Қыс мезгілінде ауа райының күрт суытуы мен жауын-шашынның мол түсуіне байланысты ардагерлерге қолдау көрсету мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында ерікті жастар мен ұйым өкілдері ардагерлердің үйлеріне барып, аула мен кіреберіс жолдарды қардан тазалау жұмыстарын жүргізді.

Шараның негізгі мақсаты — аға буын өкілдерінің қысқы мезгілде қауіпсіз әрі жайлы қозғалуына жағдай жасау, олардың күнделікті тұрмысына қолдау көрсету және қоғам тарапынан көрсетілетін қамқорлықты нақты іспен дәлелдеу. Қар тазалау жұмыстары ардагерлердің тұрмыстық қауіпсіздігін арттырып, тайғақтан болатын қауіптердің алдын алуға бағытталды.

Акция барысында ардагерлерге жылы лебіздер айтылып, олардың ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесі мен еңбегі ерекше аталып өтті. Бұл игі бастама — ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастардың бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді адамгершілік құндылықтарды сіңіруге бағытталған.

Қоғамның алтын қоры саналатын ардагерлерге тұрақты түрде қолдау көрсету — бүгінгі ұрпақтың азаматтық борышы. Осы бағыттағы әлеуметтік маңызы бар шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
БҚО жастармен жұмыс жөніндегі
ресурстық орталығы