3.05.2021, 23:48
Оқылды: 69

Ән-аза

                                 (эссе)

Пианино клавиштеріне саусағы тигені сол еді, белгісіз бір әуеннің өзінен-өзі саулай жөнелгені.

Бір қайталады. Екі... Үш... Кетер емес. Құдайым-ау, не саз бұл?! Бір нота емес-ау, жарты нотасында ойнақылық жоқ. Мұң мен қимастық астаса, жүрек қылын шерте төгіледі-ай келіп, төгіледі мөлт-мөлт етіп. Көзден жас, көкіректен күрсініс қосылып, сай-сел қылып, ал кеп жылатты сосын. Өзі де түсінбейді. Жылап отырып, телефонның дауыс жазу нүктесін басты.

DDBA5D91-1930-4E51-8985-70CF8FB4B769

Не бір саздар сақталмады дейсің бұл диктофонда... Солардың бірі болып жүре тұрар, сөз жазатын ақыны кездескенше.

Ән де сәби сияқты жалаңаш туып, жөргекке оралғанша асығатын... Бұл жолы көп күттірмеді сол жөргек. Пианино жанынан тұрып, төргі бөлмеге өткенше ауыр хабар сарт етті!

Ескендір аға... Ескендір аға өтіпті өмірден... Ән алыбы өтіпті мың сан сазды керуенін алып. Тоқта! Тап осы қазір ме? Ескендір ағаның соңғы тынысы туған жерге ән болып жетіп, күйсандықтан мұның қолымен төгілген бе? Сәйкестік пе бұл? Тылсым ба? Рух аманаты ма? Неге бұл? Неге дәл сол аға үзілген сәттен сәл ғана бұрын?..

Мең-зең күймен жаңа ғана дүниеге келген әнді сол қалпында әнші, ақын достарына жолдады. "Ескендір ағаға арналған  ба? Сөзі қайда?" деп сұрады бірден, сұңғыла да сезімтал әнші құрбысы.

"Реквием ғой мынау. Атамекенінен жерлестерінің дұғасын арқалап баратын ән-аза. Әнші аманаты. Сазгер жүректің соғысын тоқтатар алдындағы елге берген белгісі сияқты. Ақырғы сапарға әнмен шығарып салғанымызды қалаған шығар. Жамбасы жерге тигенше әзірлеп, ақтықпен бірге бұйыртсаңдар дұрыс болар" деп ақыл қосты ақын апа.

Қамығып, қапаланып, жылап қалған Ақ Жайықтың әншілер қауымы осылай қабылдады бұл қаралы хабарды.

Ақын Абдул Рахметов сөз жазуға отырып еді, ер адамның сараң көз жасындай іштей жылаған өзекті жыр келді дүниеге.   Тез қамданып, өнер адамдарында жиі бола бермейтін жинақылықпен өнерпаздар іске кірісті.

Өңкей маман, бір-бірін айтпай түсініп, ымнан-ақ  іліп әкеткен ішкі бірлік. Таспаға жазып алушы, жарықтандырушылар да қолдай кетті. Ағаға  деген шексіз құрметпен.  

Таңертеңнен түн ауғанша тыным таппаған әншілер дауыстарын жазғызып, үйлеріне қайтқанда монтаждаушылар  жұмысқа жаңа отырған еді.

Таң да атты. Бейнетаспа да дайын болды. Ардақты ағамен қоштасу сазы Алатауға аттанды қанатын ауырлау қағып. Саңлақ сазгердің қабірін нұрландырмаққа... Халқының алақаны болып маңдайынан соңғы рет сипап қалмаққа.

Бір өңкей қара түсті көйлекпен қатарласа тұрып жанды реквием орындаған әншілердің дауысында құрмет те, қимастық та, жұбату да бар.  

Қош бол, әншіл жүрек!

Қош бол, жұртына жайсаң ән сыйлаудан жалықпаған есіл көңіл, шабысынан жаңылмаған арғымақ шабыт.

Ақ Жайықтан ән ұшты Алатауға.

Еліне құшағын жайып өткен Ескендірін жоқтап барады...

Дариға  Мұштанова,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

 

Ескендір аға

(ән-реквием)

Өлеңін жазған: Абдул Рахметов

Әнін жазған: Күләш Қуанышқалиева

Өмірдің көшіне еріп,

бақытқа сеніп келеміз бірге,

Өнердің көгінде қалқып,

әндерің шалқып,

айтылар Атамекенде.

Ес-аға...

Есімің мәңгі өлмейді,

Сағыныш енді тербейді

көңілдегі әнді.

Ес-аға...

Іздейміз сені – сол  қайғы,

Орының енді толмайды,

Ескендір аға...

Еліңді езіле сүйіп,

Ақ Жайығыңды

әніңе қостың.

Беріле өнерге адал,

жасадың амал

бәріне достың

адамдықты.

Әлемге таныттың әнмен, шабыттарыңмен

қазақ атын-ай...

Қош енді, қол бұлғап кеттің

Ескендір ағам, азаматым-ай...    

Мәңгілікке!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале