Кейіпкеріміз Әлия Тәшенова соңғы он жылдан астам уақыттан бері тілі мүкіс балалармен жұмыс істейді. Бұған дейін жұмыс талғамастан қай жерде қандай жұмыс бар, сонда қызмет етіп жүрген кейіпкеріміз заман талабына сай аса қажет, әрі қат мамандықтардың бірі логопед боламын деп мүлдем ойламапты.
– Логопед болмас бұрын үйден нан пісіріп, сатқан күндерім болды. Сауда саласында да тәжірибем бар. Шешендерден алма сатып алып, Ақсай қаласына апарып сатып жүрдік. Пәтер жалдап, үйде баламен отырдым. Ол кезде де қарап отырмай, қосымша жұмыстар атқардым. Қызымды балабақшаға берген соң, үйден бәліш пісіріп, мекемелерге апарып саттым. Таңғы бесте базарға барып, қарбыз сатып жүрген кездерім де болды. Еден де жудым. Еш нәрсеге арланған жоқпын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Сөйтіп жүріп, менің табысымды тамаққа жұмсап, жұбайымның табысын жинап, тиыннан теңге құрап, ақша жинап, жер сатып алып, үй тұрғыздық. Қалайда алға қарай ұмтыла бердім, одан жаман болған жоқпын, – деп әңгімесін бастады Әлия ханым.
Сұраныс жоғары мамандық
Кейіпкеріміздің педагогика-психология мамандығына келуі де кездейсоқ емес еді. Соңынан ерген сіңлісінің өз-өзіне қол жұмсап, өмірден өтуі кейіпкерімізге қатты әсер етеді. Сол кезде оны «Адамдар неге өз-өзіне қол жұмсайды?» деген сұрақ ойландырады. Өзін іштей жеп, толғандырған сұрақтардың жауабын тапсам деген ниетпен педагогика-психология мамандығы бойынша сырттай оқып, білім алады. Қалайда қарап отыруды жаны қаламайтын Әлия апай оқумен қатар мекемелерде еден жуып, қосымша табыс табады.
2009 жылы Әлия Тәшенова қаламыздағы №27 мектепте психолог болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Сол кездегі мектеп директоры Серік Сафуллин алты айдан соң «Мектепте ашылған түзету кабинетіне логопед болып жұмыс істейсің бе?» деген ұсыныс айтады. Қай кезде де алға ұмтылуды мақсат еткен кейіпкеріміз қыр-сырын білмейтін мамандық болса да, ізденіп, оқып алармын деп бірден келіседі. Осы мақсатпен Алматыдағы Абай мемлекеттік университетінен жә-
не ресейлік мамандардан жыл жарым дәріс алып, өзіне беймәлімдеу мамандықтың қазіргі қоғам үшін қажеттілігін ұғынады. Сөйтіп, логопед маман бірден жұмысқа кіріседі. Сол уақытта біздің қаламызда логопедтер өте аз болғандықтан, Әлия апайды көп жерге жұмысқа шақыра бастайды.
– Логопедті күні бүгінге дейін іздейтін адамдар өте көп. 2009-2010 жылдары атал-
мыш мамандар санаулы болатын. Сондықтан болар маған түрлі ұсыныстар көп түсті. Алғашқы жылдары «Ботақан» атты жеке орталықта қосымша жұмыс істедім. Бұл жерде тұра алмайтын, жүре алмайтын ауыр жағдайдағы балалар болды. Осы жерде мен әрі психолог, әрі логопед ретінде шыңдалып, біраз тәжірибе жинадым. Ең алғаш р дыбысын айта алмайтын баланың сол дыбысты айтқандағы қуанғанын көріп, қатты толқыдым. Осынау үлкен ғаламдағы кішкентай өмір иесіне қуаныш сыйлағаным үшін өзімді бақытты сезіндім. Бұл менің алғашқы жетістігім еді, – деп толқи сөйледі кейіпкеріміз.
2014 жылдан бері облыстық психологиялық, дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру мекемесінде еңбек ететін кейіпкеріміз көптеген баланы қуантып, ата-аналардың алғысын, ақ батасын алып жүр. Өз жұмысына қоса, қаламыздағы №25 орта мектепте логопедтік қызметті қоса алып жүрген Әлия апай қазіргі таңда тілі мүкіс балалардың көбейіп бара жатқанына алаңдайды. Екі жұмысты қатар алып жүру қиын болғанымен, көп адамға көмегі тигеніне қуанады. Бірнеше айлап төккен терінің нәтижесін көргенде, қиындықтарын ұмытып, осынау өмірдегі өз миссиясын түсінгендей болады. Өмір сындарының айналып әкеліп, осы мамандыққа алып келуі де тегін емес шығар деп ой түйеді өзі.
«Дүбәра балалар көбейіп барады»
Әр ата-ана баласының дұрыс сөйлегенін, өз ойын анық жеткізгенін қалайды. Сондықтан да балаларының тілін түзеу үшін логопед маманның көмегіне жүгінеді. Ал кейіпкеріміз алдына көмек сұрап келген ата-ананың өтінішін аяқсыз қалдырған емес. Өз уақыты, жеке өмірі қалып бара жатса да, жұмыстан тыс уақытта да балалармен жұмыстанып, оң нәтижеге жетіп жүр. Жылдар бойғы ізденісінің нәтижесінде ұққаны – ата-ана балаға дер кезінде көңіл бөлу керек. Логопед уақыт ұттырмай, балаға дұрыс диагноз қойып, мақсатты түрде жұмыстанса, төккен тердің текке кетпегені. Кейіпкеріміздің тілі мүкіс балалардың көбейгеніне алаңдайтынын жоғарыда айттық. «Мұның себебі неде?» деп сұрадық біз логопедтен.
– Өйткені қазіргі балалар бесіктен белі шықпастан телефон қарайды. Ата-анасы әлдебір мультфильмді қосып береді. Олардың көбі орыс, ағылшын тілінде сөйлейді. Содан бала өзінің ана тілі қай тіл екенін білмейді. Ата-анасы қазақша сөйлегенімен, біріншіден, мультфильмнің сәби санаға ықпалы күшті.
Екіншіден, олардың басым бөлігі баламен сөйлеспейді. Содан бала дұрыс сөйлей алмайды. Қазақ тілін естімегесін қазақша әріптерді айта алмайды. Оны айта алмағасын ол дұрыс жаза алмайды. Соның кесірінен сауатсыздық өрбиді. Мұны бізде лингвизм дейді. Өкінішке орай, осындай диагноз қойылған дүбәра балалар көбейіп барады. Бұл тікелей ата-анаға байланысты. Көбіне ата-ана өз тыныштығын ойлап, әйтеуір шуламай тыныш отырсын деп балаға телефон беріп қояды. Оның зардабын мектепке барған соң түсінеді. Мектепте ата-ана өз баласының басқа балалармен салыстырғанда дұрыс сөйлей алмайтынын аңғарады, мұғалімі ескерту жасайды. Содан соң, баласын жетектеп бізге келеді. Біз қолымыздан келгенінше көмектесеміз, – дейді логопед маман.
Облыстық психологиялық, дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру мекемесіне ДЦП, аутизм, дауна, тұтықпасы бар, оқу мен жазуы бұзылған балалар көп келеді. Логопед мамандығының ерекшелігі сол – өзің әрі педагог, әрі дәрігерсің. Сондықтан жауапкершілік те екі есе күшейе түседі. Балаға дұрыс диагноз қою, әрі қарай нәтижелі еңбек ету маманнан шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Кейіпкеріміз алдына келген балаға қалай көмектесемін, оны қалай сөйлетемін деген сұрақтармен көп ізденеді екен. Ізденістің арқасында жеткен нәтиже де аз емес. Тіпті ерекше риза болған ата-аналар кейіпкерімізге «баланы сөйлетіп шығаратын емші» деген ат қойыпты. Бір орында отырып қалуды қаламайтын, үнемі ізденісте жүретін кейіпкеріміз былтыр Ақтөбедегі А. Жұбанов атындағы мемлекеттік университетті дефектология мамандығы бойынша тәмамдаған екен.
Әңгіме барысында кейіпкеріміз логопед жас мамандардың жұмыстың қиындығына шыдамай, басқа жұмысқа ауысып кететіндігіне қынжылатынын жасырмады.
– Біздің жұмыста сабыр мен шыдам керек. Кішкентай балаларды ауыр диагноздармен көргенде жүрегің ауырады. Бірақ біздің миссиямыз – оларға көмектесу. Ата-ана сәбиіне жауапкершілікпен қарап, бірінші кезекте баласына ана тілін үйреткені жөн. Қазақ әріптерін танымағандықтан, білмегендіктен баланың тілі кеміс болады. Мұндай балаларға оқу мен жазудың бұзылуы деген диагноз қойылады. Бұл кемістікті түзеп, жөнге салу үшін қанша уақыт керек. Сондықтан ендігі басты тілек – ата-аналар балаға көңіл бөлсе екен. Әлдебір тіл кемістігі байқалса, бірден маманға көрсетуге асығу керек, – деп сөзін түйіндеді логопед. Әлия Жәнібекқызы өткен жылы Халықаралық академия «Педагогтер мен психологтардың ерте дамыту қауымдастығы» ұйымдастырған «Жыл үздігі - 2021» шарасына қатысып, «Үздік логопед - 2021» аталымына ие болды.
Бір қызығы, логопед көмегіне тек балалар ғана емес, үлкендер де жүгінеді екен. Инсульттен кейін сөйлей алмай қалған үлкен адамдардың жақ сүйектерін массаж жасау арқылы қалпына келтіріп, сөйлеуге үйреткен кездері де болған. Әріптерді дұрыс айта алмайтын студент қыз-жігіттерге қоса, р дыбысын айта алмайтын бір шаңырақтың келіні де кейіпкеріміздің шапағатын көріпті. Қазіргі күнде үлкен-кіші іздеп жүретін маманға айналған Әлия Тәшеноваға біз де өз тарапымыздан сәттілік тілейміз.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz