Тәуелсіз Қазақстан тарихында 22 маусым - Еске алу және аза тұту күні ретінде аталып өтіледі. Бүгін Орал қаласындағы Мәңгілік алауға ардагерлер кеңесінің мүшелері гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алды.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1941 жылы 22 маусымда Германия әскері Кеңес Одағына соғыс бастады. Соғыс салдарынан 30 млн. - ға жуық адам көз жұмды. Көптеген қалалар мен елді мекендер қиратылды. Әйелдер жесір, балалар жетім қалды.
«Бүгін біздің мемлекет Еске алу және аза тұту күнін атап өтуде. Осыдан 81 жыл бұрын фашистік Германия Кеңес одағына ескертпестен шабуыл жасады. Төрт жылға созылған соғыста біздің бабаларымыз жанкештілікпен елді қорғады, бізді қорғады. Біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Олар жауға берілмеді. Олар - біз үшін мәңгі жеңімпаздар», - деді қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Исаева.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz