М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы, синхроншы Камал Әлпейісовамен «Ана тілің алпыс тілге татиды» атты студенттермен танымдық кездесу өткізілді. Кездесуге филология факультетінің студенттері, жас оқытушылар мен кітапханашылар қатысты.
Кездесу кеші жастар арасында мемлекеттік тіл мәселесін кеңінен насихаттау, азаматтық қоғам қалыптастырудағы жастардың рөлі, елдік, патриоттық сезімдерді қалыптастырудағы ана тілінің мәртебесін тереңірек қозғау мақсатында ұйымдастырылды.
Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру бойынша облысымызға келген Камал Әбілқасымқызы студенттерге синхронды аударманың қыр-сыры, өзінің бай тәжірибелік өмірбаяны, жазушы, ақын ретіндегі шығармашылығымен ой бөлісті.
Кездесу барысында студенттер көп тілді меңгеру, ілеспе аударманың өзіндік ерекшелігі, Камал Әлпейісованың аудармашылық жолындағы кездескен қызықты оқиғалары және мемлекеттік деңгейдегі, әлемдік деңгейдегі қай тұлғалардың сөздерін аударғандығын сұрап, тұшымды жауаптар алды. Іс-шараның соңында Камал Әлпейісова өзінің шығармашылығынан өлеңдер оқып, студенттерге ақжарма тілегін білдірді.
Сонымен қатар аталмыш университеттің ғылыми кітапханасының директоры Т.Әлімбекерова кеш қонағына университет тарихына қатысты кітапты сыйға тартты.
Аманжол Исламғали