«Алма алма ағашынан алыс түспейді» деген тәмсілі естуіңіз бар шығар. Ата жолын қуып, қазақ ән өнерін шарықтатып, ұлттық спортты дәріптеп жүрген жанұяларды өңірімізден жиі кездестіреміз. Соның бірі – Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында тұратын Мұрадым Ғұбайдуллиннің отбасы. Отанасы Арайлым Өлеңті ауылындағы Ж. Досмұхамедов атындағы мектепте ұстаздық қызметте. Ал шаңырақ иесі Мұрадым Аманкелдіұлы – кәсіби термеші. Ән дүлдүлі Аманкелді Ғұбайдуллиннің ұлы. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкеден үйренген-білгенін бүгінде балаларының санасына дарытып, ән өнеріне баулуда.

Алашқа аты танылған әнші Аманкелді Ғұбайдуллин Сырым ауданына қарасты Алғабас ауылында 1951 жылдың 20 мамырында дүние есігін ашқан. Алматыда алғаш республикалық ән байқауына қатысып, талантына талайлар таңдай қаққан. 1948 жылы өткен телевизиялық байқауда бірінші орынды жеңіп алып, белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің алғысына бөленеді. 1980 жылы Мәскеудегі Қазақ КСР халық шаруашылығы көрмесінде өнерін паш етіп, Құрмет грамотасымен марапатталады. Ол отыз жылға жуық уақыт туған ауылының сахнасында қызмет атқарады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Сырым ауданында Мұхит ән мектебін ашып, жалынды жас шәкірттерге жетекшілік етеді. Республикалық ән додаларында, конкурс-концерттерде дария-дарынның жұлдызы оңынан туады. Өкінішке қарай, ол 1991 жылы қырықтың бесеуіне жетер-жетпесінде қайтыс болады. Дауылпаз әнші дүние салғанымен, ұрпағы өнер отын өшірмеді. Артында ізі қалған ұстаздың ұрпақтары қазақ музыкасын қастерлеп, ұлықтап келеді. А. Ғұбайдуллиннің ұлы Мұрадым әкесі секілді балаларының балаң сезімін әнмен оятқан.

Мұрадым Ғұбайдуллин отбасы тәрбиесіне қатысты ой-пікірін бөлісті. Ата жолын жалғаған бұл отбасының атқамінері мен кестетігері бар. «Білім мен өнер сахнасындағы жетістік – отбасындағы тәрбиенің жемісі. Менің талантымды алғаш әкем таныған. Бала кезімнен әкем жанына ертіп гастрольдік сапарларға алып шығатын. Өнер адамдары жұрт алдында жарқырап жүргенімен, ел алдында жауапкершілікті сезіну керектігін, ұдайы ізденісте жүру қажет екенін ұғындым. Өнер әлеміне талпынған ұл-қызыма әркез әкелік кеңесімді айтамын» дейді Мұрадым Аманкелдіұлы. Ол әкесі хақында естеліктерін айта отырып, бала тәрбиесіндегі басты факторларды атап өтті.
– Әкем Аманкелді Ғұбайдуллин ауданның сыйлы азаматтарының бірі еді. Көбіне дәстүрлі әндерді шырқағанды жөн көретін. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Әкем секілді менің де ән әлеміне қанат қағуым заңдылық шығар. Күллі қазақ даласына әнші болып танылмасақ та, ауданға еңбегіміз сіңді. Алғаш үйренгенім «Сүгірдің термесі» болатын. Ауыл топырағына аунап өскен ұл болғасын, бұл терме жаныма жақын, маған қатты ұнайтын. Үш жасымда әкем үйге магнитофон әкелген. Онда шырқалған әндердің ырғағына сәби даусыммен қосыла кететінмін. Әкемнің ән шырқағанына бала күнімнен аңсарым ауды. 6-7 жасымда мені әкем жанына ертіп, гастрольдік сапарларға алып шығатын. Өнер адамының сахна сыртындағы тынымсыз дайындығы көпке жұмбақ. Оған мен бала күнімде сырттай куә болып, көз жеткіздім. Кейін есейе келе өз басымнан да өткердім. Арнайы музыкалық білім алып, әкеммен бірге сахнаға шығуды армандап жүрген кезім еді. Алайда асқар тауымның бұл фәниден ғұмыры ерте үзілді. Әкем салған сара жолды одан әрмен дамытып, кәсіби музыкалық білім алуды шештім. Сөйтіп, 2001 жылы Атырау музыкалық колледжіне хор мамандығы бойынша оқуға түстім. Алғашқы еңбек жолым Сырым ауданына қарасты Аралтөбе ауылындағы мәдениет үйінде басталды. Онда тәжірибе жинап, 2008 жылы Сырым аудандық мәдени демалыс орталығына ауыстым. Күні бүгінге дейін осы жерде жұмыс істеп келемін. Балаларым да музыкаға жақын. Оларға әнші боласың деп талап қоймадық. Саз мектебіне де жетелемедік, олар өз ынта-ықыласымен музыкалық білім алғысы келетіні жөнінде айтты. Кей ата-ана көп жағдайда баласының мамандық таңдауына ретсіз араласып, жаны қаламаған салаға бағыт-бағдар сілтейді. Мұның бәрі баланың болашағы үшін. Бірақ оның да ой-пікірін ескеріп, ортақ шешім қабылдаған абзал. Балам Нұрым Сырым саз мектебінің бес сыныбын тәмамдады. Өзінің жаны қалаған бағытқа бет бұрды. Спортта да суырылып, қатарластарының алды болды. Айтыс өнеріне баулыған Бауыржан Ширмединұлы баламның ақындық қабілетін жетілдіріп, аудан атынан сөз додаларына қатыстырды. Әкем Аманкелді сегіз ағайынды болған. Бауырлары, яғни ағайындарым да бір-бір дәстүрлі әнші, күйші, – деді Мұрадым Аманкелдіұлы.
Тұңғышы Нұрым – бозкілемде атой салған палуан. Ақ Жайық атырабында қаңтар айының соңында өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ел шемпионатына қатысты. Ол кішкентайынан музыкаға құмар болып, ұлттық аспаптарды ойнап үйренген. Әнге деген құлшынысын әкесі ашқан. Жазба ақындықта да маңдайы жарқырап, бірнеше облыстық мүшәйраның жеңімпазы атанған. Кейінгі жылдары айтыс сахнасынан табылып, суырып салмалығымен көзге түсуде.

– Біз үшін өмірдің әліппесі әннен бастау алды. Бәлкім содан шығар, бала күнімнен ән мен термеге ынтықпын. Самбо, дзюдо секілді спорт түрлерінен облыс шемпионы атанып, республикалық кезеңге дейін жеттім. Қазір осы қос спорттан Қазақстан Республикасы спорт шеберіне үміткермін. Бұл жетістікке бір жағынан бапкерім Мәулет Қожахметов себепкер болса, бір жағынан туысым Бекзат ағамның көп көмегі тиді. Мектепте сабақ үлгерімім ілгерілей түссе, бәрінен бұрын анамның көңілі шат-шадыман болады. Ол ылғи маған «Сен менің айнамсың!» деп еміренеді. Осы бір ауыз сөзімен ғана маған бар талап-тілегін ұқтырғандай көрінеді. Қазір сабағым жақсы. Әсіресе әдебиет пәнін жақсы көремін. Әртүрлі тақырыптағы шығармалар оқып, өлең жазған ұнайды. Қойын парағымыз махаббат тақырыбындағы туындылармен күн санап толығып тұрды. Айтылар ойды жеңіл де көркем жеткізіп, ұйқас құрауға машықтандым. Кейін аудан атынан айтысқа шығып, жас айтыскер ақын ретінде Ақ Жайық өңіріне танылдым. Бұл бағытта аудандық мәдениет үйі жанынан ашылған Жүрсін Ерман атындағы айтыс мектебінің өз үлесі бар. Сырым спорт кешені, саз мектебі,
Ж. Ерман атындағы айтыс мектебі – мен үшін тәлім ошақтары. Тәрбие-тәлім беріп, мені қанаттандырып отыратын отбасыма алғысым шексіз! – деді Нұрым Аманкелді.
Нұрымның айтуынша, оның алғаш үйренген дәстүрлі әні «Тойбастар» екен. Мектепте белсенді, ғылыми жоба дайындап, облыстық жарыстарға қатысқан. Қазір ол Астана қаласында орналасқан Қазақ ұлттық өнер университетіне түсуді жоспарлап отыр. Жақында өткен ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы балл жинады. Аталмыш университеттің Музыкалық театр әртісі мамандығының грантына ниетті. Бүгінде қызу дайындық үстінде. Қарындасы Гүлім де өнерден алыс емес. Ән айтумен айналысып, би үйірмесіне қатысады. Оған қоса, актерлік қабілеті де бар.
Жоғарыда айтылғандай, Сырым ауданында А. Ғұбайдуллин атындағы балалар саз мектебі жұмыс істеп тұр. Бүгінде мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорында жүзден аса жас өнерпазға кәсіби мамандар тәлім беруде. «Аудан мәдениетінің өркендеуіне музыканың да өзіндік үлесі бар» дейді аталмыш саз мектебінің директоры Дархан Қажығалиев. Жасөспірім-көкөрімдердің шығармашылығын шыңдайтын саз мектебіндегі алты негізгі бағыттың ішінде дәстүрлі ән, труба (үрлемелі музыкалық аспап), баян, фортепиано, хор сыныбы бар.Білім алушылар бірнеше облыстық және республикалық байқаудың жеңімпазы атанып, халықаралық деңгейдегі жарыстардың лауреаты атанған. Мәселен, өткен жылы Жанерке Оңғарбекова Мәскеу қаласында өткен ән додасында бас жүлдеге ие болды. Осы күндері саз мектебі шәкірттерінің басым бөлігі аталған алты негізгі бағыт бойынша көлемді жарыстарға қатысқан. Олар ұлттық аспаптардан бөлек, фортепиано аспабын ойнау бағытында да биік белестерге жетіп жүр. Арманы асқақ балалардың алар асуы әлі алда. Болашақта Сырым ауданынан ән өнерінің дүлдүлдері шығарына сенім мол. Бұл бағытта А. Ғұбайдуллин атындағы Сырым саз мектебінің қосып жатқан үлесі зор. Ал ата жолын қуып, Аманкелді тегінен жаңа бір талант жарқ етсе, ғажап емес пе?!
Нұрым Ғұмар
«Орал өңірі»