Орал қаласының Достық үйінде облыстық «Аналар үйінің» құрылғанына 10 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтуде.
Айта кетсек, республикалық «Аналар үйі» 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін ел аумағындағы тағдыр тауқыметіне байланысты сәбилерінен бас тарту алдында тұрған 250-ден астам келіншек көмек алған. 6000-ға жуық бүлдіршін аналарының жанында қалған.
Ал облыстағы филиалында 250 ана мен балалары тұрып, қолдау көмек алған. Соның ішінде 97 ана жұмысқа орналасса, 112 сәби балабақшаға орналасқан. 82 ана құқықтық бағытта кеңес алса, 56 ана медициналық көмекке жүгінген.
Шара сәбилердің суреті қойылған көрмемен ашылды.
- Өздеріңізге мәлім, қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Аналар үйі қоғамдық үйі өңірімізде 2014 жылы құрылды. Жанашыр азаматтардың қолдауымен жүзеге асқан жоба болатын. Қуантарлық жағдай, облыста жылдан-жылға балалар үйіндегі сәбилердің саны азайып келеді. Балалар ауылында 30-ға жуық бала бар. Бұл жетістікте азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі бар. Ана үйі қоғамдық қорының меценаттарына, басшысына алғыс айтамыз. Біз өз тағдырына жауапты, өмірлік көзқарасы бар жастарды қалыптастыруымыз керек. Орталықта аналарды өмірге бейімдеп, кәсіп меңгеруіне жағдай жасап, құқықтық тұрғыда көмек көрсетеді. Жұмысқа орналасқан аналар да бар. Жобаның тиімділігі зор. Ана үйі болашақта зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді қабылдайтын емес, дана әйелдерді қалыптастыратын орталыққа айналсын, - деді салтанатты шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Жиында “Аналар үйіне” қолдау білдіріп жүрген атымтай азаматтар облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында кәсіпкер азаматтар Самат Даумов, Болат Каримов және “Аналар үйі” БҚО филиалының директоры Замзагүл Зәйітқызы бар.
Гүлсезім Бияшева