18.04.2023, 12:30
Оқылды: 80

«Арманың үндес еді Ақ Жайықпен»

Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар кітапханасында «Хамза рухына тағзым» атты кітапхана жас мамандарының ЖасStar аймақтық форумы өтті. Аталмыш іс-шара жазушы Хамза Есенжановтың туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Есенжанов (1)

Форумда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев жазушының өмір жолы туралы айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Х. Есенжановтың есімі айтылғанда бәріне белгілі «Ақ Жайық» трилогиясы есімізге түседі. Тағдырдың тауқыметін көрген жазушының өмір жолы бізге үлгі. Оның қиындыққа қарсы жүріп, мойнына артылған жүкті еңсергеніне кешегі күндер куә. Бір ауыз сөз үшін бас бостандығынан айырылған қаламгерге асыл жары — София апай қолдау білдірді. Сондай сәттерде сенім деген күштің адам бойына қуат бітіріп, жігер беретіні анық. Басына күн туғанда ар-намысын бәрінен биік ұстаған жазушының шығармалары – бізге қалған мол мұра. Сондықтан тарихымызды танып, өткен күннен өнеге алайық, – деген Қуанышбек Жанболатұлы домбырасымен «Ерке сылқым» күйін күмбірлетті.

Айта кетейік, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, көрнекті жазушы Хамза Есенжановтың туғанына биыл 115 жыл толып отыр. Қарымды қаламгер өңір тарихына арнаған шығармалары арқылы жастарға ұлттың болмысын ашып көрсеткен.

Жас мамандар форумының негізгі мақсаты – кітапханашылардың кәсіби белсенділігін арттыру, олардың бойындағы талантын қолдау және әр өңірден келген мамандардың арасында рухани байланыс орнату. Аталған форумда өңіріміздегі аудандық кітапханалардан және Атырау облыстық балалар кітапханасынан 15 үміткер келіп, бақ сынасты. Олар «Сөз ырғағында» және «Проза энергиясы» бағыттары бойынша шығармашылық қарым-қабілеттерін көрсетті. Сөз зергері Х. Есенжановтың өмірін, шығармашылығын өлеңімен суреттеген жас кітапханашылар көптің қошеметіне бөленді. Он бес қатысушының арасында өлеңімен қатар, прозалық бағыттағы шығармасын дайындап әкелгендер де болды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талап Қуаныш, «Жауқазын» жас қаламгерлер мектебінің жетекшісі Гауһар Шайхиниязова, «Теректі жаңалығы» газетінің бас редакторы Әділет Орынбасаров және Дәурен Шамұрат сынды сарапшылар қатысушылардың өлеңдерін талдап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Есенжанов (2)

– Кітапхана мамандарының танымал қаламгерге арнаған арнау өлеңдері және прозалық шығармаларымен таныстық. Арасында жазуға қабілетті жастардың бар екенін көріп, қуанып отырмыз. Десе де, кейбірінен баяндаудан өзге ештеңе байқай алмағанымыз да жасырын емес. Енді бірінің ұжымдық жұмыс екені білініп тұр. Сіздерге қаламгер Хамза Ихсан-
ұлының шығармашылықтағы шеберлігін берсін! Үздіксіз ізденіп, оқып, жаза беріңіздер. Ізденіс арқылы ғана дұрыс дүниелерге қол жеткізе аламыз. Сонымен қатар тоқтаусыз жазған адам шыңдала түседі, – деді Талап Таймас-ұлы.

ЖасStar аймақтық форумы әрі қарай Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда «Арманың үн-дес еді Ақ Жайықпен» атты әдеби-сазды кешке ұласты. Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Салауат Теменов жазушының образын сомдап (үстіңгі суретте), жастарға айтқан өсиетімен іс-шараның шымылдығын ашты. Әдеби кешке өңірімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, қаламыздағы кітапханалар ұжымы және студент-жастар қатысты.

Есенжанов (3)

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов жазушының мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараларды атап өтті. Сондай-ақ бұл іс-шаралардың көбі шығармашылыққа ден қойған, жазуға жаны құштар жастарды қолдау мақсатында өткенін айтты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі, ақын Айтқали Нәріков ЖасStar аймақтық форумының және Хамза оқуларының жүлдегерлерін марапаттады.

– Хамза ағамыз – өмірде қиындықтың талайын көріп өткен адам. Ағамыздың ғұмыр жолына қарап, Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген жолдарын еріксіз есіңе түсіресің. Себебі ол қиын кезеңдерден өзінің қайтпас қайсар мінезінің арқасында аман қалып, қажырлы еңбегімен әдебиетке үлес қосты. Осы өңірдің тарихы жайлы бес кітап жазған адам кемде-кем. Жақында туған жеріне барып, ондағы жұрттың 115 жылдық мерейтойды жоғары деңгейде тойлаймыз деп отырғанына куә болдық. Сондай-ақ тағы да бір сүйінші хабарымыз бар. Астана қаласының Есіл ауданындағы бір көшеге Хамза Есенжановтың есімі берілмек. Ағамыздың шығармашылығын кейінгі ұрпаққа насихаттайтын да, жолын жалғастыратын да осы жастар. Сондықтан жас таланттардың белін буып, арқасынан қағу — біздің бүгінгі міндетіміз, – деді ақын Айтқали Нәріков.

Сонымен, «Хамза рухына тағзым» аймақтық форумының «Сөз ырғағында» бағыты бойынша үздіктер қатарынан Анаргүл Ибраева (Бөкей ордасы ауданы), Азамат Нұртаев (Бәйтерек ауданы) және Мейірман Шакенов (Ақжайық ауданы) көрінсе, «Проза энергиясы» бағытында Алтынай Қыраубаева (Атырау облысы) мен Нұрлан Едігеновтің (Орал қаласы) шығармалары үздік деп бағаланды. Оларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Әдеби-сазды кеште ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Арманың үндес еді Ақ Жайықпен» атты жазушыға арнауын кітапхананың тұрақты оқырманы Біржан Кухаев мәнеріне келтіре оқып берді. Сондай-ақ Донеділ Қажымов, Жаскелең Ғайсағалиев, Сағадат Рахметжанов, Жаңылсын Хасанова сынды өңірімізге кеңінен танымал өнер майталмандары белгілі композиторлардың Ақ Жайыққа арнаған әндерін орындады.

 

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале