2.12.2020, 12:14
Оқылды: 39

Ардагерімізді ардақтай алмаймыз ба?

Таяуда облыстық газет редакциясына ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина саласында жарты ғасырдан астам қызмет істеген Қозыкеш Омаров салалық кәсіподақтар ұйымдарына байланысты өкпе-назын айтып келді. Адамның жаны мен тәнін емдеуге бар ғұмырын арнаған сала ардагері осы күні санда бар, санатта жоқ секілді күй кешіп жүргенін тілге тиек етті.

A603D208-9A6F-4FCB-9FCC-2A032B579E56

Әсіресе зейнеткерлер өміріне зор қауіп төндіріп отырған коронавирус індеті білікті дәрігер мен оның зайыбы Жаңылсын Идрисовадан айналып өтпепті. Абырой болғанда, ерлі-зайыпты зейнеткерлерге уақтылы медициналық көмек көрсетіліп, биылғы шілде айында екеуі де қалалық көпбейінді ауруханадан емделіп шыққан екен. Сосын ардагердің өзінің айтуынша, кезінде өзі басқарған «Ақжайық» шипажайына бару үшін жеңілдік беруін сұрап, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен осы салаға қатысты қос кәсіподақ ұйымы басшыларына жолыққан көрінеді. Алайда Қозыкеш ағай әлі күнге дейін аталған ұйымдардан ешқандай көмек жоқ екенін айтып, шағым хатын редакцияға табыстады.

Осы хатта Қозыкеш Қасымұлы денсаулық саласына 51 жылын арнағанын жазады. Өзінің өмірбаяндық деректеріне сүйенсек, Орал қаласындағы медициналық училищеде оқып, 1962-68 жылдары Бөкей ордасындағы Хан ордасы мен Бисен, Жәнібек ауданындағы Күйгенкөл ауылдарында фельдшер болып қызмет еткен. Кейін жас маман Ақтөбе мединститутында білімін жетілдіреді. Институтта кәсіподақтар ұйымын басқарды. 1974 жылы аталмыш жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, бұрынғы Чапаев ауданына бірден бас дәрігер қызметіне тағайындалды. Бірнеше жыл бойы Ақжайық және Шыңғырлау аудандарында бас дәрігер болды. 1986-1995 жылдары «Ақжайық» шипажайын басқарғаннан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы қызметіне тағайындалды. 2001 жылдан бастап облыстық ауруханадағы санавиация бөліміне жетекшілік етті. 2005 жылы зейнеткерлікке шықса да, қызметтен қол үзбеді. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының кеңесшісі болды. 2011-2013 жылдары Жаңақала аудандық сауықтыру орталығы директоры қызметін атқарды. 2013 жылы «Батыс Қазақстан облысы медицина қызметкерлері – ардагерлер одағы»  қоғамдық бірлестігін құрады.

Содан бері бірлестік төрағасы медицина саласында зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерге қиын кезеңде рухани тұрғыда қолдау көрсетіп, мереке күндері құттықтау шараларын ұйымдастырып келген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып, бірлестік атынан 1300 зейнеткерге куәлік беріп, олардың емханаларда кезексіз ем алуына қол жеткізген. «2018 жылы медицина кәсіподағы екіге бөлініп, жер астынан жік шығып, «SENIM» деген кәсіподақ құрылды. Біз көз көргелі келе жатқан медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподағы жойылудың алдында тұр. Қазіргі кезде екі кәсіподақ екі жерді жалға алып, екеуінің де қызметкерлері жалақы алып отыр. Мұны барлығы – денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшылары Қ.Төсекбаев пен Н.Беркінғалидың қалдырып кеткен «жақсылықтары». Мен биыл коронавируспен ауырып, өзім басқарған «Ақжайық» шипажайына жолдама ала алмадым. «Біз жұмыс жасап жүрген кәсіподақ мүшелерімен жұмыс істейміз. Сіз жарна төле-мейсіз, сондықтан шипажайға жібере алмаймыз. Бұл – «SENIM» кәсіподағының төрағасы Махамбет Құсайыновтың сөзі. Бір салаға екі кәсіподақ неге қажет? Осындай келеңсіздік салдарынан қоғамдық бірлестік қызметін тоқтатуға тамыз айында облыстық әділет департаментіне өтініш тапсырдым», – деп күйіне жазған, өзі редакцияға аяқтай келіп тапсырған шағымында ардагер Қозыкеш Омаров.

 Салават Ағдаутов, Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы БҚО филиалының төрағасы:

– Қазіргі кезде біздің кәсіподақ мүшелерінің саны азайды. Кәсіподақ филиалында мыңға тарта адам ғана бар. Бұрын кәсіподақ мүшелеріне, олардың қатарында зейнеткерлерге де 50 пайыз жеңілдікпен шипажайға жолдама беріп жүрдік. Енді дәл солай жасауға қаржылық жағдайымыз көтере бермейді. Салалық кәсіподақ құрамында болған облыстық көпбейінді аурухана қызметкерлері «SENIM» кәсіподағына ауысып кетті. Ал сала ардагері Қозыкеш Қасымұлы сол мекемеде қызмет ете жүріп, зейнеткерлікке шықты. Енді «SENIM» кәсіподағы аталған аурухана ардагерлерінің мұң-мұқтажына құлақ асып, қолұшын созуы керек. Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының аймақтық филиалында облыстық пери-натальдық орталық, №4 емхана, Бөрлі және Жәнібек аудандық ауруханаларының ұжымы бар. Әр жыл басында осы мекемелердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары кәсіподақ мүшелерінің тізімін бекітіп, әлеуметтік қолдау көрсетуді ұсынады.

 Махамбет Құсайынов,

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ БҚО филиалының төрағасы:

– Біздің филиал ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» заңы және «SENIM» кәсіподағының жарғысы негізінде қызмет етеді. Біздің кәсіподаққа шағым айтып отырған ардагерге айтар бірнеше уәжіміз бар. Біріншіден, Қозыкеш Омаров – «Батыс Қазақстан облысы медицина қызметкерлері – ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Заң бойынша ресми түрде қызметі әлі тоқтамаған «SENIM» кәсіподағы заңды тұлғаға көмек көрсетуге құқы жоқ. Екіншіден, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы 2018 жылы сәуір айында құрылды. Облыстық көпбейінді ауруханада ұзақ жыл қызмет етіп, зейнетке шыққанша Қозыкеш Омаров Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағына жарна төлеп келді. Сондықтан аталған кәсіподақ осы зейнеткер мүддесін қорғауы тиіс.

«SENIM» кәсіподағының құрамына 2018 жылы 30 шілдеде облыстық аурухана ұжымы бірауыздан келісіп кірді. Осы ауруханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымында 840 адам бар. Олардың қатарында 70-тен астам зейнеткер есепке алынған. Келер жылға жоспар жасағанда бастауыш ұйым мүшелері жиналып, шипажайға баруға жеңілдік берілетін кәсіподақ мүшелерінің тізімін бекітеді. Егер  ауыр дертке ұшыраған адамдар болса, шұғыл ем алу немесе денсаулығын оңалту үшін кезектен тыс жолдама беруді ұсынады. Сондықтан өзіміздің кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғаймыз.

«SENIM» кәсіподағына облыс бойынша 35 медициналық ұйым енді. Біздің кәсіподақ тың бағытта жұмыс істеуде. Біз жас мамандардың біліктілігін арттыру, медициналық мамандар жетіспеушілігін қамтамасыз ету, осы бағытта әлеуметтік қолдау қоржынын (пакетін) ұсынуға көңіл бөлудеміз.

Қазіргі уақытта «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының» облыстық филиалында 11 301 мүше бар. Егер еңбек ардагері Қозыкеш Омаров біздің кәсіподаққа кіруге өтініш жазып, жарна төлейтін болса, кәсіподақ жарғысына сәйкес көмектесуге әзірміз.

P.S. Білікті дәрігер Қозыкеш Омаров – «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі. Жәнібек ауданының құрметті азаматы. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Зайыбы Жаңылсын Идрисова «Ақжайық» шипажайында қызмет ете жүріп, зейнеткерлікке шыққан.  Ерлі-зайыпты зейнеткерлер маңдай тері сіңген мекеменің қайырын неге көрмей отырғаны түсініксіз. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Д.Хайрушев ардагердің тамыз айындағы өтінішіне жауап жазған хатында «Ақжайық» емдеу-сауықтыру шипажайына жолдама беруге мүмкіндік жоқтығын, оған қоса, бұл мекеме басқармаға бағынысты ұйым емес екенін «айтып» ақталған сыңай танытады. Өз өтінішіне салалық кәсіподақ ұйымдары мен аталған басқарманың құлақ аспағанына зейнеткер редакцияға арыз  айтуға арнайы келген екен. Мақаламызда қос кәсіподақ төрағаларының жауабын қоса беруді жөн көрдік.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале