12.03.2022, 11:00
Оқылды: 38

Арыз-шағымға салғырт қарамаңыз!

Таяуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылының тұрғыны М.Қожахметовтің жазған арыз-шағымына әр түрлі жауап берген Сырым ауданы әкімінің орынбасары А.Сарқұлов пен аудан әкімі аппаратының басшысы М.Мырзаштың, сондай-ақ бас мамандар М.Хасанов, Ж.Бектемір, Е.Өтепов, Қ.Ишанғалиев, А.Қуанаевтың тәртіптік ісі қаралды.

CFD1E705-A0C4-45B5-837A-DF013B259339

Басқосуды Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев жүргізді. Даудың басы Жымпиты көшелеріндегі тротуардың уақтылы қардан тазаланбайтындығы туралы арыздан басталған. Нақтырақ айтсақ, былтыр ауыл тұрғыны М. Қожахметов осы мәтінде Жымпиты ауылдық округінің әкіміне арыз жазады. Жымпиты ауылының әкімі М.Қайырғалиев хатқа жауап жазып, «Іс материалдарымен алдын ала ескертіп, аптаның жұмыс уақытында келіп танысуыңызға болады» деп келтіреді.

Шағым иесіне әкімнің «алдын ала ескертіп» деген сөзі көңілінен шықпайды. «Ескертіп баруға міндетті емеспін. Бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес емес» деп, Сырым аудандық әкімі аппаратына ауыл әкімін жауапкершілікке тартуды талап етіп шағым түсіреді. Аталмыш арызды Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы М.Мырзаш қарайды. Содан аппарат басшысы округ әкімі М.Қайырғалиевке аталған мәселе бойынша түсіндірме жазба мен ақпарат ұсыну туралы тапсырма береді. Өз кезегінде М.Қайырғалиев сол кезде елдегі күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты алдын ала ескертіп келуі туралы айтқанын жеткізеді.

Содан Медет Мырзаш шағым иесінің құқығы шектелмегендігін, заң талаптары бұзылмағандығын келтіріп, «М.Қайырғалиев пен округ әкімі аппаратының бас маманы М.Айнұрдың жауапкершілігін қарауға негіз жоқ» деген мәтінде жауап жазады. М.Мырзаш өз түсініктемесінде жоғарыда аталған жауап ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің қарау тәртібі туралы» заңының талаптарына сәйкес берілгендігін көрсеткен.

Арыз иесі М. Қожахметов бұл жауапқа да келіспей, Сырым ауданының әкімі Т.Төреғалиевке тағы да арыз жазып, өзі кінәлі деп есептейтін лауазым иелерін жауапқа тартуды талап етеді. Осы жерде аудан әкімінің бас мамандары шағым иесіне бір-біріне қарама-қайшы келетін жауаптар дайындаған. Бірінші азат жолда шағымға байланысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілер әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын келтірсе, екіншісінде мемқызметшілер тарапынан заңсыздыққа жол берілмегенін жеткізген. Осы орайда Сырым ауданы әкімінің орынбасары А.Сарқұловтың, аудан әкімі аппараты жалпы бөлімінің басшысы М.Хасановтың, аудан әкімі аппаратының бас инспекторлары Ж.Бектемірдің, Е.Өтеповтің, Қ.Ишанғалиевтің және А.Қуанаевтың тараптарынан «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 50-бабы 1-тармағы 7-тармақшасымен көзделген міндеттердің орындалмағаны анықталған. Яғни олар жеке және заңды тұлғаларға анық емес, толық емес ақпаратты ұсынған.

Сондай-ақ жиында арыз иесі Жымпиты ауылының тұрғыны М.Қожахметов туралы да мәлімет берілді. Аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұловтың айтуынша, 2020 жылы аудан әкімдігі аппаратына 539 арыз түссе, соның 85-інің авторы осы М.Қожахметов екен. Ал былтыр түскен 471 арыздың 119-ын да сол кісі жазған. Сөйте тұра, мемқызметте тұрғындар тарапынан жазылған арыз-шағымға бейжай қарауға мүлдем болмайды. Кеңес мүшелері өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жоғарыда есімі аталған мемқызметшілердің  тәртіптік жауапкершілігін қарауды Сырым ауданы әкіміне жолдады. Шешімді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев шығаратын болады.

Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген келесі мәселе – облыстағы ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауда бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау мәселесі болатын. Былтыр облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы мен кәсіпкерлер бірлесе отырып, мемлекеттің қаржысын жымқырды деген күдікпен тергеуге алынған. Олар күн панельдерінің жиынтықтарын сатып алу үшін 14 шаруа қожалығына бөлінген жалпы мөлшері 33 млн теңгені жымқырды деген айыппен тергелуде. Кеңес мүшелері тергеу аяқталып, айыптау үкімі шыққаннан кейін бұл іске қатысы бар мемқызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тартуды қарастыратын  болды.

Жиында мемлекеттік құрылымдардың жеке мүлкіне нұқсан келтіріп, материалдық жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілер туралы да айтылды. Былтыр мемқұрылымға нұқсан келтіргені туралы төрт дерек анықталып, мемлекеттік бюджеттен  66 065 235 теңге жұмсалғаны белгілі болған. Солардың бірі - «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-да орын алған. «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ директорының орынбасары Т.Ахмадиев пен осы АҚ-ның сенімді басқарушысы – «Энергетическая компания Qazaq Energy» ЖШС-ның директоры Е.Әріпжанов алдын ала сөз байласып, аутокөлікке қосалқы бөлшектерді жеткізу бойынша жалған актілерге қол қойған. Сол арқылы 60 733 752 теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырған.  Тергеу барысында аталған лауазым  иелері келтірілген шығын толықтай өтелген. Орал қалалық сотының үкімімен Т.Ахмадиев пен Е.Әріпжанов ҚР  Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оларға 7 жыл бас бостандығын шектеу бойынша жаза тағайындалған.

Кеңес отырысында жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері талқыланып, мемлекеттік меншікті қорғау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша іс-шараны күшейту қажеттігі айтылды.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале