Маған «Орал өңірі» газеті жақында жариялаған «Сүйкімді сувенир» байқауы ерекше тартымды жоба көрінді. Сол себепті өзім де қатысқанды жөн санадым. Мына фотосуреттегі шағын қобдиды маған Түркияның Анталия шаһарына барған сапарынан біздің үйдің отағасы сыйлаған болатын. Бұл кәдесыйға мен зергерлік әшекей бұйымдарымды салып қоямын. Ағаштан жасалған қобдидың іші қызыл түсті барқытпен көмкерілген. Ал сыртына өздеріңіз фотодан көріп отырғандай, әсемдік үшін түрлі-түсті моншақтастар жапсырылған. Ең бастысы, осы шағын дүниенің өзі біздің бөлмеміздің дизайнымен әдемі жараса кеткендігін айтсаңызшы!
Жұбайымның айтуынша, түркі тектес халықтардың ішінде түрік бауырларымыз шығыстық үлгідегі, ұлттық сипаттағы қолөнерден қол үзбеген көрінеді. Менің түсінігімде, бұл тек ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық қана емес, сонымен қатар туристік тартымдылықты арттыратын өте елеулі фактор.
Мәселен, әлемнің әр қиырынан Түркияға жыл-он екі ай бойы толассыз келіп-кетіп жататын туристер түріктердің тарихы мен тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертердей көрінетін кәдесыйларды көп алады екен.
Айман Қайратқызы,
Орал қаласы