Домбыра - қазақтың асыл қазыналарының бірі. Ежелде ата-бабамыз домбыра жасау өнеріне ерекше ден қойған. 6 мыңжылдық тарихы бар бұл аспап күй өнерінің дамуына ықпал етіп, қазақтың әр жиын-тойында үнімен айрықша атмосфера сыйлаған. Massaget.kz тілшісі бүгінде жаңа технология арқылы аспап жасау өнерін жаңғыртып жүрген шебермен сұхбаттасты.
Фото: Ертай Байжалғастың жеке архивінен
Ертай Байжалғас Алакөл ауданы, Қазақстан аулында 1987 жылы дүниеге келген. Қазір туған өлкесінде "Баба жолы" атты шеберхана ашып, 4 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келеді. Ал бұл кәсіппен айналысқанына биыл 8 жыл.
"Бұған дейін оқу бітіре сала компьютерлік мамандықты меңгергім келді. Солай 2010-2014 жылдар аралығында жарнама агенттігінде компьютерлік қызметте жұмыс істедім. Оның көп көмегі тиді, компьютерді меңгердім, түрлі Қытайдан келетін аппаратпен жұмыс істеуді үйрендім. Қазір ұлттық аспаптарды жаңа технологиямен жасауға да көмегін тигізді", - дейді шебер.
Шебердің айтуынша, оның бұл кәсіпке қызығушылығын ұстазы ашқан. Университет қабырғасында жүріп, ол бұл кәсіптің ұлттық нақышты жоғалтып алмау үшін қандай маңызды екенін түсінген.
"2005-2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім алдым. Сол кезде бізге дәріс берген Жолаушы Тотығұлов ағаймыз дәріс бере жүріп, кәсіпті қатар алып жүргенін көрдік. Нағыз сапалы, кәсіби аспап Қазақстан бойынша қанша адамға қажетін көрдік, себебі сапалы домбыраны базардан сатып ала алмаймыз, оны тапқанымен сапасы сын көтермейді. Ал біздің ағайымыз қаншама консерваторияға аспап жеткізетін, қанша бала, музыкантты аспап жасап берді. Біз сол кезде бұл бір жақсы кәсіп екеніне көзіміз жетті", - дейді Ертай Байжалғас.
Ертай Байжалғас домбыра жасаудың қазіргі технологиясын түсіндірді.
"Домбыра жасау ерекшелігіне келсек, бұрынғы заманнан бүтін ағашты шалып жасайтын әдісі бар, қазір оны жеңілдетіп, балаларға не кәсіби эстрада әншісіне ыңғайлы етіп, шанақтан жіңішке етіп тіліп, 7,9,12 шанақ қылып құрап жасаймыз. Бұрынғыдай бүтін ағашты шауып жасамаймыз. Оны тек мұражай не арнайы тапсырыс болмаса, көне дәстүрмен сирек жасаймыз. Қазір ХХ ғасырдан бері дамып келе жатқан жаңа технологиялар арқылы құрама әнге, шертпе, төкпе күйге арнап домбыра жасаймыз", - дейді кейіпкер.