ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына бүгінгі күнге дейін 39 өтінім келіп түсті. Оның ішінде «Үздік проза» номинациясына – 15 шығарма, «Үздік драма» бойынша – 1 өтінім, «Үздік поэзия» - 14, «Үздік әдеби сын» аталымы бойынша – 1 өтінім, «Үздік әдеби аударма» - 2, «Үздік балалар әдебиеті» - 4, «Үздік комикс» - 2 өтінім. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жазды.
Еске сала кетсек, әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 млн теңге. Әр номинацияға 5 млн теңгеден қарастырылған.
Үміткерлер өтінімдерін 2023 жылғы 1 мамыр – 1 қыркүйек аралығында www.aiboz.kz сайты арқылы жіберу қажет. Әдеби сыйлық жыл соңында табысталады. Байқауға отандық қаламгерлер қатыса алады және үміткерлердің жас ерекшелігіне шектеу жоқ.
««Айбоз» – отандық қаламгерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын ұлттық әдеби сыйлық. Байқауға бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған шығармалар ғана қабылданады. Бұл қазақ әдебиетінің қоры 7 номинация бойынша жүздеген жаңа туындымен толығады деген сөз. Сондай-ақ қаламгерлер арасында бәсеке пайда болып, соның нәтижесінде оқырманға өзекті, қызықты әрі заманауи шығармалар жол тартады»,- деді ҚР МСМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет.