Бүгін «Қазпошта» АҚ БҚО филиалының басшылығы «Жайық Пресс» медиахолдингіне арнайы келіп, «Орал өңірі» газетінің ардагер журналисі, 11-12 жасынан бастап ауылда «поштабай бала» атанған Ғилаж Наурызұлына құрмет көрсетті. Жиын медиахолдингтің конференц залында ұйымдастырылды.
Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық кеңесінің Социализм колхозында дүниеге келген кейіпкеріміздің балалық шағы Ұлы Отан соғысымен қатар келген. Ғилаж Наурзин майданнан келген хаттарды ауыл-ауылға тасып еңбекке ерте араласады. Мектепте ұстаз, кейін аудандық газеттерде тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор болып қызмет атқарған. 1977 жылдан бастап батыс өңірінің белді басылымы «Орал өңірі» газетіне жұмысқа қабылданып, сол кезде жаңадан ашылған құрылыс және су шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болады. Көркем очерктер, бейнелі репортаждар сол кездегі қарқынды жүрген құрылыстың жылнамасы болып, газет бетінде тарих болып қалған еді. Бүгінде тоқсанға таяп қалған Ғилаж Наурызұлы сергек те елгезек қалпынан таймаған.
Салтанатты шарада «Жайық Пресс» медиахолдингіне арнайы келген әріптестеріміз – «Қазпошта» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Нұрғиса Камашев құттықтау сөз сөйлеп, жасы тоқсанға тақаса да әлі күнге дейін бала күнінен жанына серік еткен пошташы қызметінен айнымаған ардагерге сый-сыяпат жасады.
«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов қарт журналист пен қазпошталық әріптестеріне ақжарма тілегін арнап, алғысын жеткізді.
Жиын барысында Ғилаж Наурызұлын бірқатар әріптес інілері мен қос редакция қызметкерлері де құттықтап, естеліктерімен бөлісті.
Гүлсезім БИЯШЕВА