28.12.2021, 9:20
Оқылды: 58

Әр сөзде қорғасындай салмақ, мірдің  оғындай өткірлік!

Салиқалы, салмақты керемет бір айтыс өтті. Оралдың  «Атамекен» өнер ордасында.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің - 30, Бөкей ордасының 220 жылдығына арнап жыр сомдауға арнайы келген ақындардың «осы қалайы» жоқ, өңкей мықты.

22 ақын, 11 жұп.  22 түрлі қолтаңба. 22 түрлі сөз саптау мен деңгей... 28CD28E7-E658-4206-A6CE-2C7845FC668C

Бәрінің сарапшысы әуелі – халық,  одан кейін осы аламанға арнайы шақырылған, Асанәлі  абыз бастаған  сарапшы-қазылар тобы.

Алдымен,  осынау сөз бәсекесіне сараптама жасап, қызмет көрсеткелі  арнайы келген қазылар алқасының, мәртебелі меймандардың  есімдері  бөлек-бөлек аталған сайын,  атшаптырым зал толы көрермен ду-ду қошемет білдіріп, жапырыла бұрылысады.

Көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және
КСРО Халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Құрмет» орденінің, ұлттық журналистік «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов,  Қазақстан,
Қырғызстан республикаларының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, I, III дәрежелі «Барыс»  және «Парасат» ордендерінің иегері, әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев,  Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Моңғолия Демократиялық партиясының «Азаттық» орденінің иегері, ҚР Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы сияқты зиялыларымыздың  Орал төрінде қатарласа отырғанының өзі бір ғанибет!  

4D0B81EF-8E5F-435B-9423-C0A578A8F394

Айтыскерлер құрамы да аңыз қып  айта жүрерліктей-ақ - қарғадайынан айтыс аламанының алдын бермей,  оза шауып келе жатқан,  Отырар ауданы мен Түркістан қаласының құрметті  азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері,  Мемлекеттік «Дарын»  жастар сыйлығының иегері,  «Алтын домбыралы»  Бекарыс Шойбеков, киелі Торғай өлкесінің  түлегі, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінің деканы, педагог-ғалым, иісі қазақ мойындаған  айтулы да азулы айтыскер Айбек Қалиев,  Алатаудың ақиығы, "Алтын домбыра"  иегері, өлең-сөздің шешені Рүстем Қайыртай,  Қытайда туып-өссе де,  қазақы тектілігіне қылау түсірмей, ойнақтап  келіп өз ортасына қосылған, айтыс теңізінде еркін құлаш сермеп келе жатқан  ерекше дарын иесі, Әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі физика факультетінің оқытушысы Қазірет Бердіхан,  ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін»  медалінің иегері,  Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан  университетінің  аға оқытушысы, «Алтын домбыра» иегері  Жансая Мусина сынды дүлдүлдер бастаған  22 арқалы ақын жырға бөктірді Жайық бойын.

Сөз қадірін білетін талғампаз Орал көрерменін тәнті қылған қызу тартыстар,  баяғының билерінше астарлай ырғасқан,  ойқастай келіп, ой тастай сөйлеген,  тегеурінді бопсамен бір-бірінің тапқырлығын  армансыз сынасқан  сөз мәнерінің  не бір түрі туып жатты  айтыс шаршысында.

«... Бір айтыста сөзден сүрі-ніп, сасқаныңнан сахнаға  ай-тыскер болып кіріп, күйші болып шыға жаздап едің,  Құрманғазы атамның жеріне кеп, бүгін тағы күй тартып кетіп жүрме» деп  жыр жебесін шірей тартқан Шұғайып Сезімхан (Монғолияның Баян-Өлгейінде туып-өссе де,  айналып келіп, қазығын тапқан азамат),

«... Талайды жеңіп жүрмін талқан қылып,

«Күйші» болып кетуім мүмкін емес,

Өзіңе жібермесем ән салдырып!» деп  бұл бопсаға айылын да жимастан, айбаттана жауап берген Қазірет Бердіхан,

«Мынау кім екі көзі сығырайған?

Бір жерден мен осыны көргендеймін

Өңім бе әлде, түсім бе, жәй емес тек.

Ағайын, анықтап бір қараңдаршы

Бет-әлпеті кәріске сай емес пе?

Жақында қызметінен түсіп қалған

Мына бәле, қанекей, Цой емес пе?

«Цой мырза»,  сізге біраз сұрағым бар,

Сіз жайлы неше түрлі сыбыс кетті...» деп әзіл-шынын араластыра денсаулық саласының  біраз  сыздауығын   «пырс еткізуге»  тап берген  Рүстем Қайыртай,

«Сен бірден кірістің бе ерегеске?

Оқталған секілдісің төбелеске.

Мен де сені бір жерден көргендеймін

Бір кісінің келбеті келеді еске.

Үйқамақта отыр деп естіп едік

Қасыма қатып қалған ол емес пе?

Қапаста   сақал-мұрты өсіп кеткен

Біртанов деген кісі сен емес пе?»  деп  оспаққа орайласа кеткен Қанат Мырзахан (Жамбыл) қатарласа шауып, арқаны біраз қоздырды.  

Біресе күлдірді, біресе  күрсіндірді  тыңдаған жұртын...

Халықаралық  бұл айтыстың жаңалығы – Оралдан шаңқ етіп шыққан жас қыран Ме-йірман Шәкенов болды десем, артық емес.   Жұбан туған топырақтың төл баласы  қиқуды салып, дүр сілкіндірді даласын.  Қызық болды.

Қарсыласы  Сырымбек Сәрсенбаевтың  (Атырау) да тілінің тікені бар, шақыр-шұқыр шайқас басталды да кетті.  Жұрт қыран-топан. Әсіресе

«Кітапханада екі  адамға бастықпын деп

Мақтанып бостан-босқа айбаттанба.

... Үйленген соң бір әдет пайда бопты

Аянышпен қарайтын бойдақтарға»  деп  қыжыртқан Сырымбекті

«Біз өзі Орал деген облыспыз» деп бастап, өлкедегі игі істерді моншақтай тізіп әкеліп

Жұбан мен Қадырға орталық бар

Ескерткіші еңселі төрде тұрар.

Ал  сенде ұлы Абайдан тиын-тебен

Бір апаңыз бар екен  жеңге тығар.

Екі адамға бастық деп кекеткенше

Өзіңнің ауруыңды емдетіп ал

Мәдениет салаңды жөндетіп ал» деп сойды Мейірман.

Түскі үзілістен кейін жалғасқан екінші бөлімнің басында Білім және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Орал жұртшылығын қызу құттықтап, Жібек Болтанова бастаған бір топ  алдыңғы толқын айтыскерлерге  министрліктің  алғысхатын және Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы БҚО бөлімшесінің ұсынысымен жасалған «Сырым батыр Датұлы» төс белгілерін табыс етті.

Одан соң қазақстандық эпик жыршы-фольклорист Берік Жүсіпов пен қырғызстандық манасшы Азиз Биймырзаулу өнерлерін көрсетті.

Келесі кезекте ақ қалпағы жарасып, Алатаудың ар жағынан келген  Азамат Болғонбаев пен оралдық Жарқынбек Шынтаевтың айтысы  қоңыр үнді домбыра мен аңыраған қомыз үнінің үндесуімен  және екі ақынның сыпайы ғана, «бейбіт қатар» әңгіме-дүкен құруымен өтті.

Екі ақынның жалғасы, марқұм Ерік Асқаровтың ұлы Бекзат пен  Сағынтай Бисенғалиевтің  баласы Айнабектің  айтысы ерекше сипатта өрбіді. Алыспағы да,  жұлыспағы да бар, кәдімгі ашық айқас. Айнабектің  осы жолғы  мәкісіз  шабысына  шаттана қол соқты жанкүйерлері.

Шымкенттік Нұрлан Есенқұловтың Қытай Халық республикасының Құлжа қала-
сында дүниеге келген,  бүгінде атамекенінде түтін түтетіп, тұрмыс құрып  отырған  «қазақтың қара қызы» (өз сөзі) Сұлужан Тауболдымен  айтысы  да өзіндік сабағы бар,  әркімнің ішкі жан дүниесінен хабар бергендей бір нұсқа болды десем, артық емес.

Өзі сондай ма,  әлде қарсыласын сөйлету үшін әдейі сөйтті ме, сөзі әрпіл-тәрпілдеу  шықты Нұрланның..

«Жасқа толмаған балаңды күйеуіңе тастап, айтыста не қып жүрсің, отырмайсың ба үйіңде балаңды бағып» дегендей сөздерді боратты-ай  келіп, боратты!  Көрермен көңілі кірбің тартқандай, лезде жүдеу күйге түсті.

Сұлужан шебер екен сөзге. Деңгейсіз әңгімеге шаппа-шап, деңгейлі жауап тауып  бере отырып, қыздарын қадірлеген ұлт ұстанымын алға тарта ұтымды позицияға  алып шықты айтысын.  

«Үйреніскен жау» Жансая мен Шалқарбай шыққанда, өз басым, (жұрт та солай шығар) «Енді не тауып айтар екен?» деп ойлап отырдым. Нешінші рет айтысулары екен бұл өзі екеуінің.

Әзілдері жарасқан екі қу сөз таппайтын ба еді!  Тапты. Жансаяны ханшайым деп бір көтермелеп жібереді де ханшайымдардың өмірі туралы ертегіге бергісіз көркем әңгімелерді  аузының суы құри:

«Деректерден келеді ханшайымдар

Биенің сүтіменен шомылғаны.

Ал біз болсақ бір шәйнек суға салып,

Кірін ездік  баланың жонындағы.

Ханшайымға бапталған ел күшімен

Сойылады екен ғой соғымдары.

Ал біздер құйрықтары құрттап кеткен

Қойды жейміз түспеген  қотырлары» деп жырлап, аяғында:

«Қатар-қатар   келген соң сұраймын ғой,

Жансая,  рас нәрсе ме  соның бәрі?»  деп  өп-өтірік момақан бола қалады Шалқарбай.

«Құйрығы құрттаған қой жеп жүрмін деп

Есіме қайдағыны саласың-ау

Ашығып  жүрген жанға ұқсамайсың

Сен, сірә, өтірікті соғасың-ау.

Бір қойдың құйрығына тоймай қалып

Құртымен қосып жеген баласың-ау» деп  қағып тастайды онысын Жансая.

«Бұра сөйлеген күлуге жақсы», осындай әзіл-қалжыңмен  әдіптей отырып, ел мүд-
десін де  сыналап жеткізе  біледі ақындар. Ысылған,  айтыс өнерінде  өзіндік  жолдары қалыптасқан  Жансая мен Шалқарбай бұл жолы да мәнерлі,  қызық айтыс жасады.

Әсіресе Атыраудағы елді шу еткізген «жемқордың  тұтылуын» қалай жеткізді дейсің Жансая:

«Ақынсың талайларды жығып кеткен,

Алдыңнан мықтылар да ығып кеткен,

Сен жайлы ақпарат көп миымызда

Қалмайын сөз бергенде бұғып тектен.

Туғалы жұмыс жасап көрмеп едің

Ресми еңбегің жоқ қылып кеткен.

Жақында жолым түсіп, 2-3 күндей

Атырау қаласында тұрып кеткем.

Со кезде папкі ұстаған сені көріп,

Аузымды ашып, көзді жұмып кеткем.

Облыстық мәдениетке маман болып,

Кірісіп алғаныңды біліп кеткем.

Екі апта өтпей жатып хабар жетті

Жаңағы жұмысыңнан шығып кеткен.

Артынан бастығыңыз шатылыпты

Антикор салмайды ғой құрық тектен.

Ақпарат құралдары шулап жатыр

Пәленбай теңгені айтып құрып кеткен.

Анықтап сот шешеді ақ-қарасын

Қайтеміз проблемаға кіріп тектен.

Шалқаржан, біз баяғы сені ойлаймыз

Сол жерде жан болғасын жүріп кеткен.

Әйтеуір сен болмасаң екен дейміз

Қораға бастығыңды тығып кеткен.

15 күн жұмыс жасап суқиттанып

Мойнына 15 миллионды іліп кеткен».

Қағытпа десең, қағытпа!  Қыжыртпа десең, қыжыртпа!

Жайшылықта сөйлер сөзге  дес бермейтін Шалқарбайдың  үні осы жерде  бәсең естілді. Енді қайтсін...

Соңғы жұп – Бекарыс пен Айбектің  айтысы күткеніміздей-ақ  тегеурінді.

«Әр сөзде қорғасындай салмақ, мірдің оғындай өткірлік, тырп еткізбес уәж,  ырғасып,  жауаптаса, нығарлай және тек қана жыр тілімен  сөйлеген   бұл  жұпты бұрынғының билері көрсе қайтер еді?» деген әлде бір мақтаныш пен сүйсініс толы тентек ой жылт  етті осы жерде...

Адамдық пен адалық, туралық пен бұлтақтық, көкіректік пен кішіпейілділік тақырыптары таразыға тартылғандай болды қос тарланның сөз  барымтасында. Тырп етпей, тынып  тыңдаған көрермен деңгейіне,  парасат-парқына да риза боласың осындайда.

Айтылмаған  әңгіме,  қамтылмаған тақырып қалған  жоқ. Ең көп қозғалған күрделі мәселе – әрине,  жол, тағы да жол.  Алқымнан алған жексұрын жемқорлық, Сайқынның үстімен ағылған поездарды аялдап өтетін жасап, Хан ордасына келетін туристерге жол ашу,  жұмыссыздық,  арнасы ортайған Ақ Жайық, жол апаттарының азаймауы, т. б. қан қақсатып тұрған мәселелер толық ашылды.

Қоғамдық пікірдің негізгі де қуатты локомотиві – айтыс екені даусыз. Сондай пікірлердің ашық айтылуына мүмкіндік жасап және өздері де елмен бірге отырып, құлақ түргенінен  өңір басшылығының  оңды көзқарасы  айқын көрінгендей.

22 ақын ертеден кешке дейін бірінен-бірі асыра жырлап тауыса алмаған кербез Орал  да, оның жаны жайсаң тұрғындары да бір жасап қалған тамаша һәм есте қаларлық күн болды  бұл бір.

Қазылар алқасының шеші-мімен айтысқа қатысқандардың әрқайсысы 500 000 теңгеден жүлде алып,  «Сырым батыр»  төсбелгісімен және облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.  

Оған қоса, сонау қырғыз елінен арнайы алдырылған қонақтар – айтыскер  Азамат
Болғонбаев пен манасшы Азиз Биймырза улуна ел атынан  бір-бір ат мінгізді ұйымдастырушылар алқасы.

Құрметке толы сый-сияпат пен Жайықтың  көл-көсір көңілі  кемеріне келіп, толқып тұрды қай жағынан да.

«Айтыс – дала театры.  Барлық өнердің әліппесі – айтыс!» деді айтыс соңында сөз сөйлеген Асанәлі  аға  елге, жерге, әкімшілік пен осы істің өтуіне мұрындық болған және барлығын ойдағыдай атқарып шыққан  Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының   басшысы, ақын Бауыржан Халиоллаға ризашылығы мен тілеулестігін, ақ батасын  ақтарып.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық  толғауы осылайшы түйіндеп берді өтіп бара жатқан   мерекелі  жылдың қорытындысын.

 Дариға Мұштанова

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале