Роман Григорьевич Гречанин 1924 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Шаһардағы жалпы орта білім беретін №8 мектепте білім алады. Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін әскери іс бойынша қысқа мерзімді курста оқиды. Ол кезде екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткен еді. Алты айлық курстан кейін 1942 жылдың тамызында майданға шақыртылады. 1943 жылғы қаңтар-маусым айлары аралығында Брянск майданындағы әскер құрамында соғысса, 1943 жылдың 11 қазанынан бастап екінші Украина майданына ауыстырылған. Жеңісті Прага маңында қарсы алып, елге, яғни Орал қаласына 1947 жылы ақпанда оралады.
Артиллерист Роман Гречанин 1944 жылғы Будапешт операциясы кезіндегі ұрысты естен шығарған емес. Венгрия фашистік Германияның Еуропадағы жалғыз одақтасы еді. Ол мемлекеттен фашистерге мұнай мен азық-түлік жеткізілетін. Соған орай Германия Венгрияны Кеңес әскерінің қолына бермес үшін жанталасып жатқан шағы. Ал Кеңес қолбасшылығы қосымша шығындарды болдырмау үшін Будапешт гарнизонына қарсылықсыз тізе бүгу туралы ультиматум қойды. Фашистер оны қабылдамай, Кеңес парламентшілерін атып тастады.
– 1944 жылы 23 тамызда Будапештке 5 мың оқ-дәрі лақтырылды. Мен командирімнің бұйрығымен ол оқ-дәрілерді нысанаға тастадым. Кейін байқағанымыздай, біз оқ-дәрі орнатқан ғимараттардың астында жер асты бөлмелері бар екен. Онда мыңдаған бейкүнә жандар, үрейленген әйелдер мен балалар, қариялар жасырыныпты. Бұл туралы білгеннен кейін біз оларды құтқаруға асығып, үйінді астынан шығардық. 1945 жылы 13 ақпанда Будапешт қаласы неміс басқыншыларынан толығымен босатылды. Мен көптеген жылдар бойы сол қанды шайқастың қорқыныштарымен оянып келемін, - деген болатын бір кездері Ұлы Отан соғысының ардагері Роман Гречанин.
Роман Григорьевич соғыстағы ерлігіне орай "Жауынгерлік еңбегі үшін" медалімен марапатталған. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Орал қаласындағы теміржолдың жүк тасымалдау қызметінде еңбек етіп, 1984 жылы зейнетке шықты. Бүгінде Мәскеудегі ұлымен бірге тұрады.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress