Бөкейордалық шаруагер Нағим Хитанұлы Тәжімұратов төрт түлік мал өсіреді. Жәй ғана өсіріп қоймай, оларды жылдан-жылға асылдандырумен айналысып, сапалы өнім өндіруге күш салып келе жатыр. Темір Масин ауылдық округінде (Бөрлі ауылы) дүниеге келіп, ауылдағы сан түрлі жұмыстардың қазанында бозбала күнінен қайнаған Нағим сонау бір жылдары ҚазМУ-дың механика-математика факультетінде оқыған. Бірақ өмір соқпағы ауыл шаруашылығы саласына тартқан да тұрған. Сөйтіп ол мал шаруашылығын таңдапты. Ал бертін келе, яғни 1997 жылы өз алдына шаруа қожалығын құрады. Қожалығы жылдар өте аяғынан нық тұрып, бүгінде ірі шаруашылыққа айналған. Осы күндерде бұл шаруашылықта жиырмаға жуық адам еңбек етіп, табыс тауып отыр. Нағимды өз қатарластарынан ерекшелендіріп тұратын еңбекқорлығына қоса, тағы бір қасиеті – ауылына, ауылдастарына, ел мен жер мәселесіне бейжай қарай алмайтыны. Жағдайы төмен жандарға қолұшын созу, ауылдың мұң-мұқтажына сергек қарау азаматтың әдетіне айналған. Соңғы жылдары Нағимның жанына Бөкей ордасы аумағындағы сынақ полигоны қатты батып, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырғандай. Жуырда ол полигонға байланысты соңғы кездердегі жағдайлар жайлы өкпе-ренішін арқалап, редакцияға арнайы келді.
– Полигон туралы әңгіме талай жылдардан айтылып келеді. Оны менен де бұрын талай аймаңдай азаматтар жақтары талғанша айтып өтіпті. Ақын-жазушылар, журналистер оны жаза-жаза қанша сия тауысты екен?.. Күні кеше бақиға көшкен Кәкен ағамыздың өзі осы полигонға қарсы жылдар бойы арпалысып, жаптыра алмаса да талай шаруа бітірді. Жарықтық аяғы жететін жерлерге дейін барды, сөзімді естиді-ау деген құлақтарға дейін айтты... Сондықтан мені бір қаһарман етіп жазудың, мақтаудың қажеті жоқ. Біздің мақсат – алдыңғы толқын ағалар көтеріп кеткен мәселені әрі қарай апару. Қайткенде де іргемізде жатқан аждаһаның (полигонды айтады. Авт.) аранынан, зардабынан құтылу.
Бөкей ордасының жер көлемі 1 921 445 гектарды құрайды ғой. Сонау 1952 жылға дейін осынау аймақ төрт түлік малға толып, малшы мен қойшы ағайын бөрікті алшысынан киіп жүруші еді. Алайда ол дәурен 1952 жылдың жазында көзден бұл-бұл ұшты. Анау жер көлемінің 943 608 гектары Ресейге, әскери сынақ өткізетін полигонға жалға берілді. Бұл – ауданымыздың бүкіл жерінің 49,1 пайызы. Бүгінде ол жер сол ресейлік әскерилердің құзырында. Міне, содан бері 72 жыл өтті, малшы ағайын «Шіркін, қандай жерлер!» деп бармақтарын тістейді. Иә, айтса, айтқандай, жалға берілген жердің шабындыққа жататыны 169,3 мың га, жайылымы 499,2 мың га, орман-тоғайы 335 га, қалған 274,8 мың гектар жер де тап бір айтақыр деуге келмейді. Ауданда жыл санап мал өсірумен айналысатындар қатары көбейіп, соған орай мал басы да өсіп келеді. Осы күнде Бөкей ордасында барлығы 102 963 ірі қара, 106 168 қой мен ешкі, 37 153 жылқы және 1262 түйе бар. Бұл – осы жылдың қаңтар айында алған мәліметім. Бұйыртса, көктем шыға төрт түлікке бұзау, қозы мен лақ, құлын, бота ілеседі. Көбейе түседі. Енді қарапайым есепке жүгінейік. Ғылыми есеп бойынша әр сиырға жайылысқа 9 га, қойға, ешкіге 1,8 га, жылқыға 10,8, түйеге 12,6 гектар жер керек. Орта есеппен. Әрі қарай кеттік, сонда қолымыздағы ірі қараға (102 963 басқа) барлығы 926 667 гектар жайылыс керек. Қой мен ешкіге (106 168 бас) 191,102,4 га, жылқыға (37 153 бас) 401 252,4 гектар, түйе жарықтық (1262 бас) 15 901,2 гектарға жайылуы керек. Сонда төрт түлікке барлығы 1 534,923 гектар жайылыс керек болып шықпай ма? Ал Ресейге полигонға берілген жерді шығарып тастағанда ауданға қалғаны – 978 446 гектар. Жыл өткен сайын бұл жер малшыларға тарлық етуде. Анау Ресейге жалға берген жерден қандай пайда көріп отырмыз? Келісім бойынша әр гектарына (943 608 гектардың ) 1046 теңге төлейді дейді. Төлесе, ол қайда жұмсалуда? Біз болсақ, бүгінде әр гектарға 1046 теңгені малдан-ы-ы-п келе жатырмыз... Керісінше, оның 72 жыл бойы ауданның экологиясына, әсіресе, полигонға жақын жатқан ауылдарға тигізіп келе жатқан зиянына сөз жетпейді. Көп әріге бармай-ақ, осы өткен жылдан бір мысал алайын. Хан ордасы ауылдық округінде алты шаруа қожалығы аралары әрі кеткенде үш шақырым, 1,5 шақырым болып орналасқан. Малды ауылдардың («Қуанәлі», «Жетінші қарағай», «Алтыншы қарағай», т. б.) бұлай жақын орналасуларының себебі – жердің ыңғайы солай, алыс отырайын десе, бос жатқан жер жоқ, полигонға барып тіреледі. Сонымен өткен жылдың 20 желтоқсаны күні әлгі иін тіресе жатқан шаруашылықтардың ортасына келіп Ресейдің тік-ұшағы қонады. Одан түскен әскери киімді адамдар сол маңайға кішкентай жалаушалар қадап шығады да артынша тікұшақтарына отырып, келген жақтарына ұшып кетеді. Көп ұзамай, анау жалаушалар тігілген жерге келіп, ракета түседі де, айналаны тітіретіп жарылады. Бұған сол маңайды қоныстанған Иматалиев Ғайнеден, Құрманғалиев Сисенбай, Бисемалиев Қапитөк, Ғұмаров Нұфтолла, Бижанов Қуан сынды шаруалар куә бола алады. Кейін көрдік, ракета алты шаруашылықтың араларын жалғап жатқан жолдан 6-7 метр, Хан ордасына баратын күре жолдан 600-700 метрдей жерге түскен. Сынықтары жарты шақырымнан асатын аумаққа шашыраған. Құдай сақтап, тап сол сәтте ол маңайда ешкім болмаған... Тағы бір алаңдататыны – ракета, снаряд түскен жерлер жиі өртенеді. Мысалы, 2023 жылы полигон жерінде 16 өрт оқиғасы тіркелді. Сол өткен жазда менің балаларым зымыран түсіп жарылғанда шыққан өртті зорға сөндіріп алды. Полигонның аймағы тал-терек, қалың шөп, бұйрат-бұйрат құм. Анау-мынау көлік жүре алмайды. Үлкен өрт шыққаннан сақтасын, егер шыға қалса, сөндіру қиын болады...
Бұл жерде біреу «Енді не қыл дейсің, ол полигонның жері, жалға алған ресейліктер не істеп, не қоятынын өздері біледі» деп қарсы уәж айтуы мүмкін. Солайы солай ғой, дегенмен қауіпсіздік шараларын ешқашан ұмытуға болмайды. Ресей жағы келісім бойынша зымыран түсетін жерді (нысана-мишень қойылған) өрт шығып кетпеуі үшін алдын ала айнала жыртып, әзірлеуі керек. Өйткені осыған дейін талай жазатайым оқиғалар орын алды. Ракета-зымырандар, снарядтар белгіленген нысандардан ауытқып кетіп, сол маңдағы халыққа талай қауіп төндірді. Мысал керек пе, мінекей, осыған дейін (2013, 2016, 2019, 2020 ж. ж.) Орда ауылы, Макар, Шоңай, Молодость ауылдары аумағына қаңғып келіп түскен зымырандар халықтың иманын талай үйірді. Ол қауіп осы күндерде де сейілген жоқ. Тағы да сол өткен жылы ракета-зымыран түскеннен кейін ол маңай өртеніп, Орда ауылдық округіне қарайтын қожалықтың тракторы жанып кетті. Біздің аудан жеріндегі полигон Атыраудың Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылымен шектеседі. Нысанадан лағып кетіп түскен жерінде жарылған зымыраннан шыққан өрттен сол Сүйіндік ауылына қарайтын қой зауытының 1000 бас қойы тірілей жанып кетті.
Иә, баяғыда, кеңес заманында жерімізді полигонға бересің бе, бермейсің бе деп сұраған жоқ. Желкемізден басып отырып алды. Енді заман өзгерді, отыз жылдан бері өз қолы өз аузына жеткен ел емеспіз бе?.. Ең болмаса, баяғыда жасалған екі жақты келісімнің талаптарын мүлтіксіз орындауды неге талап етпейміз? Келісім бойынша әр сынақ өткізген сайын ресейлік әскерилер ракета, снаряд түскен жерлерде пайда болған шұңқырларды (воронка) тегістеп көмулері керек. Топырағын қопсытып, түрлі шөп егулері керек. Бірақ шөп екпек түгілі, жарылыстан пайда болған жерлер сол қопарылған күйінде қала береді. Ең болмаса, тегістеліп, көмілмейді. Жарылыстан пайда болған шұңқырлардың аумағы 10-12, тереңдігі 8-10 метрге дейін жетіп, түбінен су шығады. Кейде оны мал ішеді. Қызғылт-сары түсті су тұрып-тұрып топыраққа сіңіп кетеді. Әрі қарай жер астындағы суға барып қосылады. Оны кейін адам ішеді. Зымырандар мен снарядтар жарылғанда олардың сынықтары 600 метрге дейін ұшатынын көзімізбен көріп жүрміз. Ылғи байқаймыз, зымырандар мен снарядтар жел батыстан шығысқа қарай соққанда сыналады. Әлгілер алыстан ұшып келіп жарылғанда айналаны жағымсыз иіс жайлайды. Жарылыс болған аймақтың радиациясын Ресей де, Қазақстан жағы да өлшемейді, тексермейді. Біздің жақтан ешкім талап етпейді. Нақты мысал келтірейін, өткен жылы ресейліктердің кезекті сынағынан кейін 4-5 қазанда облыстық экология басқармасы мен санэпид-стансаның мамандарын өзім осы Оралдан көлігіммен алып барып, зымыран мен снаряд түскен жердің радиациясын тексерттім. Сонда оның деңгейі белгіленген мөлшерден 4 (!) есе жоғары болды... Апан-шұңқырдың түбіндегі қызғылт-сары су аждаһаның көзіндей жылтырап жатты...
Күні кешегі ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында біздің жақтың адамдары зымыранның сынықтарын жинап тапсыратын. Құдай оның жолын әрмен қылсын, содан бір жанұя түгел бала-шағасымен қайтыс болды. Полигонның зардабы әлі күнге жетіп артылады. Халықтың денсаулығы жыл санап төмендеп барады. 2019 жылы обыр ауруынан диспансерлік есепте 97 адам болса, қазір оның саны 113-ке жетіп отыр. Мына мәліметке қараңыз: Бөкей ордасы ауданы бойынша 444 адам мүгедектік есепте тұр. Мұның 112-сі бала кезден мүгедек (мүгедек болып туған). І топта – 46, ІІ топта 18 жасқа дейінгі 96 бала, ІІІ топта 114 адам туғаннан мүгедек. Соңғы үш жылда 9 мүгедек бала дүниеге келген. Менің айтайын дегенім, менің ғана емес, бөкейліктердің арманы –
полигонды жаптыру, оның қарауындағы жерді ауданға басыбайлы қайтару. Мұны полигонға байланысты екі жақты келісімнің мерзімі бітеді деп күтіп отырмай, қазірден бастап қолға алып, жабу керек. Жерді халыққа қайтару керек. Солай болған кезде, мал өсіргісі келетін шаруаларға мол мүмкіндік туады. Жайылыс, шабындық жер кеңейеді. Бәрінен бұрын – халықтың денсаулығына орасан зор зардабын тигізіп келе жатқан аждаһадан басыбайлы құтыламыз. Бұл мәселені Президенттің, Үкіметтің алдына қабырғасынан қою керек! Депутаттар да бөкейліктердің жанайқайын күн тәртібінен түсірмеулері керек!
Осылай деп Нағим Хитанұлы әңгімесін аяқтады. Біз көрген бір мәліметте Ресей мен Қазақстан арасындағы полигонға байланысты келісім 2030 жылға дейін жасалған екен. 1952 жылдан бермен қарай 72 жыл бойы сауырын зымырандар мен снарядтарға тосып келе жатқан Бөкей ордасына әлі алты (!) жыл шыдау керек екен сонда...
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»