Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Аналарға тағзым» атты мерекелік кеш өтті.
Онда өңірімізге есімдері танымал ақындар мен әншілер, ұстаздар мен мәдениет саласының ардагерлері бір сахнада бас қосты. «Жайықтың Шолпан жұлдызы» атанған айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова, ақын Дариға Мұштанова, ҚР мәдениет саласының үздігі Гүлбаршын Қасиетова, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, еңбек және мәдениет саласының ардагері Рысқаным Казиханова, ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты Софья Ізмұханбетовалар жиналған қауымға ғибратты әңгімелерін айтып, бастан кешкен әдемі естеліктерімен бөлісті.
– «Аналарға тағзым» деген мерекелік кештің мәні мен мағынасы өмір сыйлаған, қуаныш сыйлаған, біз үшін түн ұйқысын төрт бөлген, бір қолымен бесік, бір қолымен әлем тербеп жүрген аналарға арналуының өзі үлкен міндет жүктейді. Ана мықты болса, азамат мықты болады. Әйелдің міндеті - әлемнің тыныштығын сақтау. Азамат – тыныс, ырыс, құт, әйел – тыныштық. Әуелі үйде тыныштық орнаса жұмыс та, қоғамда тыныштық болады. Қоғам тыныш болса – әлемде тыныштық орнайды. Тыныштығымызды сақтап, ырыс-құтымызды баптап, бала-шағамызды шапағатымызға шомылдырып, мейірімге орап, аман жүрейік, аналар, – деп алғысөздің тиегін Шолпан Батырқызы ағытты.
Ал ақын Дариға Ғазезқызы қазіргі кездегі әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны, қоғамдағы қазақ тілінің мәртебесі хақында әңгіме өрбітіп, жастарға жөн сілтеді. Кеш барысында белгілі ақын, әйгілі «Анашым» әнінің авторы Қайрат Жұмағалиев туралы әдемі естеліктерді есіне түсірді. «Бір жылы бір топ ақын болып, «Ақжайық» санаториясында демалып жүргенбіз. Жанымда Шолпан Батырқызы, Қайрат аға, жұбайы Софья апаймен бірге тоғай ішін аралауға шықтық. Асықпай аяңдап келеміз. Бір кезде Қайрат аға кілт тоқтап, тоғай ішіндегі саф ауа, сөз жетпес әдемілікті көріп, тамсанып: «Мен 100 жыл болды, мұндай әдемі жерді көрмеппін, неткен ғажап еді», – деп ерекше сүйсініп, сезімге беріліп тұрған сәті еді. Сол бір сәтті күтіп тұрғандай Шолпан апам да орайын тауып:
– Ағатай, ендеше осы тоғайды сізге сыйға тарттым демесі бар ма?! Сол бір ауыз сөзге ерекше қуаттанған Қайрат ағам: «Софа, Софа қайдасың, Шолпанжан тоғайды маған сыйға тартып жатыр», – деп алға ілгеріп кеткен Софья апаны дауыстап шақырып алып, баладай қуанғанын көрсеңіз... Ал Қайрат ағамыздың анасына деген құрметін сөзбен сипаттап жеткізе алмаспыз. Анасына деген ұлы махабаттан туған «Анашым» әні халық әні болып, ескірмейтін әндердің қатарын толтырып кетті», – деп Дариға Ғазезқызы сөзін түйді. Артынша өз сөзіне жазылған «Беу, қыздар-ай» әнін әнші Гүлбаршын Қасиетовамен қосылып, бірі домбыра, бірі баянның сүйемелдеуімен шырқап берді.
Басқосуда Рысқаным Мұқасқызы мен Софья Салахиденқызы қазіргі таңдағы әйел бақыты, әжелердің қоғамдағы рөлі, енелер институты, келін мен қыздар тәрбиесі жөнінде өмірден түйген ғибартты әңгімелерін ортаға салды.
Кеш соңында облысымызға танымал әншілер ана туралы әндерден шашу шашып, қонақтарымызға гүл шоқтарын ұсынды.
Ләззат ШАҒАТАЙ
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер