сөзімен, ұстаным-қағидасымен өзіне еріксіз баурап, маужырағанды оятып, еріншекті сергітетін бір адамдар болады. Менің «мотиваторым» деп меншіктеп отырғаным да сондай жан. Ол біздің 104 жылдық тарихы бар «Орал өңірінің» тілшісі – Айымгүл Төлеуғали. Ұжым қызметкерлері арасында алғашқы болып «Болашақ» стипендиясының иегері атанып, шетелде оқып жүрген талапты жас маман. Мектеп бітірген соң Нұр-Сұлтандағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің грантына ие болған ол журналистика және саясаттану факультетін үздік дипломмен бітірді. Еңбек жолын бастаған облыстық газетте үш жыл тілші болып қызмет етті. «Болашақ» грантымен алғашында АҚШ-тың Оңтүстік Калифорния штатында орналасқан Сан Диего қаласындағы университетте тілдік курста оқыды. Қазір Лос-Анджелестегі Оңтүстік Калифорния университетінде (USC) журналистика саласы бойынша оқып жүр. «Болашақ» амбассадоры» атанған Айымгүл өзінің ізінен ерген жастарға аталмыш бағдарламаның мүмкіндіктерін айтып, таныстырып келеді.
– Америкадағы адамдардың өмір сүру салты, түсінігі біздің елден 100 жылдай алға дамып кеткен. Өйткені ол жақта мақтану, көреалмаушылық, аяқтан шалу деген жоқ. Қарапайым адамдарға барлық жағдай жасалған. Жолын бөгемейді. «Ақ нәсілді» не «қара нәсілді» деген ұғым жоқ. Мысалы, бір қиын жағдайға тап болған адамды одан сайын «таптамайды», дағдарысты ушықтырмайды, керісінше қиындықтан шығу жолын көрсетеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, әр бастаған ісіңді қолдап, ынталандырып отырады. Мен де бұл елдің тұрмыс-салтындағы өзгешеліктерге бейімделе бастадым. Мәселен, елде күнделікті тұрмыстың ағымымен жүре беретінмін. Уақыт тапшы еді. Ал қазір жеке әлемімнің жайлы болуына, жан-жақты дамуыма, арман-қалауыма қол жеткізуге мән бере бастадым. «Адам, ең алдымен, денсаулығын, жанының саулығын ойлауы керек» деген ой түйдім. Сонымен бірге сол тәтті армандардың орындалатынына сену керек. Журналистика бойынша сабақ басталды. Мұнда мүлде басқа жаңаша бағытта оқытады екен. Бұрынғыдай газет-журналға қарап отырмайды, технология заманы болғандықтан Digital технологияны қолданады. ХХІ ғасыр тыңдарманының, оқырманының назарын қалай уыста ұстау керектігін оқытады. Елде алған білімімді тереңдетіп, жетілдіретін сабақтар өте қызықты өтуде, – дейді Айымгүл.
Талапты демекші, Айымгүл өзіне қатал талап қояды. Мақсатқа жету жолында бұл да бір керек қасиет болса керек. Сондықтан да шығар, ол: «Маған талап қойылса, соны міндетті түрде орындайтын адаммын. Өзімнің қалаған нәрсеме оп-оңай қол жеткізіп көрмеппін. Маған сәттілік еңбекпен ғана келеді. Ал арыз-шағым, сылтау-себептері таусылмайтын жандардан мың шақырым қашық жүремін. Бір жерді айналшықтап, таптай бергеннен еш пайда ұтпайсыз. Сондықтан сылтау айтуды доғарыңыз», – дейді.
Газеттің қым-қуыт тірлігі кейде айналаңда не боп жатқанын бақылауға мұрша бермейді. Сол кезде бір кабинетте отырған Айымгүл өзіне еріксіз назар аудартатын еді. Ерік-жігері тасыған жас маман тың идеяларын айтып, әлде болмаса, мақаласын әп-сәтте жазып тастап, арқасын кеңге салып, армандап отыратын. Сол арманына жетуге жоспар құратын. Әйтеуір, салы суға кетіп, берекетсізденбейтін. Керісінше, айқын мақсаты, бағдарлы бағытына айналған «Болашаққа» түсу жолында күш-жігерін жани түсетін. Ал қасыңда өзіне осындай талапшыл жан отырғанда шағым айтып, «шаршадым» деу ұят. Ол редакциядағы тірлікті «Шығармашылық жұмыс болған соң, кейде шабытың таусылып, қаламың жүрмей қалады. Ондайда бөлім басшысы кабинетіне шақырып, «құшақтап тұрып, пышақтап алады». Сапқа қалай ілігіп кеткеніңді білмей қаласың» деп есіне алады. Шынында, жауапкершілігі зор қызмет оның қанатын қатайтып, шыңдай түсті.
Бүгінде шетелдің біз үшін беймәлім дәстүр-салтымен, сана-сезімімен бетпе-бет келген Айымгүл Жомартқызы алдына жаңа мақсат-міндеттер қойды. Кейде инстаграм парақшасында мақсатқа жету жолында көрген қиындықтары мен қызықтарды баяндайды. Шетелде оқитындар тек бай-бағланның балалары емес екенін дәлелдеп берді. Әлемдік ғылым-білімге жол ашатын ағылшын тілін меңгерудің қаншалықты маңызды екеніне көпшіліктің көзін жеткізуде. «Қазір ХХІ ғасыр, визуалды заман. Инстаграм парақшамда блок жүргізіп келемін. Ондағы мақсатым мұндағы жақсылықты, даму үрдісін өзім ғана көріп қоймай, елдегі жастардың да хабардар болып, шабыттанғанын қалаймын. Олар жаңаша ойласа деймін. Менің посттарыма жазған пікірлерден мектеп оқушыларының ой-өрісі кең, мақсаты зор екенін байқадым. Сондықтан егер бір адамның болсын сауатты болуға, тіл білуге ынтасын оятсам, қуанамын. Америка менің жаңа қырымды ашып, өміріме жаңаша леп сыйлады», – дейді әріптес.
Бағдары айқын жас маманның жаңа бастамалары жарқын болашаққа жетелей беруін тілейміз. Біз саған сенеміз, Айымгүл!
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz