БҚО ауыл шаруашылығы басшысының орынбасары Берік Ситказиев БАҚ қызметкерлеріне арналған брифингте маусымдық жұмысты жүргізу үшін диқандарды арзандатылған дизель отынымен қамтылуы жайына тоқталды.
- Биыл біздің облысқа Атырау мұнай өңдеу зауытынан егіс жұмысына 8,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оны «Нефтек» серіктестігі елге жеткізеді. Жанар-жағармайдың 1 литрінің бағасы 238 теңге. Бұл республика бойынша төмен бағалардың бірі, – деді Берік Маратұлы.
Бүгінде шаруалар 7,1 мың тонна дизель отынына оператормен келісімшартқа отырған. Бұл бөлінген көлемнің 84% құрайды. Дегенмен, дизель отынының алынуы төмен, қазіргі таңда тек 1,9 мың тоннасы алынды. Атап кететін тағы бір жайт дизель көлемі шаруалардың өздері ұсынған өтінімдері бойынша электронды түрдеқалыптастырылған. Диқандарды қажетті жанар жағармаймен қамту жұмысты жалғасып жатыр.
Одан бөлек жиында Берік Ситказиев мемлекеттік қолдау шаралары туралы да сөз қозғады. Сөзінше, өсімдік шаруашылығына қызмет көрсетуді субсидиялау бағдарламаларына қомақты қаржы бөлінген.
- Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 284,3 млн теңге, тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 359,1 млн теңге, пестицидтердің құнын субсидиялауға 189 млн теңге, басым дақылдар өндірісін дамытуды субсидиялауға 495 млн теңге, суармалы су беру қызметтерінің құнын субсидиялау үшін 37,1 млн теңге қарастырылды, – деді Берік Ситказиев.
Жыл басынан бері шаруаларға 230 млн. теңге субсидия төленді. Оның 190 млн.теңгесі өткен жылдың ақпан айында резервке түскен өтінімдер негізінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге төленген.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz