27.09.2021, 19:23
Оқылды: 110

Әр ісінде тәртіп бар, әр сөзінде тәрбие мен тәлім бар, тағылым бар

«Уақыттан асқан билік жоқ, уақыттан асқан жүйрік жоқ». 2009 жылдың шілде айында кандидаттық диссертациямды қорғап, Алматыдан Оралға келген кезім. Алғашқы оқу жылым М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлкеттік университетінде басталды. Абай атындағы университетте білім алып, әл-Фараби атындағы университеттен қорғап, М.Өтемісов атындағы университеттегі алғашқы жыл. Жастық кезеңнің жалыны өзгеше болады ғой. Жұмысқа бірден кірістік. Кафедрадан шығып, сабақпен шектелмей, университет деңгейінен де жоғары істер жасауға құлшыныс мол кез. Сол күндердің бірінде кафедра меңгерушісі тәрбие жұмыстары жөніндегі проректордың шақырғанын айтты. Ол кісі – Дәрішева Түймеш Малбағарқызы.

2

Бұрын сырттай таныс болсам да, жақын сөйлесіп көрмеген жан. 10-сыныпта оқығанда облыстық олимпиаданың салтанатты жабылуы осы университеттің акт залында өткен. Марапаттау рәсімінде гуманитарлық пәндер бойынша жеңімпаздарға диплом табысталғанда, маған да Түймеш Малбағарқызы табыстаған екен. Сол сәттен қысқаша диалог:

- Біздің университетке оқуға келесіз бе?

- Жоқ.

- Қайда барасыз оқуға?

- Алматыға.

- Онда келіп қызмет атқарасыз. Бұл – біздің Альма-матеріміз!

- Білмеймін...».

2000 жыл болу керек. Араға тоғыз жыл салып, алғашқы еңбек жолымды осы университеттен бастайтынымды бұл кезде шынымен білмеген болармын.

Биыл он екінші жыл екен. Осы жылдар аралығында проректор Түймеш Малбағарқызын толықтай тани алдық деуге болар. Университеттегі ең алғашқы кездесу 2000 жылғы сахнадағыдай кездесу болмағаны есімде. Апайдың жай сөйлегені ұрсып сөйлегендей әсерде болып, таң қалып шыққам. Алғашқы тапсырма да жай болмады. Акт залының қасына ілінетін Ұлы жеңіске 65 жыл толуына орай стенд жасау тапсырылды. Сұрақ қойылса, не үшін олай жасалғандығын дәлелдеп кететін әдетіміз де бар. Сонда ойлағаным әлі есімде, «бұл кісі рақмет айтпайды, күшті етіп жасасаң да, ұрса береді екен деп...». Балалық ой болар. Қазір қарап отырсам, бұл кісінің жақсы көрген адамына ұрысқаны да бөлек болған екен. Айқайы да махаббатпен екен. Он жылдан астам уақыт аралығында сан қырынан танылған талантты жанды біз де тек жақсы жағынан тани алдық.

1

Әр жетістігіңе балаша қуанады және қуаныштан жар салады. Әр отырыста мақтанышпен айтып отырады. Кездесулерде сені таныстыруы ол енді бөлек әңгіме. Осы кездерде «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетудің ілтипаты сезілетін, анық сездіртеді.

2011 жылы алғаш рет университетімізде баспасөз қызметі ашылғаннан бері жұмыс ретімен өте тығыз қарым-қатынастамыз. Тапсырма көп күніне... Әр тапсырманы зор жауапкершілікпен, тез арада, жоғары деңгейде орындап тастайтын перфекционизм қасиеті бізді одан сайын жақындата түскендей болды. Жұмыс арасында қанша қарбалас боп жатса да, бір сәт тауып, жағдайыңды біліп тұратын, күліп тұрсаң да, көңілсіздікті көзіңнен байқайды. Жұмыстағы екінші анамыздай қамқорлығы сезіледі.

Үлкен деңгейде байқауларға қатысуға дайындалып жатқаныңды естісе, жеңімпаз болуға сенім білдіретін де осы жан. Жас буынға әркез қолдау білдіреді. Бұл кісінің нағыз шекпенінен шыққан шәкірттер өте көп, мен олардың қатарынан емеспін. Алдынан дәріс алып, қасында жүрмесем де, әріптес ретінде бұл кісіден алған да, алар сабақ та көп.

Апайдың мерейлі жасында Шарабасов Серікқали ағамыз «Орал өңірі» газетінде «Темірдей тәртіптің Түймеші» деген мақаласы шыққан. Дәл анықтама бергендей. Апайдың «Түймеш» атымен бірге темірдей тәртіп бар, талап бар, талантқа құрмет бар, тәрбие бар, тәлім бар, тағылым бар. Ұзақ жылдар проректорлық басшылық қызметте бір орында отыруының өзі Түймеш Малбағарқызының бойындағы басшыға лайық барлық абзал қасиеттердің табылуынан деп айтуға толық негіз бар. Іскер басшы, ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы, дайындықсыз модератор деп кете беретін біліктілік қасиеттерінің тізімін тоқтаусыз айта беруге болады. Адами болмысы мен келбетін танытатын адамдық қасиеті, адамгершілігі бәрінен де бағалы мен үшін.

Адам асқақ арманға, биік мақсатқа ие. Әрбірінің өз бағыты, арман қылған бағындырар биігі болады. Биік шың адамға оңайлықпен беріспесі анық.

Л.Фейербахтың «Адам тек өз күшіне сенген жағдайда ғана дегенінен жете алады» деген  қасиетті сөзі өз мақсатына жету үшін жол тартқан Түймеш Малбағарқызының үнемі көкейінде жүргені айқын.

Жастық кезеңде кездесетін сан қиындықтарға мойымай, қиналғанда қуаткер, оңашада ой-ерік, жалғыздықта жолдас, бақытқа бастар ақылшы, торыққанда таяныш, адамдар арасында айбар, жауға қарсы жебе болатын – білім мен ғылымды қуалады, тәрбие жолында абыройлы еңбек етті, әлі де еңбек етуде.

Жылдар өте ізденістің, қабілет-қарымның арқасында шеберлігі дамып, бүкіл ғұмырының рухани азығына, қызығы мен шыжығына айналған білім беру саласында қызмет атқарып келеді. Білім майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтерілетіні анық. Еліміздің білім беру ісіне, ағарту саласына, жастарды тәрбиелеуде сүбелі үлес қосып келе жатқан Түймеш Малбағарқызын еңбектің зейнет жасына жеткізген бұл мерейлі жылдар – үздіксіз оқу мен ізденудің, елеулі еңбек пен қажырлы қайраттың, жемісті жетістік пен жеңісті сәттердің, шаңырақ шаттығының мерейлі де мерекелі жылдары!

Рита Сұлтанғалиева,

                                          М.Өтемісов атындағы БҚУ

                                     қауымдастырылған профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале