7.11.2022, 9:00
Оқылды: 156

Анафилактикалық талма (шок): алғашқы көмек

Осыдан бірер жыл бұрын Орал қаласындағы сұлулық салонына барған  келіншек бетіне салдырған екпенің салдарынан қайтыс болды. Бұл оқиға туралы кезінде біраз БАҚ-та жазылды, айтылды. Мезгілсіз ажалға сала  қызметін тұтынушының инъекцияға деген аллергиясы себеп болған.  Нақтырақ айтсақ, екпеден анафилактикалық талма алған келіншекке  уақтылы алғашқы жәрдем көрсетілмеген. Еліміздегі сән салондарында,  стоматологиялық кабинеттерде мұндай қайғылы жағдайлар ара-тұра  болып тұрады. Адамдар дәрі-дәрмек тұтынғанда, жәндік шаққанда, тіпті  тағамнан да анафилактикалық талмаға ұшырауы мүмкін. Анафилактикалық талманың алғашқы белгілері қандай? «Жедел  жәрдем» жеткенше қандай көмек көрсетілуі керек? Осы сауалдар төңірегінде облыстық Жедел медициналық жәрдем стансасы директорының емдеу ісі  бойынша орынбасары Гүлнәр Жұмағалиевамен (суретте) тілдескен едік.

гулнар жумагалиева

Оның айтуынша, анафилактикалық талма – адам ағзасына аллерген енген жағдайда бірден дамитын аллергиялық реакция. Адам ағзасына қауіпті аллергендерге тоқталсақ, оған ең бірінші дәрілік заттар, сарысулар, вакциналар, антибиотиктер, соның ішінде пенициллин жатады. Сондай-ақ азық-түлік өнімдері, әсіресе, жаңғақтар, цитрус жемістері, балық, бал, шоколад, жұмыртқа, құлпынай, консерванттар ағзаның тітіркену қабілетін арттырады. Кей жағдайда аэроаллергендер (өсімдіктер мен ағаштар гүлдегенде, тозаңданғанда немесе шаңнан) мен жәндік (ара, маса, жылан) шаққанда, өндірістегі тітіркендіргіштер (формальдегидтер, никель тұздары және т. б.),  үй жануарларының мамығы да тұрғындарды анафилактикалық талмаға жеткізуі мүмкін. Аллерген адамның бұлшық етіне  немесе көктамырына  ине арқылы енген болса, талма үдерісі тез өршиді. Науқасқа бірнеше минутта медициналық  көмек көрсетілмесе, оның тыныс алуы қиындап, тіл тартпай кетуі мүмкін. Егер тітіркендіргіш тыныс алу жолдары немесе тері арқылы ағзаға енсе, талма белгілері баяу білінеді. Ал тамақтың құрамында аллерген болса,  талма  1-2 сағаттан кейін ұстайды.

Алғашқы белгілері қандай?

– Анафилактикалық талмаға душар болған адамның терісінде алдымен бөртпе пайда болып, ол қатты қышиды. Содан соң көмейі, ерні, қабағы және аяқ-қолы ісінеді. Санасында уайым, өлімнен қорқыныш, үрей пайда болады. Бұл белгілер талмаға ұшырағандардың 90 пайы­зында байқалады. Одан кейін адамның тыныс алу жүйесі зақымданады (науқастардың 50%-ында).

Тамағы, жұтқыншағы ісінгендіктен, науқастың тыныс алуы қиындайды. Жиі жөтеліп, даусы қарлығады, мұрны бітеліп, одан мол шырыш ағуы мүмкін. Демалғанда сырыл байқалады.  Анафилактикалық талма кезінде медициналық көмек дер кезінде көрсетілуі керек. Өйткені келесі кезеңде қан тамырлары мен жүрекке (30-35% жағдайда) күш түседі. Адамның қан қысымы төмендеп, жүрек соғысы баяулайды. Жүрек тұсында ауырсыну пайда болып, кеуде қуысы қысылады. Адам өзін әлсіз сезініп, басы айналады, тіпті,  есінен тануы мүмкін.  Егер орталық жүйке жүйесі зақымдалса, адамның денесі құрысып, басы ауырады.  Көз алдында галлюцинация пайда болады. Ал аллергеннен асқазан-ішек жолдары (науқастардың 20-25%-ында) зақымданатын болса, оның жүрегі айнып, құсады,  іші өтеді. Анафилактикалық талма ауырлық дәрежесіне қарай төртке жіктеледі. Бірінші дәрежеде қан қысымы 30-40 мм-ға дейін төмендейді. Қан қысымы қалыпты жағдайда 120-110/90-70 мм аралықта болуы керек. Реакция 30 минутқа немесе одан да көп уақытқа созылады. Екінші дәрежеде талма белгілері  10-15 минуттан 30 минутқа дейін дамиды. Қан қысымы 90-60/40 мм-ға дейін төмендейді. Үшінші дәрежеде анафилаксия бірнеше минутқа созылып, науқас есінен танып қалуы мүмкін. Төртінші кезеңді фульминантты (найзағай) талма деп те атайды. Талма  белгілері бірнеше секундта байқалады. Адам бірден есінен танып, құлайды. Бұл жағдайда науқастың қан қысымын анықтау мүмкін емес, – деді Гүлнәр Жомартқызы.

«Жұтқыншақ пен тамақ ісіп, тұншығу басталады»

Дәрігердің айтуынша, анафилактикалық талма реакциясына байланысты бірнеше түрге бөлінеді.

Біріншісі, типтік (басқаларға қарағанда жиі дамиды). Гистаминді қанға енгізгеннен кейін науқастың басы күрт айналады, қан қысымы төмендейді. Терісі ісініп, қыши бастайды. Тері бозғылт тартып, ерні көкшілденеді. Әлсіздік, жүрек айну, жүрек ауруы, жүйке қозуы пайда болады.

Екіншісі, асфиктикалық түрі. Адамның тыныс алу ырғағы бұзылады. Тамағы ісініп, ентігіп, мұрны бітеледі. Егер науқасқа дер кезінде көмек көрсетілмесе, ол тұншығу салдарынан бірнеше минутта қайтыс болады.

Үшіншісі, ми зақымдалуы. Орталық жүйке жүйесі жұмысын қалыпты атқармай, нәтижесінде адам ақыл-есін жоғалтады, буындары құрысады.

Төртіншісі, асқазан-ішек жолдарындағы реакция. Науқастың қан қысымы 80-70/40-30 мм-ға дейін төмендейді. Ерні мен тілі ісіп, іші ауырады, диарея, құсу басталады.

Бесіншісі, ауыр физикалық күштің салдарынан туындаған анафилаксия. Бұл түрі бойынша реакцияны шамадан тыс жүктемелер де, аллергенді тағамдар да, дәрі-дәрмектер де тудыруы мүмкін. Ол жоғарыда аталған барлық көріністің жиынтығымен сипатталады. Оның бастапқы белгісі – қан қысымының төмендеуі.

«Жедел жәрдем»  жеткенше бастапқы көмек

Егер жоғарыда сөз болған белгілер  көз алдыңыздағы адамда немесе отбасы мүшелеріңізде байқалса, не істейсіз? Қандай әрекет жасар едіңіз? Білмейсіз бе, ендеше оқыңыз.

Облыстық «Жедел медициналық жәрдем» стансасы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Гүлнәр Жұмағалиеваның мәліметінше, адамның анафилактикалық талмаға ұшырай бастағаны туралы  күдік болса, бірден «Жедел жәрдем» шақыру керек.  Ал «Жедел жәрдем» жеткенше, алғашқы көмек көрсету алгоритмін білу маңызды.

Біріншіден, науқасты арқасымен жатқызып, басы мен аяқ жағын жоғары көтеріп қою керек. Жастық т. б. салыңыз. Осылайша жүрекке баратын қан  белсенді болады. Науқас құсуға оқталса, бір жамбасына қарай бұрыңыз.

Екіншіден, терезелерді ашып, бөлменің ауасын тазартып, желдетіңіз. Науқастың киімінің түймелерін ағытып, белдігі мен галстугын босатыңыз.

Үшіншіден, мүмкін болса, аллергенді алып тастаңыз.  Жәндік шақса,  уын сорып, түкіріп тастаған жөн. Бірақ уды соратын адамның ауыз қуысында жара болмауы керек. Егер тағамнан аллергия туындаса, асқазанды шайдырыңыз. Жәндік шаққан жағдайда тітіркендіргіштің қанға ену жылдамдығын бәсеңдету үшін жараның үстіне мұз қойыңыз.

Егер өзіңіз аллергик болсаңыз, онда әрқашан өзіңізбен бір реттік доза ампуладағы адреналин  және бір реттік шприц немесе бір реттік шприц-қалам алып жүріңіз. Аллергиялық ұстамаңыз ұстап, жүрегіңіз ауыра бастаса, айналаңыздағыларға дереу хабарлап, «Жедел жәрдем» шақыртыңыз. Сондай-ақ инъекция салуға көмек сұраңыз. Аллергендерден аулақ болыңыз. Үй жануарларына жақындамаңыз. Өзге сырқатыңыз бойынша ауруханаға барғанда дәрігер  дәрі-дәрмек тағайындаса, аллергияға бейім екеніңізді алдын ала ескертіңіз.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале