5.03.2026, 12:30
Оқылды: 5

Анаға тағзым – ұрпаққа  өнеге

Қазақы тәрбиенің алтын өзегі – ана тағылымы.  Ананың әлдиімен санаға  сіңген  мейірім мен парасат, өмірлік ұстаным мен ұлттық құндылық ұрпақ жадында өмір  бойына  жатталады.  Осы қасиетті  ұғымды  дәріптеу мақсатында Орал қаласындағы №45 орта мектепте «Анаға  тағзым  – ұрпаққа  өнеге» атты тағылымдық шара өтті.

94d93682-3dda-4f7c-9bec-1769f89a433c

Ананың қоғамдағы, отбасы мен ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша орнын айшықтап, жас ұрпақтың бойына ізгілік, сыйластық пен алғыс сезімін сіңіруді мақсат еткен іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылды. Мерекелік шараға ақын, ардагер ұстаз Үзілдік Елеубаева мен Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры, БҚО аналар кеңесінің мүшесі Талшынай Жүніс, сондай-ақ мектебіміздің ардақты аналары қатысты.

Тағылымдық шара бірнеше мазмұнды бағытта өрбіді. Алғашқы бөлімде «Зияткерлік көпір: Анадан балаға» атты зияткерлік сайыс өтіп, ана мен бала арасындағы рухани үндестік, ой сабақтастығы кеңінен көрініс тапты. Мектеп психологі Жеміс Төлеуованың «Сыйластық пен алғыс – адамдықтың белгісі» психологиялық тренингі қатысушылардың жүрегіне жол тауып, өзара құрмет пен ризашылықтың маңызын терең сезінуге жетеледі. Сонымен қатар «Ана тәрбиесі – бала өмірінің бағдаршамы» атты құндылық сағаты барысында ананың өнегелі сөзі мен тәрбиелік үлгісінің баланың болашақ өмір жолын айқындайтыны жан-жақты талқыланды. «Ана мейірімі – әлемнің жылуы» атты арт-терапиясы қатысушылардың ішкі жан дүниесін ашып, аналық махаббаттың шексіздігін сезіндіре түссе, «Қыздар сұлу көрінер өнерімен...» атты қолөнер шеберлік сағатында киіздің оюын әсемдеп шығаруда  әр ананың шеберлігі байқалды.

Шараның екінші бөлімінде «Анаға тағзым – ұрпаққа өнеге» атты тағылым сағаты өтті. Бұл бөлімде Үзілдік Елеубайқызы мен Талшынай Орынбекқызы аналық парасат, ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары жөнінде терең ой қозғап, өмірлік тәжірибелерінен тағылымды сыр шертті. Ананың бір ауыз сөзі мен мейірімі баланың тағдырын түзей алатынын нақты мысалдармен жеткізген қонақтардың әңгімесі көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Кеш барысында мектебіміздің жас өнерпаздары ана тақырыбында көркемсөз оқып, әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі. Өнер арқылы жеткізілген шынайы сезім кештің мазмұнын байытып, аналардың көңіліне қуаныш пен шуақ сыйлады. Оқушылардың өнері кеш шырайын кіргізіп, ана мен бала арасындағы махаббаттың көркем көрінісін көрсетті.

Шара соңында мектеп директоры Алима Төреғалиева қатысушы аналарға және қадірлі қонақтарға алғыс айтып, бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің бірлескен еңбегінің маңыздылығын атап өтті. Белсенділік танытып, оқу-тәрбие үдерісіне үлес қосып жүрген аналар мен шақырылған қонақтарға алғысхаттар мен гүл шоқтары  табысталды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале