20.06.2022, 12:00
Оқылды: 59

Әріптестерімізге мың алғыс!

Әлем халқының зәреқұтын қашырған коронавирус инфекциясымен күрес кезінде алдыңғы шепте медицина қызметкерлері  жүрді. Сын сағатта «Батыс АвиГип» ЖШС-ның ақжелеңділері де аянып  қалмады.  Солардың  қатарында  жалпы тәжірибе  дәрігері, поликлиника меңгерушісі Азиза Урасаева,  медбикелер Лунара Тоғаева, Әсел Тілеужанова, Меңсұлу  Мусакулова,  Ақсырға  Булатова күндіз-түні еңбек  етті. Пандемия кезінде дәрігерлер де,  медбикелер  де  жұмыс  таңдаған жоқ. Жұмыстың да дәрежесі ауыр не жеңіл деп бөлінбеді. Өйткені адамдар өлім мен өмірдің арасында  арпалысып жатқанда, бұлай болуы мүмкін де емес еді. Науқастарға клиникадағы күндізгі стационарда да қызмет  көрсетіліп,  тегін  дәрі-дәрмек  берілді.   

медицина

Азиза Болатқызы «Батыс АвиГип» ЖШС-да 2019 жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істеп келеді. Пандемия басталғанда клиникада тіркеуде тұрған науқастарға тек бір  бригада қызмет көрсетті. Осы бригада құрамында болған Азиза Урасаева дәрігерлердің тапшылығына байланысты үйдегі науқастарды да, клиникаға келгендерді де емдеді. Індет жұқтырғандарды жұқпалы аурулар ауруханасы мен стационарларға дер кезінде ем алуға жолдап отырды.

– Пандемияның алғаш жарияланған кезінде дәрігерлерге оңай болған жоқ. Себебі дүние жүзін жайлаған індетпен күресу тәжірибемізде тұңғыш рет кездескен еді. Тіпті бұл шақта дамыған мемлекеттердің өздері дәрменсіз болып қалды. Шыны керек, өзімнің қауіпсіздігіме алаңдамаған секілдімін. Бірақ вирус жұқтырып, жаны шырқырап жатқан науқастардың өмірі үшін қорқыныш болғаны рас. Ол кезде негізінен жасы үлкен кісілердің, онкологиялық, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастардың жағдайы ауырлау болды. Себебі жұқпалы індет өз алдына, бойларында бұғып жатқан аурулар «күш алып» кетті. Отбасымен түгел ауырғандар да бар. Коронавирус балаларды да айналып өтпеді. Бір күнде 15 шақты науқасқа ем-дом көрсетілді. Жалпы, сол кезде көргендеріміздің, басымыздан өткергендеріміздің бәрі бізге сабақ болғанын айтқан жөн. Осындай сын сағатта медбикелер Лунара Тоғаева мен Әсел Тілеуғалиева да қауіпті індетпен күрестің бел ортасында жүрді, – дейді Азиза Болатқызы. Медбикелер науқастардан ПТР сынамасы мен қан талдамаларын алып, зертханаға тапсырды. Індетке шалдыққандарды стационарлар мен жұқпалы аурулар ауруханасына тасымалдауға көмек көрсетті.

Науқастардың тәуір болуына тілекші болып жүргенде әріптесіміздің өзі де індет жұқтырып алған еді.  Дертті жеңіп шығып, қайтадан қатарға қосылды. Осы ретте науқастардың тезірек сауығып шығуына әлде ауруының асқынуына олардың өздері де себепші болатынын айтқан жөн. «Мәселен, сол кезде симптомсыз, әлде жеңіл түрде ауырған науқастардың арасында «өліп қаламын» деп қорқып, қатты абыржығандар да кездесті. Бұл да біздің кәсіби шеберлігімізді сынайтын сәттің бірі. Себебі біз науқастардың көңілін аулап, сабасына түсіруіміз керек. Әйтпесе,  адамның  көңіл күйінің бұзылып, жаман ойларға берілуінің өзі  денсаулыққа кері әсер етеді. Жалпы қандай аурумен ауырса да, адамдарға бұлай өмірден баз кешіп, емнен бас тартуына болмайды», –  дейді әріптесіміз.

Пандемия кезінде ауруханаларда біреулер аурумен арпалысып жатқанда, індетке шалдыққанын елемей, санитарлық талапты сақтамай жүргендер де кездесті. Осылай­ша сау адамның ауру жұқтыруына тікелей себепші болды. Біздің қызметкерлер сондай жауапсыз жандарды да көзден таса қылған жоқ. Олардың бірнешеуін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізетін мамандардың қадағалауына тапсырды.

–  Бәрі артта қалып, енді мұндай індетпен күресетін күн тумасын деп тілеймін. Сол кезде жаны қиналып, ем алып шыққан адам ғана пандемия кезіндегі арпалыстың қаншалықты қиын болғанын түсінеді. Бұл аурудың бес жылдан кейін қандай салдары болатынын білмейміз. Бірақ індеттің  буындар мен тамырларға әсер еткені анық. Жалпы, қазір денсаулығы жүз пайыз сау адам жоқ секілді.  Біз алдымызға келген науқасқа қолдан келген көмекті беріп, ем-дом жасаймыз. Ал одан кейін әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты. Олар дәрігер берген емді уақтылы қабылдаулары тиіс, –  дейді  дәрігер  әріптесіміз.

Азиза Болатқызының дәрігер болуы тектен-тек болмаса керек. Себебі әжесі Сұлушаш Елеуова ауылда 45 жыл фельдшер болып қызмет еткен. Анасы Дәметкен Бисенғалиева отыз жылдан бері медбике болып еңбек етіп жүр. Біздің әріптесіміз де осы асыл жандар салған сара жолмен жүріп келеді. Азиза әріптесіміз ата-енесінің бабын тауып, отағасымен бірге үш бала тәрбиелеп  отыр. «Өзіме жұмысым ұнайды. Ең бастысы, адамның ниеті мен білімі болса, қолынан бәрі келеді», – дейді әріптесіміз. Біз ұжымның және халықтың атынан әріптестерімізге атқарған еңбектері үшін  мың алғыс айтамыз. Біз үшін ем алушылардың ризашылығын естудің өзі үлкен мәртебе.

Сөздің реті келгенде айтқан жөн, тұрғындар жоспарлы түрде дәрігерге дейінгі немесе дәрігерлік көмек көрсетілу үшін емханаға тіркелуі қажет. Екі жарым жылдан бері «Батыс АвиГип» ЖШС осы бағытта тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Қазір мұнда 9350 тіркелуші бар. Клиника бұған дейін азаматтарды  ақылы медициналық тексерістен өткізді.

«Батыс АвиГип»  ЖШС ұжымы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале