ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығына бүгінге дейін 64 өтінім келіп түскен.
Минисртліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Үздік проза» номинациясына – 26 шығарма, «Үздік драма» – екі өтінім, «Үздік поэзия» - 21, «Үздік әдеби сын» аталымы бойынша – бір, «Үздік әдеби аударма» - төрт, «Үздік балалар әдебиетіне» - сегіз, «Үздік комикске» - екі өтінім түскен.
Еске сала кетсек, әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 млн теңге. Әр номинацияға 5 млн теңгеден қарастырылған.
Үміткерлердің өтінімі 2023 жылғы 1 мамыр – 1 қыркүйек аралығында www.aiboz.kz сайты арқылы қабылданады. Әдеби сыйлық жыл соңында табысталады. Байқауға отандық қаламгерлер қатыса алады және үміткерлердің жас ерекшелігіне шектеу жоқ.
««Айбоз» – отандық қаламгерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын ұлттық әдеби сыйлық. Байқауға бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған шығармалар ғана қабылданады. Бұл қазақ әдебиетінің қоры 7 номинация бойынша жүздеген жаңа туындымен толығады деген сөз. Сондай-ақ қаламгерлер арасында бәсеке пайда болып, соның нәтижесінде оқырманға өзекті, қызықты әрі заманауи шығармалар жол тартады», - деді ҚР МСМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет.